Қазақстан – Ұлы дала елі. Сондықтан біздің рухымыз биік, мәдениетіміз жоғары және санамыз да ерекше дамыған. Алайда соңғы екі жарым ғасырдың ішінде сол құндылықтарымыз көлеңкеде қалып келді. Тәуелсіздік алған күннен бастап, біз оны жаңғыртуға көп күш жұмсадық. Енді бұл бағыттағы жауапкершіліктің салмағы артып, ұлттық санамызды қайта түлететін кез жетті. Елбасы: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы арқылы барша қазақстандықтарды осы жолда күш біріктіруге шақырып отыр. Тарихи санамызды жаңғырту арқылы біз мемлекетіміздің іргетасын бекітеміз. Түптеп келгенде, мұның бәрі байтақ даламызды сақтап, келешек ұрпаққа бәсекеге қабілетті, дамыған Қазақстанды көркейту үшін жасалып отыр. Елбасымыз өз мақаласында тарихи жағдайларға ерекше мән берген. Мақаланың өзегін құраған 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу міндетінің күн тәртібіне қойылуы рухани жаңғыруды жүзеге асырудың төте жолы.
Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай көтеріліп келеді. 2006 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», — деген еді.
Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар бар. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп білеміз. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. Сондықтан да болар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз орыс тіліне қарсы емеспіз, біз оның қазақтар арасына қалай енгізілгеніне келіспейміз» деген сөзі көңілге көп ой салады. Себебі бұл сөз тілінің болашағын ойлаған тіл мамандары мен тілге жанашыр зиялы қауымның көкейіндегі ойды дөп басқандай. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғи әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.
Жазу — барлық халыққа ортақ, мәдениетті жалғастырушы, байланыстырушы құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады.
Бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауына қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан әліпби мен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн. Жазу мен әліпби мәселесі бір-бірімен тығыз байланысты болады. Алдымен әр тілдің дыбыс қорын анықтап, содан кейін әр дыбысты әріптермен таңбалау қажет. Жазбаша тілді ауызша тілдің графикалық бейнесі деуге болады. Жазудың қандай түрі болмасын белгілі бір таңбалар арқылы жасалады.
Елбасы өз Жолдауында «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» - деп атап көрсеткен болатын.
Әліпбиді латынмен алмастырғанда ұтатынымыз , бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі тілдес халықтармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуімізге жол ашады.


Латын әліпбиіне көшу – Қазақстан үшін өте керекті дүние. Бұл бір күнде болатын дүние емес, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес жүріп жатыр. Бұл біріншіден жастарымыздың болашақта дамуына үлкен септігін тигізеді. Бұл қоғамның әлемдегі ең дамыған ғылымға, әдебиетке жақындауына өз үлесін тигізеді деп ойлаймын.
2017 жылдың 13 қыркүйегінде Талдықорған қаласындағы «Тіл» сарайында Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі жаңғыру – жазудан басталады» атты жиын өтті. Жиынды басқарма басшысы А.Башбаев кіріспе сөзбен ашып,жиын Парламенттік тыңдалымнан кейінгі талқылау екендігін атап өтті. Жиынға Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Н. Әбдірахым, ҚР Халықтар Ассамблеясының хатшы-меңгерушісі Ғ.Тұрсынбайұлы сөз сөйлеп,аталған шараға қатысты пікірлерімен бөлісті.
Жиында сөз алған облыстық газеттің өкілі жобаны қолдайтынын білдіріп, қазірден бастап дайындық жұмысын жүргізу керектігін ұсынды. Сонымен бірге латын графикасын енгізгенде қазақтың төл дыбыстарын жоғалтып алмауымыз керек деген пікірін жеткізді. Аталған жоба бойынша ұсыныс болған жағдайда «Жетісу» газетіне жариялайтынына уәде берді.
Жиында жергілікті жерлерде өзге ұлт өкілдері арасында да түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін айтып өтіп, латын әліпбиіне өтуге байланысты 2018-2019 жылдары орталық оқытушыларына, мұғалімдерге оқыту курстарын ұйымдастыру үшін қаржы қарастырылатыны жайлы сөз қозғады
Б. КАРШАЛОВА
Алматы облыстық
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының
Іле аудандық филиалының директоры
|