«Мейірім» мүгедектер қоғам бірлестігі Іле аудандық филиалының директоры Нұрбол Абдуллаев Шайзаұлы ауданымыз үшін жаңа есім. Жас жігіт қазір аудан көлеміндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайды. Олардың денсаулығына алаңдап қана қоймай қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына атсалысып жүрген мейірімді жанның бірі. Өзі басқарып отырған бірлестіктің атқаратын жұмыстары да осы бағытта арналған. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері құрылған бұл бірлестіктің 8 айдың ішінде атқарған жұмыстары ұшан теңіз.
Өткен аптада Байсерке ауылындағы №28 мектеп гимназиясында «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің Іле аудандық филиалы мен «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесімен бірігіп, Алматы облысы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосып олардың өнерлерін тамашалады. Тағдырдың тәлкегіне мойымай, мүмкіндігі шектеулі болса да өнердің өрлеуіне үлесін қосып жүрген жандардың кеші жоғары деңгейде өтті. Олардың ішінен жез таңдай әнші де мың бұралған биші де кең сахнада барынша өнерлерін ортаға салып көпшіліктің қолпаштауына ие болды.
- «Адам өлең айтып көңіл көтерегенде көңілдің кірі кетеді емес пе?! Бір серпіліп қаласың. Көпті көріп, көңілің жадырайды, өмірге деген құлшынысың оянады. Деседе сахналық костюм тіпті музыкалық аппараттарымыздың жоқтығы бұл күнді атап өтуімізге ешқандай кедергі келтіре алмады. Сондықтан осылай жер-жерде концерт өткізіп, өзіміздің толыққанды адамдардың қатарына қосыла алатынымызды дәлелдейміз. Алдағы жоспарларымыз көп. Барлығы да халықтың алдында жүзеге асады. Сол күнге жетейік!», - деп өзінің мақсатымен ой бөлісті «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің директоры Нұрбол Абдуллаев.
Мүмкіндігі шектеулі болса да жүрегі бір, тілегі бір жандардың кешіне келген жерлестеріміз өнердің телегейлігін тағы да мойындады. Айта кетейік, сенбі күні «Мейірім» қоғамдық бірлестігінің Байсерке ауылынан бастау алған шығармашылық кеші, бейсенбі күнгі аудан орталығы Өтеген кентінде шахматтан спорттық ойын түрінде жалғасын тапты.
Жалпы Елбасы Н.Назарбаев «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады», - деп мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі ретінде үнемі айтып келеді. Осы бағытта күнделікті қызметімізді одан әрі жандандырып, адамдардың көңіл күйін көтеріп, олардың қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне қатысты шараларға атсалысуымыз керк.
|