Басты
 

 
 
 
АУЛАСЫ ЖҰПАР ИІСІ АҢҚЫҒАН АУЫЛ МЕШІТІ 19.08.2016

 

        М. Түймебаев ауылының дәл ортасында орын теуіп, көпшілікті бірлік пен берік иманға шақырып тұрған ең әдемі ауласы бар мешіттің бас имамы Ариф Алиев өзінің шағын гүлзар бағы туралы «Мешіт ауласындағы түрлі-түсті гүлдер мен үшін қазақстандағы тұрып жатқан сан алуан ұлттарды елестеді» – дейді.
Расында да мешіт ауласы шағын ғана болып көрінгенмен табалдырықтан аттаған кез-келген адам кең жәннаттың төрінен бірақ шыққандай әсер қалдырады. Есік алдынан анау төрге дейін кәдімгі петуниядан бастап, раушанның бірнеше түрі, адам бойындай биік гибискус, будлея гүлдері жайнап тұр. Көрген адамның көңіліне қуаныш әкеледі.
- Ариф ұстаз, аудан көлемінде өзінің керемет гүлзарымен танымал мешіттің бүгінгі күні атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып өтіңізші.
Адам баласында білім мен түсінік қатар жүріп тұруы керек. Дәл осы екі тізгінді біздің мешіт өз жамағатының жүрек түбіне өз әлі келгенше Алланың қалауымен құйып жатыр. Әр жұмада өзіміздің жоспарымыз бойынша берілген тақырыпты кеңінен қозғап, өзекті тұстарын хадиспен қасиетті құранмен дәлелдер келтіре отырып, тафсирлеп береміз. Ауылымыз аралас ұлттардан құралғандықтан қазақ және орыс тілдерінде түсіндіріліп отырады.
Біз көп дүниені білгенмен оны терең оқып, зерттей алмаймыз. Дәл осы олқылықтың орнын мешіт толтырады. Осы мешіттің имамы ретінде мен өз жамағатымды жақын білуге тырысамын. Олардың жай-күйін, қуанышын, қайғысына қашанда ортақтасып отырамыз. Егер мен осы мәселеде ада болсам, онда менің имамдық қасиетім қайда қалады. Қазақстан халқының қай-қайсысын алмасақ та адамгершілігі мол ғой. Сый-құрмет деген асып-тасып жатыр. Кейде осы қазақ жерінде тұрып жатқаныма шын жүректен қуанып алғыс айтамын. Қазақта жақсы сөз бар ғой «Көршің соқыр болса, көзіңді қысып отыр» - дегендей біз де бойымызға жомарттық, дархандық қасиетті қалыптастырдық. Кез-келген қазақтың есігін қақсаң, ол сенімен бір үзім наны мен қара шайымен бөлісуге даяр. Бұл көп елдерде кездесе бермейді. Мен көптеген мемлекеттерде болдым. Дәл біздің қазақтай жомарт халқы барлар бірен-саран.
Сондықтан мешітте атқарылып жатқан әрбір ісіміз жомартыққа боялған. Бірде-бір ретте болса да мешітке деген кереғар пікірді естімедім. Мешіт ауласында берілетін Құрбан айт және Ораза айт мерекелерінде бір адамдай бірігіп кетеміз. Жергілікті әкімшіліктегілеріміз бар. Округтен сайланып отырған аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, ақсақалдар кеңесі, орта мектеп директорлары барлығымыз бір үйдің баласындай азан-қазан қылып берекесін кіргізіп, шат-шадыман тарқаймыз. Көмек сұрап келгендерге немесе әлеуметтік жағдай төмен отбасыларына қол ұшын беруде ешкімнен кейін қалған емеспіз.

 

 


- Ислам тану дәрістері өтіп тұра ма?
Иә, міндетті түрде жаз айларында дәстүрлі түрде ауыл балаларына арналып, дін сабақтарын өткіземіз. Олар ол жерде құран оқуды үйреніп шығады. Ілім қашанда аздық етеді ғой. Осыған орай бізде ересектер де келіп оқиды. Сонымен қатар ұлдар және қыздар оқитын бөлмелер бар. Алған ілім-білімдерді жақсы іске арнап, тәрбиеге ден қою арқылы мешітке келушілердің өмірінің сапасын арттырамыз. Қазір ауламызға әйелдер намазханасын салып жатырмыз.
Мешіттің айналасын абаттандыруға көп қаржы кете ме?
Жоқ, ең бастысы адамның ынтасы болса сол-ақ жетеді. Бізде Жанполад Османов деген ағамыз мешітіміздің жамағаты. Ол осы жерге барлық күш-жігерін жұмсап, жыл сайын гүлдердің сандарын артырып, бағып-қағып отырады. Жүзге жуық гүлдің түрлері бар. Олардың өсіп-өнуі және жайқалуы бақташыға байланысты. Егер осы гүлдердің біреуіне көбірек су құйып, екіншісіне мән берілмесе, ол суалып қурап қалатынын жақсы білеміз. Сол сияқты біздің елде де әр этносқа деген көзқарас бірдей. Бір-бірін кемсітіп жатқан жоқ .Егер кемсітсе дәл жаңағы су құйылмаған гүлдей болар еді. Ал оның арғы жағы жақсылыққа әкеп соқпас еді ғой. Біздің Елбасымыз Н. Назарбаевтың да сындарлы саясаты дәл осы бірегейлікті, біркелкілікті меңзейді. Ынтымақты ту етіп берекемізді кіргізіп отыр емес пе?!
- Жамағатқа деген жүрекжарды тілегіңіз...
- Жер бетінде тыныштық болсын! Халқымызды шетелдерде орын алып жатқан қайғы-қасірет айналып өтсін. Бауырластық қасиетіміз артып, Алла әр күні жасаған дұға, тілектерімізді қабыл алып, әр отбасында береке-бірлік арта берсін дегім келеді.
- Сұхбатыңызға рахмет Ариф ұстаз!
Бұл мешітте бізді қызықтырғаны ауласындағы гүлзар бақ болды. Олар оны күтіп-баптап, мешітті кішігірім саябаққа ұқсатып қойған. Мешіт ауласында отырғанда күн сәулесіне шомылған сан алуан гүлдердің жұпар иісі мұрныңды қытықтап, көңіліңді сергітеді. Ауыр ойдан арылтады. Жоғарыда айтып өткен Жанполад ағамыз ешқандай ақы алмастан Алланың разылығы үшін жұмыс жасайды екен. Ол өз сөзінде: «Адам алдымен өзі түзелуі керек. Бір адам түзелсе әлем де түзеледі ғой. Исламда тазалық пен қатар әдемілік сұлулық қатар жүреді. Сұлу болу ол сүннет қой. Ислам оны толық құптайды», - дейді.