БАСТЫ > 

 
 
 
МАҚСАТ - ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТУ 19.09.2016


        Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылғы «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасында ел экономикасын көтеру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы іс-шаралар қадап айтылған. Әсіресе еңбекке қабілетті адамдарды жұмысқа бейімдеп, оларды әр түрлі мамандыққа бейімдеу арқылы жұмыссыздықты жою жайында мемлекет көлемінде атқарылатын нақты істерге көңіл бөлінген. Атап айтқанда Ұлт жоспарының 84 қадамында әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру мәселесі айтылған. Сөзімізді нақтыласақ, әлеуметтік көмектің тек оған зәру азаматтарға оларды еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында берілетіндігіне назар аударылған. Осыған орай біз Іле аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Әйтенова Жұмагүл Смайлқызын әңгімеге тартқан едік.
- Жұмагүл Смайлқызы! «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағадарламасының біздің ауданда жүзеге асырылуы жайына тоқталып өтсеңіз. Қалай дегенмен де, аталмыш бағдарламаны оқып шығу бір басқа да, оның іс жүзінде жүзеге асырылуы басқаша.
- Баршамызға белгіл, Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылдың 16 наурызында «Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің 2016 жылға арналған республикалық бюджеттен «Өрлеу» жобасы бойынша шартты ақшалай көмекті ендіруге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидаларын бекіту туралы» қаулысы қабылданған болатын.
Осыған байланысты 2016 жылдың 19 ақпанында біз жергілікті округтік әкімдерінің қатысуымен оқыту семинарларын өткізіп, «Өрлеу» жобасын оларға кеңінен түсіндірдік. Сондай-ақ, мамыр айында Байсерке ауылында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру орталығы өкілдерінің қатысуымен атаулы әлеуметтік көмек көрсету және «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламаларын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халыққа қызмет көрсету орталығының шоғырландырушы тобының қатысуымен дәл осындай түсіндірме жұмыстары ауданның 27 елді мекенінде өткізілді. Жалпы аудан бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына 627 адам қамтылды. Бұл іске Күрті, Қараой, Жетіген ауылдық округтерінің мамандары белсене қатысты.
Негізінен «Өрлеу» жобасы кедейліктің тұсауынан шығуға шамасы жететін, бірақ сол мүмкіндіктерін жүзеге асыруда көмекті қажет ететін топ мүшелеріне бағытталған. «Өрлеу» жобасы аясында Шартты ақшалай көмек (бұдан әрі – ШАК) жан басына шаққандағы айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (2016 жылдың 1 қаңтарынан 22859 теңге көлемінде) 60 пайызынан төменгі отбасыларға төленеді. Бұл дегеніміз - ШАК алуға құқылы адамдар саны атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алушылар санынан әлдеқайда асып түседі дегенді білдіреді. Соған қоса, жоба көмектің белсенді түрін көрсетеді. Яғни, отбасының жан басына шаққандағы табысы мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы айырмашылығынан құралатын ақшалай көмекті алу үшін, отбасы осы жобаға қатысудың шарты болып табылатын міндеттемелерді өз мойынына алады.
Пилоттық енгізу барысында «Өрлеу» жобасына тұрмысы төмен отбасылар ерікті түрде қатыса алады. Алайда, отбасы «Өрлеу» жобасынан бас тартқан жағдайда әлеуметтік қолдаудың ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызы көлемінде ғана алатын болады. Бұл әлеуметтік келісім шарт арқылы тағайындалатын көмек мөлшерінен әлеқайда төмен. Осылай, еліміздің барлық тұрғындары әлдеқайда төмен деңгейде болса да белгілі бір көмекті кепілді түрде ала алады.
Отбасының белсенділігін арттыру келісім шарттарын енгізу ақшалай көмектің шарттастық түсінігі қоғамды дамытуға және «кедейлік тұзақтарын» жеңуге қажет. Бұл еңбек нарығында белсенділік танытуға ұмтылмай, әлеуметтік көмекті қанағат тұтатын отбасыларға тән.
Отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру келісім-шарты олардың осы бағытта саналы түрде әрекет етуіне түрткі болады. Сонымен қатар өздерінің экономикалық және әлеуметтік ахуалдарын жақсартуға себеп болады.
Тұрмысы төмен отбасыларға берілетін ақшалай көмектің келесідей түрлері бар:
а) Ақшалай, яғни ай сайынға тұрақты немесе бір мәртелік үш айға үміткердің өтініші бойынша төленетін төлемдер;
б) Отбасынаң қиын жағдайдан шығуына себеп болатын әлеуметтік қызметтер: мұнда келісім-шартты әлеуметтік тұрғыдан қолдап оқыту және қайта оқыту қызметтері және халықты әлеуметтік қорғау саласы аясында арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету сияқты шаралар кіреді.
6 ай ішінде үнемі жәрдемақы төлеу отбасының қиын тұрмыс жағдайын жеңілдету мақсатында және бұрын-соңды жұмыс істемеген отбасы мүшелерінің жаңа өмірге бейімделуіне, оқуына, не қайта оқуына және жұмысқа орналасуына бағытталған.
Жеке қосалқы шаруашылық жүйесі дамыған ауыл мен шағын қала тұрғындары бұл көмекті өз жерлерін қайта қалыпқа келтіріп оны тиімді пайдалануға, тұқым, сайман сатып алу немесе қолда бар техниканы жөндеуге, мал, төл немесе құс сатып алу, өз жеке шаруашылығынан шыққан өнімді ұжымды түрде өткізуді ұйымдастыру және оны тұтынушыларға жеткізу үшін пайдалана алады.
ШАК бағдарламасы әлеуметтік көмектің жаңа түрі болып табылады. Сондықтан, оны жүзеге асыру үшін жаңа рөлдер пайда болды. Ауылдық өңір әкімі-өтініш берушілермен сұхбат жүргізеді. Қажетті құжаттарды жинақтап, оларды учаскелік комиссияға тапсырады. Учаскелік комиссиядан алынған тексеру актісін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсырады. Одан тыс, ауылдық өңір әкімі өз елді мекеніндегі белсенді азаматтарды «Өрлеу» жобасына көмекші ретінде ұсынады.
Жұмыспен қамтамасыз ету және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің қызметкері - мемлекеттік ақпараттық жүйелерге сауал жібереді, өтініш берушілерді жұмыспен қамту орталықтарына бағыштап, жергілікті бюджет тарапынан қаржыландыратын жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі шараларға жолдама береді. ШАК төлемдерін тағайындау не тағайындамау туралы шешім қабылдайды және отбасының белсенділігін арттырудың келісім-шартын рәсімдейді.
Жұмыспен қамту орталығының маманы - «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасында» белгіленген өзінің негізгі қызметтерін атқарады (өтініш берушілердің жұмысқа тұру, оқу, қайта оқу немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндіктерін қарастыруға көмектеседі).
Әлеуметтік жұмыс бойынша кеңесші - оның негізгі қызметі – ШАК алатын үміткермен жұмыс істеу, үміткермен сұхбат жүргізіп, оның отбасының жағдайын бағалауға, қиындықтан шығудың түрлі амалдарын қарастыруға көмек беру, отбасының мәселелерін анықтау, «Өрлеу» жобасына қатысудың мүмкіндіктерін айқындау болып табылады.
Әлеуметтік жұмыс бойынша кеңесші «Өрлеу» жобасының қатысушыларына әлеуметтік келісім-шарттың аяғына дейін демеу көрсетеді. Сұхбат жүргізу, қажетті құжаттарды толтыруға көмек беру, жұмыс қарастыру, жалпы отбасының белсенділігін арттырудың келісім-шартындағы міндеттемелерді орындауына ықпалдасу кеңесшінің тікелей құзыретінде. Кеңесші көмекшілерден бақылау бойынша есеп беруге қажетті ақпаратты жинайды. Оның ерекше қызметтерінің бірі - халыққа әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің денсаулық сақтау, ауылшаруашылық және басқа да саладағы ұйымдардың мамандарымен өзара тығыз байланысты жұмыс істеу. Бұл мекеме мамандары да қиын жағдайға тап болған жоба қатысушыларына қажет болуы ықтимал.
Кеңесші үміткерлерге әлеуметтік қорғау, мүгедектерді қайта оңалту, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету салалары бойынша ақпарат алуына ықпал етеді. Сонымен қатар, кеңесші «Өрлеу» жобасының көмекшілерінің жұмысын үйлестіріп отырады.
«Өрлеу» жобасын кезең-кезеңмен іске қосып, оны пилоттық деңгейде жүзеге асыру жаңа түрдегі ШАК жүйесін енгізуге негіз болып табылады. Отбасының белсенділігін арттыру әлеуметтік келісім-шартын құру арқылы жүзеге асатын бұл жоба республика тұрғындарын әлеуметтік қорғауды тәжірибе жүзінде іске асырады.