Өткен аптада ауданымызға қонақ болып келген, бәрімізге белгілі қоғам қайраткері Дос Көшіммен кездесу барысындағы толғамды ойлар мен толағай ұсыныстардан ықшамданып алынды. Онда бір тектілік, қазақ тарихы мен тілінің қазіргі қоғамдағы орны қандай болу керектігі жайлы терең әңгіме қозғалды. Оған аудандық мәслихат хатшысы Р.Абилова, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, округ әкімдері, мәдениет қызметкерлері, мектеп директорлары мен жергілікті қауымдастық өкілдері қатысты.
- Бір тектілік дегеніміз - инкубатордан шыққан балапандай бірдей болу емес. Бұл мемлекеттік мәселеге байланысты елдің болашағына байланысты көзқарастардың бір бағытта болуы, - деп бастады өзінің сөзін саясаттанушы Көшім Досмұхамед, - яғни көзқарастардың мемлекет бағытындағы жарасымдылығы «Қазақстан - 2050» Стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, озық 30 елдің қатарына қосылу – мұның бәрі Мәңгілік ел болу жолындағы сабақтастық.
«Мәңгілік Ел» – қазіргі ұрпақтың тарихи миссиясы, келешек алдындағы жауапкершілік. Бұл бағдарламаға байланысты кейбір мәселелер таласқа да түсті. Дегенмен біртектілік – бәріміздің бір ел болуымыз. Елдің болашағына деген көзқарасымыз, пікірлеріміздің бір жерден шығуы. Саяси азаматтық тұрғыдағы басты мәселе – біртектілік. Отанға, жерге, мәдениетке, тарихқа деген көзқарасымыздың бір жерден шығуы, бірге болуы.
Бір тектілікті жасайтын 4 фактор бар. Біріншісі дін, мәдениет, тіл және тарих. Осының ішінде біртектілікті орната алатын ең маңыздысы тіл. Егер қазақ тілінің қолданысын саяси дәрежеде әрі тұрмыстық жағдайда кеңейтсек, еліміздегі барлық ұлттың көксейтіні де бір болмақ. Екіншісі қазақтың тарихы неге өзге ұлттар біз сияқты 16 желоқсанды тойламайды. Неге сол күні желтоқсаншылардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып қайғымызға ортақтаспайды? Мұны мен басқа ұлт өкілдерінің тарихымызды бойлай түсінбегендіктерінен, оған немқұрайды шолу жасайтындығынан деп түсінемін.
Ал, қазақ тілі туралы айтқан-жазғандарымыз көлемі жағынан «Гиннесс рекордтар кітабынан» орын алатын деңгейге жеткен сияқты. Әлі де айтамыз... Дегенмен осы әңгімелердің ішінде зарлау, жоқтау, өкініш пен ыңырсу жағы басым да, мәселені нақты шешу жолдары, оның тәсілдері тым аз. Бұл – сол жолдарды білмеу ме, әлде сол тәсілдердің іске асуына сенбеу ме, ол жағын білмеймін, бірақ қазақ тілін қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істейтін дәрежеге жеткізудің тағы бір қырын, халықаралық тәжірибеде өзінің тиімділігін дәлелдеген жолын көрсету артық болмас деп ойлаймын.
Жоғарыдағы қазақ тілі туралы айтыс-тартыстар мен саналы талқылаулардың тірелетін жері біреу-ақ екенін барлығымыз түсінген сияқтымыз: Қоғамда тілге деген қажеттілік болмаса, оны ешкім де үйренбейді, үйренгені – қолданбайды, қолданғаны – (қажеттілік болмағаннан кейін) тастап кетеді. Мың жерден тілдерді дамыту орталықтарын ашайық, қазақ тілін меңгерген басқа ұлт өкілдерінің арасында жарыстар өткізіп, сыйлықтар берейік, славян тектес азаматтарды қазақ тілді хабарлардың жүргізушісі етіп тағайындайық, 2020 жылы республикадағы азаматтардың 90 пайызы қазақ тілін білу керек деген үкім шығарайық, «он бес жылда аюды да үйретуге болады (Н. Назарбаев)» деп орыс тілділердің шамына тиелік, «100 қазақ отырған жерде 5 орыс отырса, біз орысша сөйлейтін сорлы халықпыз ғой (Н.Назарбаев)» деп қазақты қайрайық – ешқандай нәтижеге жетпейміз. Себебі – қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік жоқ.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тілге деген қажеттілік екі жолмен ғана жасалады:
Біріншісі – құқықтық, заңдық жолмен тілге деген қажеттіліктің жасалуы. Мемлекет белгілі бір заңдар арқылы мемлекеттік тілге деген қажеттілікті тудырады. Ол заңдарда мемлекеттік тілді меңгермеген жандарды белгілі бір қызмет түріне қабылдамау сияқты талаптардан бастап, мемлекеттік тілді қате жазған жарнама берушіге қомақты айып салуға дейінгі баптар болады. Қысқасы, азаматтардың екі аяқтарын бір етікке тыға отырып, мемлекеттік тілді білмеген адамдардың тіршілік ауқымын тарылтады, оларды мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлейді. Мұндай талаптар өркениетті елдердің «Мемлекеттік тіл туралы» заңдарының барлығында бар. Демек, бұл жол – заң арқылы тілге қажеттілік жасау жолы – жақын арада жүзеге аспайтын мақсат.
Енді екінші жолға, екінші тәсілге келейік. Кейде мен бұл тәсілді – «Прибалтика тәсілі» деп те атаймын. «Прибалтика тәсілі» бойынша қазақ тіліне деген қажеттілікті қазақ тілді азаматтардың өздері жасайды. 90-жылдардың басында Латвия, Литва және Эстония мемлекеттеріндегі орыстілді тұрғындар жергілікті халықтың тілін – мемлекеттік статус алған тілді – мойындамай, Кеңес өкіметі кезіндегідей, басқалардың орыс тілінде сөйлеуін талап етуін тоқтатпады. Мемлекеттік тілді білуді, үйренуді керек етпеді. Бұл елдерде де біздердегі сияқты, алғашқы кезеңде «бұл – сенің мемлекетіңнің тілі, оны білу, қолдану – сенің парызың» деген сияқты ақыл-кеңестер, жұмсақтап айтулар болды. Алайда орыс тілді азаматтар «өзгелермен түсінісу үшін мен олардың тілін білуге тиісті емеспін, менімен түсінісу үшін басқалар менің тілімді білсін!» деген шовинистік, ұстанымнан айырғылары келмеді. Ұзын сөздің қысқасы, осы «прибалтика тәсілі» арқылы жергілікті ұлт өкілдері аз уақыттың ішінде өздерінің ұлттық тілін - мемлекеттік тілді - тірілтіп алды. Осы елдердегі кейбір орыстілді ұйымдар алғашқыда айқай-шу шығарды, кейін «біздер көшіп кетеміз!» деп қорқытты «Ойбай, кетпеңдер, сендер кетсеңдер, біз қараң қаламыз!» деген бір де бір пікір айтылған жоқ... Қысқасы, бұл қоқан-лоққыға көңіл бөлген адам болған жоқ. Алайда, орыс тілінде сөйлеу үшін Прибалтика елдеріндегі жақсы жағдайларын тастап, сол уақыттағы қирап жатқан Ресейге көшкендері де шамалы болды. Көпшілігі жергілікті тілді білмейінше өмір сүре алмайтындарын жақсы түсініп, өз қалталарынан ақша төлеп мемлекеттік тілді оқып алды, балаларын латыш, эстон тіліндегі мектептерге бере бастады.
Мен қазақ тілді азаматтарға осы тәсілді ұсынамын. Қазақ тілін сақтаудың, дамытудың, қоғамда тілдік қажеттілікті тудырудың жалғыз жолы – мәдениетті, адам құқығын толық сақтайтын жолы да осы деп білемін – деп аяқтады сөзін сарабдал саясаткер Досмұхамед Көшім.
Саясеткердің сөзіне қарасақ, мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеруде елімізде ешқандай кедергінің жоқтығына көзіміз әбден жетті. Мысалы жер атауы мен көше атауына келгенде біріктіріп, бір күнде бүкіл қазақ жеріндегі тілімізге түрпідей тиетін жер мен көше атауларын жаңарта салуында ұсынды. Ол әрі тиімді әрі арзанға түседі дегенді келтірді. «Закусочная» мен «Шәйнама» сынды аудармаларды ауыр мысқылмен де қатты сынға алды. Ердің сөзіне елең етер ел табылса кәні.
|