БАСТЫ > 

 
 
АҚПАННЫҢ АҚ ТАҢЫН ЖЫРМЕН АШҚАН 19.02.2018

                      

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында аудандық ішкі саясат басшысы С.Жарқынбековтың ұйымдастыруымен «Менің Мұқағалиым» атты аудан көлемінде ақиық ақын М. Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқитын мектеп оқушылары мен ұстаздары арасында жыр мүшәйрасы өтті.

Мүшәйраның негізгі мақсаты Ұлттың ұлы мұраты – Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің, сондай-ақ рухани құндылықтарды жаңғыртудың маңыздылығын көпшіліктің, жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы оларды Отансүйгіштікке, елжандылыққа бағыттау. Шығармашыл жастардың өнеріне қолдау көрсете отырып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өлең құдіреті арқылы қазақ тілінің мәртебесін көтеру болып табылды.

Мүшәйра арқылы ауданымызға қарасты оқу орындарының жас ақындарын жыр додасында өз бақтарын сынауға шақырып, нәтижесінде 14 үміткер қатысты. Жыр мүшәйрасын аудан көлемінде атап өтіп келе жатқанмызға 10 жыл толса, №12 орта мектептің негізі қаланғанына да осыншама уақыт болды.

Осыған орай аудандық ішкі саясат бөлімі қос мерейтойдың құрметіне он жыл бойы жыр мүшәйрасының жеңімпаздарына арнайы сыйлық табыстады. Жылдар бойы «Менің Мұқағалиым» жыр кешінен орақ тілді небір дүлдүлдер шығып, асқақ рух пен терең сезімге тұнып тұрған нәзік те намысты жырларымен талайды тамсандырды.

           Іс-шараның барысы бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С. Жарқынбеков бастаған қазылар алқасы баға берді. Сахнаға кезекпен шығып, өлеңдерін оқыған жас ақындарымыздың көкірегінен шыққан жыр жолдары жырсүйер қауымның жүрегінен орын алып, нәтижесінде қазылар алқасының шешімі бойынша үшінші орын №4 орта мектептің ұстазы Мөлдір Нұржаубаева мен №14 орта мектеп ұстазы Бағжан Оразқызы, №39 мектеп-гимназия оқушысы Балжан Мұратбековаларға берілсе, екінші орын №3 орта мектептің ұстазы Ақнұр Бақытқызы мен №48 орта мектептің шәкірті Арай Смағұлға тиесілі болды. Өлең бәйгесінің бірінші орынын №48 орта мектептен Ғабит Нұсқабай, ал «Бас жүлдені» №12 орта мектептің оқушысы Абат Юлдашев еншілеп, жеңімпаз атанды. Қалған қатысушыларға әртүрлі номинациялар беріліп, барлық қатысушы үміткерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.