БАСТЫ > 

 
 
ҚОС АУЫЛДЫҢ ҚАЗЫНАЛЫ ТОЙЫ 17.11.2017

                    

«Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезім мен дүниетанымға әбден сіңіп қалған қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» – деп, Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі кезеңдегі әлемдік жаһандану жағдайында заман ағымына икемделуді, жаңа дәуірдің озық үлгілерін бойымызға сіңіруді, ұлттық кодымызды сақтауды міндеттеді. Міне, осы мақсатта Елбасының елең еткізген мақаласының аясында облыстық ардагерлер қоғамының «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» атты бастамасымен жергілікті округтердегі ақсақалдар кеңесі және қоғамдастық мүшелері арасында «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» атты акциясы басталған еді. Ащыбұлақ ауылдық округінен бастау алған аталмыш акция  КазЦИК, Чапай ауылдарында жоғары деңгейде өтті.

Айта кетейік, әр округтің өзіне тиесілі әртүрлі тақырыптары бар. Мысалы, КазЦИК ауылындағы №42 орта мектепте өткен акцияның тақырыбы: «Үлкенге ұлағат, кішіге ізет» деп аталады. Онда КазЦИК ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мэлс Жамилов ағамыз бастаған топ сахналық көрініс қойып, өз жерлестері Кеңесбек Құрманғалиев ағамызды 80 жасқа толуымен құттықтап, ағалы-інілі болып шапан жапты. Ақын, аяулы ұстаз Баян Топаркеліні туған күн иесіне арнау оқыса, жастар жағы келін түсірумен қатар қазақтың салт-дәстүрі бойынша «қыз көру» немесе «жар таңдау» ғұрпын жасады. Сонымен бірге, күйеу жігіт отаудың уығын шаншығанда қыздың жеңгелері мен әпкелеріне «уық шаншар», «туырлық жабар», «түндік жабар», «үзік жабар», «бау-шу байлар» кәделерін үлестіреді. Қойылым соңында арнайы әдемілеп салынған тойбастарды той иелері Чапай ауылының қоғамдық кеңес төрағасы Орынбасар Атамбаевқа салтанатты түрде аманаттады. 

Чапай ауылында «Ұмытпайық бабалар өсиетін, жаңғыртайық дәстүрдің қасиетін» атты тақырыпта театрландырылған қойылым қойылды. Онда әртүрлі ұлт өкілдері жиналып, бір дастархан басында көшкелі жатқан көршілері Орынбасар ата мен Жаңыл апайды шығарып салу, қоштасу сияқты жақсы әдетін көрсетті. Орыс, күрд, өзбек ағайындар көшкелі жатқан көршілерінің құрметіне ән салып, би биледі. Әрқайсысы өз тілінде жылы лебіздерін тілеп, ауылдың ауызбіршілігін танытты. Көріністен бұрын Мәдениет үйінің кіре берісіндегі кең көлемде жайылған ауыл шеберлері жасаған көз тартар көрменің өзі бір төбе. Көрмеде ауыл қолөнерлерінің қолынан шыққан ағаш астау, тоқыма бұйымдар, қылқалам шеберлері салған картиналардан көз сүрінеді. Аудан ақсақалдар кеңесі мүшелері көрмеге үлкен баға берді.

«Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» акциясының құрметті қонағы, асылдың сынығы, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Төрткен Кененқызы екі ауылдың да ұлттық салт-дәстүрді дәріптеудегі жұмыстарына көңілі толатынын жеткізді. Әсіресе, округ әкімдеріне шынайы атсалысқандары үшін алғысын жеткізіп, ақ батасын жаудырды.

Дәстүр қатып қалған өзгеріске түспейтін құбылыс емес. Ол заманның ағымына қарай негізін сақтай отырып, толығып, өзгеріске ұшырап отырады. Ұлттық кодымызды сақтау үшін дәстүрдің озық үлгілерін насихаттап, ұлттық тәрбиеміздің іргетасы етіп тұрақтандырумыз керек. Қазақ тұрмысында ұрпақты қоғамға, отбасына бейімдеп, адам-гершілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, имандылыққа тәрбиелейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз жеткілікті. Аудан ақсақалдары бастаған «Жарасымды көршілер – сенімді әріптестер» акциясы осыны меңзейді. Осы беталысымыздан қайтпасақ халқымыздың тәрбие негізі, асыл қазынасы салт-дәстүрлерді дұрыс жеткізе білсек, ұлтжанды азаматты қалыптастырдық деп, нық айтуға болады.