16 наурыз күні аудандық әкім аппаратының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Наурыз шуақ төгілді даламызға» атты мерекелік кеш өтті.
Кеш барысында «Наурыз - ұлыстың ұлы күні» кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Наурыз - жыл басы» атты фильм көрсетілді. Мерекелік кеш «Қазақ», «Асыл қазына», «Дәстүр» топтары арасында сайыс түрінде өтті. Аталған үш топтың құрамы ауыл және аудан кітапханашыларынан құралды. Әр топтың топ басшылары І-кезеңде ортаға шығып, топтарын таныстырды. Көне дәуірден бастау алатын күрделі де бай тарихы, сан қырлы мәдениеті бар қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көрініс сайыстың ІІ-кезеңінде көрсетілді. «Қазақ» тобы «Құда күту, құйрық-бауыр асату» дәстүрін көрсетсе, «Асыл қазына» тобы «Құрсақ шашу», ал, «Дәстүр» тобы «Бастаңғы» салтын көрсетті.
Салт-дәстүрлер мән-мағынасы, берер тәрбиесі мол. Қазіргі таңда осы дәстүрдің бірін білсек, бірін білмей жатамыз. Әр топтың көрсеткен өнерлері әділқазы алқалары мен қонақтардың көңілінен шықты. ІІІ-кезеңде сайыскерлердің жайған дастархан мәзірі мен наурыз көжелері бағаланды. Мерекелік кешті қорытындылаған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ұ.Жұмаділова номинация бойынша сыйлықтарын табыс етті. Нәтижесінде «Үздік салт-дәстүрді насихаттаушы» номинациясын «Қазақ» тобы иеленсе, «Ең дәмді наурыз көже» номинациясын «Асыл қазына» тобы иеленіп, «Үздік өнерлі топ» номинациясын «Дәстүр» тобына берілді. Кеш соңы әсем ән мен мың бұралған бишілер биіне ұласып, қонақтарға наурыз көже таратылды.
- Жалпы алғанда қазақта 70-тен астам салт-дәстүр бар екен, - дейді өзінің әңгімесінде аудандық кітапхананың директоры Мейрамгүл Түйебайқызы, - бүгінгі сайыс барысында соның кейбіреуі ғана көрсетілді. Кітапхана мәдениет ошағы болағандықтан ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуді, оны қайта жаңғыртуды жалғастыратын боламыз. Осы шараны Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастыруымыздың өзі де кездейсоқтықтан емес. Өйткені, Наурыз тек молшылық пен тоқшылықтың мейрамы емес, ол ата-баба дәстүрін дәріптеп, жастар санасын серпілтетін мереке. Ендеше Ұлыс мейрамы құтты болсын.

|