БАСТЫ > 

 
 
 
ЖҰЛДЫЗДАРЫҢЫЗ ЖАРҚЫРАП ЖАНА БЕРСІН 18.11.2016

       

Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Төрткен Кененқызының 80 жасқа толуына орай, «25 мәдени жарқын іс» акциясы аясында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық Әлібек Нұрқожа атындағы халық ансамблі және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен марқұм Әлібек ағамыздың кіндік қаны тамған жері Есік қаласында «Ән жырым саған - Тәуелсіздік» атты концертін өткізді.
Концерт барысында Іле аудандық кітапханасының «Еңбекпен есейіп, өнегемен көркейген» атты слайды көрсетіліп, Төрткен Кененқызының кітаптарын насихаттау мақсатында, кітап көрмесі ұйымдастырылып таныстырылды.
Жергілікті ақынымыз қасиетті Іле өңіріне танымал Әлібек Нұрқожа ағамыз 1937 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Көктөбе ауылында туған. Есік қаласындағы «Молотов» атындағы орта мектепті бітірген соң, Талғар қаласындағы Механизация техникумына түсіп, оны 1959 жылы бітіріп, еңбек жолын «Түрген механизация» училищесінде мұғалімдіктен бастаған.
Міне, осы бір жылдарда Әлібек аға шығармашылыққа бел шеше кіріседі. Алатаудың бауырында орналасқан Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында мәдениет саласына үлкен серпіліс әкеледі. Ол ауыл сахнасында «Қыз Жібек» және де басқа 10 шақты спектакльдерді қойып, өзі бас рольдерді ойнаған. 1974 жылы біраз уақыт Күрті ауданында қызмет істеп, «Сарытауқым» ансамблін құруға белсене атсалысқан. Бүгінде осы ұжым сара жолға салған дәстүрінен айнымай Әлібек ағамыздың көзіндей болып, аудан және облыс көлемінде өз өнерлерін көрсетіп жүр.
Осы ансамбльдердің ең көркемі Әлібек аға көз жұмғаннан кейін, өз есімі айшықталып айтылатын Әлібек Нұрқожаев атындағы «Ақ әжелер» ансамблін мақтанышпен айтуға болады. Ағамыз көзі тірісінде құрып кеткен ансамбль, қазір барлық қоғамдық іс-шаралардан тыс қалмай белсене араласып, шағын концерттерімен ел ықыласына бөленуде.
Олар қазір «Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай» Алматы облысының 25 ауыл және кенттеріне өз репертуарларындағы халық әні «Ләтипа», «Еркем-ай», Әлібек Нұрқожаның «Талдықорған вальсі», «Ақ қала, арман қала - Астана», «Немере», «Өтеген батыр» әндерін орындап жүр.
Өткен аптада Есік қаласындағы орталық Мәдениет үйінде де осы бағытта барып, әндерін әуелете салып, билерін биледі. Есік қаласы ақын Әлібек Нұрқожаевтың туған жері ғана емес, сонымен қатар осы киелі сахнада тұрып, шынайы өнерге берілген адам ретінде көз жұмған жері. Бұл оқиға туралы өзінің «Екінші көктем» атты кітабында аудандық тілші Ә. Құрманбаеваның «Жұлдыз аққан күн» мақаласында нақты деректермен айтылған.
Ансамбльдің негізін қалаушылардың бірі асылдың сынығы, сексеннің сеңгіріне шыққан ақын. Ауданымыздың «Құрметті азаматы» Төрткен Кененқызы бастаған әжелер ансамблі қазір Алматы облысын аралап жүр. Ансамбль құрамы жаңарған. Қазір күміс көмей әнші әжелеріміз Қ. Қайсанов, Т.Кененова, С.Дүйсембек, Ш.Утеулова, Н.Пошанова, М.Жәбиева, О.Саринова, С.Кабакова, К, Отарбаева, С.Бекмухамбетова, С.Шақыбаева, Б.Жұрынова, С.Байдильданова, Н.Қатарбековалар мен қатар ән әрлеуші Е.Исатаев өнерлерімен көрермендер ықыласына бөленді. Ансамбльдегі әжелеріміздің дені түрлі еңбек саласында талай жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан жаны дархан өнерлі жандар.
Ансамбльдің келесі бағыты Жаркент, Сарыөзек, Қапшағай қалаларына барып өздерінің жаңа әндерімен көпшілікті қуанту. Қашанда өздері қартайса да өнерді жалау етіп, ұрандатып жүрген ақ әжелерімізге шығармашылық табыс тілейміз.