Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге аса маңызды мәселелердің бірі мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесін халық талқылауына ұсынды. Бұл - Тәуелсіз Қазақстан дамуының жаңа белесі басталған маңызды кезеңдегі тағы бір тарихи оқиға деп білемін. Бұл Үндеу бүгінгі қалыптасқан мемлекетіміздің және келер ұрпақтың болашағына жасалған нақты қадам. Егемендік алған күннен бастап Елбасының сарабдал саясатымен Президенттік басқару жүйесінің арқасында өзіміздің даму жолымызды қалыптастыра отырып, биік белестерді бағындырып, мол табыстарға жеттік. Өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Заман тыныштығын берсе, бүгінгі дағдарыстан да шығармыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден де қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шадыман тұрмыс, шат тірлік орнар» деп тебіренген болатын. Шүкір дейміз, ширек ғасырда біздің елімізді әлем таныды. Алыс-жақын шетелді қойып, құрлық асып, өзге елдермен терезесі тең, керегесі кең, биік мінберлерден аталы сөз айтып, сабырға шақырар, ақыл қосып, санасар мемлекетке айналдық. Үздіксіз дамуды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік басқаруды жаңғырту туралы көтерілген бастама Елбасының көреген саясатының нәтижесі екені сөзсіз. Қазақстан дамудың жаңа сатысына қадам басты. Елбасының мемлекеттік биліктің өкілеттіктерін қайта бөлуге қатысты жасаған Үндеуі - соны айғақтайды. Бұл - ел үшін маңызды шешім. Сол үшін тұрғындарға саяси бетбұрыстың мәнін терең түсіндіру қажет. Қазақстан ширек ғасырдың ішінде бүкіл әлемге қуатты, дамыған, ынтымағы жарасқан мемлекет ретінде танылды. Президенттің мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі жөнінде Үндеуі - демократиялық қағидаларға қаншалықты мән берілетінінің көрінісі. Елбасы өзінің Үндеуінде Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілетінін айтты. Яғни, бұл салаларға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер жауап беретін болады. Ал өкілеттіктерді беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асады.
Ұсынылып отырған реформа шеңберінде Парламенттің рөлі күшейіп, Үкіметтің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігі артпақ. Елдің, экономиканың дамуына кәсіпорын мамандары өз үлесін қосуға дайын. Бұл Үндеу – еліміз үшін, болашағымыз үшін өте маңызды қадам деп білемін.
|