БАСТЫ > 

 
 
 
АҚ БАТА ЖАРЫСЫ КӨПШІЛІКТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ 20.09.2016


        Ащыбұлақ ауылдық округіндегі қоғамдық кеңес төрағалары Р.Бақтыбаев пен Т.Маханов және округ әкімшілік аппаратының мұрындық болуымен биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ата-ана тәрбиесіндегі ақ батаның рөлін арттыру мақсатында Жәпек батыр ауылындағы №4 орта мектептің акт залында «Тәуелсіз елге ақ бата» атты бата беру сайысы болып өтті. Тұғырлы еліміздің Тәуелсіздік күніне орайластырылған бұл іс-шараға шаһарымыздың мешіт жамағаттары, еңкейген ақсақалдардан бастап, ақ аналарға дейін қатысып, өз бағын сынап көрді. Жарыстың шарты бойынша бата беру өнері оның киім киісі, қол жаю мәдениеті, дауыс ырғағы, батасының мазмұнымен бағаланды.
Жарысқа Алматы облысы бойынша ақ бата берудің жеңімпазы, ардагер ұстаз Б.Жұмабек, жергілікті жазушы А.Кірқабақов, ақын Н.Махмудхан төрелік етті.
Әділқазылар шешімі бойынша, І-орынды Төле би ауылынан келген Қ.Қылышбаев, ІІ-орынды Жапек батыр ауылының тұрғыны П.Жаппарбергенов, ІІІ-орын Қазыбек би ықшам ауданының тұрғыны Б.Жәнібеков жеңіп алды.
Жарыс жеңімпаздарына қазақы дәстүрге сай иығына зерлі шапан жабылды. Ал қатысушылардың барлығы ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Дәстүрімізге қабыса біріккен, айқара ұштасқан тұсы қазақтың бата беру дәстүрі екендігі талассыз шындық. Ақ бата - ұлтымыз үшін баға жетпес сөз асылы. Ал сөз - адамзаттың тарихындағы ұлы да құдіретті күш. Адал жанын, бар болмысын, өткені мен бүгінін, ертеңі мен ақыретін батамен байланыстырған қазақ халқымыз қашан да ақ батаны қастерлеп, оның сөздеріне сүттей ұйыған, бүтіндей болмысын, мінезін, ақ пейілін сол батаның ішіне сыйғызған.
Ақ бата - қазақ халқы үшін - ой, ниет, тілек, істің жиынтығы, барлық наным-сенімнің бірлігі. Бүгінгі бата беру сайысы көпшіліктің қызығушылығын, құлшынысын арттырды деген сенімдеміз.
Жиын соңында Жұмабек ақсақалдың арынды батасын алып көпшілік тарқасты.