Қай дәрігердің кабинетіне кірсеңіз де сізді ет жақыны келгендей жылы жүздерімен қарсы алып, сырқатының сырын түсіндіріп, одан сауығып кетудің жолдарын айтып түсіндіріп, ақыл-кеңестерін беріп жатады. Ондай кезде дәрігерге риза болып, әлемдегі жақсылық атаулыны сыйға тартқың келіп кетеді. Сол жақсы сыйлықтың бірі – үлкендердің ақ батасы мен шын жүректен айтқан ақ тілеулі алғысы дер едім.
Денсаулығымның жақсаруына шарапаты тиген дәрігер Айтжанов Думан Кеңпейловичке өзімнің сүйікті басылымым – «Іле таңы» газеті арқылы алғысымды жеткізуді жөн көрдім. Ол Боралдай кентінің ауруханасында дәрігер-гинеколог болып қызмет атқарады. Уақытпен санаспай науқастардың денсаулығын сақтау жолында тер төгіп жүрген дәрігер гинеколог Айтжанов Думан Кеңпейловичті «нағыз адам жанының арашашысы», - десем артық айтқандық емес. Думан өзінің бар жинаған тәжірибесі мен уақытын, білімін халқы үшін аямайтын, өз маманының білгір азаматы. Өз кәсібін терең меңгерген, сөзі шипалы, емі дауа дәрігерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасына амандық, жұмысына табыс тілеймін!
Әрдайым ел алғысына бөленіп, биіктен көріне бер!
Ізгі ниетпен: Л. КРАМС.
|