БАСТЫ

 
 
 

ТУЫМ - ТЕҢДІГІМ, ЕЛТАҢБАМ - ЕЛДІГІМ, ӘНҰРАНЫМ – АЙБЫНЫМ

18.07.2017

    

Мемлекеттік Рәміздер - еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек, қасиет тұтуымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылықтарымыз», - деп Елбасы Н.Назарбаев ерекше атап өткен болатын. 2007 жылы 4 маусымда Астана қаласында еліміздің мемлекеттік Рәміздерінің 15 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» республикалық жастар форумында Президент Н.Назарбаев сөйлеген сөзінде: «Мемлекеттік Рәміздер - еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Мемлекеттік Рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығы, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр» деп атап көрсетті. Осы күннен бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Рәміздері туралы» Конституциялық Заң қабылданып, еліміздегі Мемлекеттік мерекелер саны тағы да көбейе түсті.

Біздің сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі - мемлекеттік Рәміздер. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Рәміздердегі нышандар арқылы қазақстандық қоғамның әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Рәміздерге деген құрмет – азаматтардың өз елінің азаматы екендіктерін қаншалықты деңгейде түйсінуінің, ел болашағына деген сенімінің және патриоттық сезімдерінің өлшемі. Еліміздің ұлттық рәміздері - ол қазақ халқының ұлттық құндылығы, мақтанышы мен намысы.

Аспан түстес көк Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз - баға жетпес байлығымыз. Осы құндылықтарға деген қарапайым халықтың құрметін қалыптастыру, жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу - басты мақсатымыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында: «Әркім Республиканың мемлекеттік Рәміздерін құрметтеуге міндетті» деп нақты жазылған. Ал сол міндеттілікті сезіну үшін, әрбір отандасымыз отбасында балаларына патриоттық, отансүйгіштік тәрбиені сіңіре білсе, нұр үстіне нұр болар еді. Еліміздің әрбір балабақшасында, мектеп қабырғаларында, жоғары оқу орындарында, өндірісте, мекемелерде ұдайы тәлімдік-тәрбиелік жұмыстар жүргізілуде.

Бүкіл әлемге Қазақстан мемлекетін танытқан, еңсесі биік елдік пен мызғымас бірліктің белгісі болған мемлекеттік Рәміздерді қастерлеу, оны болашақ ұрпаққа аманат етіп, тапсыру - бүгінгі әрбір азаматтың басты парызы. Патриотизм мен Отанға деген шынайы құрметтің белгісі.

Тұғыры биік туым бар, айдарынан жел есетін Елтаңбамыз бар, әуені құлағыңның құрышын қандыратын Әнұранымыз бар. Бұл біз үшін бақыт пен шаттық деп сезінсе екен бар қазақ.


С.ҚАБЫЛБЕКОВ, аудандық ішкі
саясат бөлімінің бас маманы