Талайдың тағдырын тәлтекке салған он жылға созылған Ауған соғысы. Әрине, қазақ тарихындағы көп соғыстың бірегейі - Ауған соғысы. Бұл соғыс әлі күнге тарих дәптерінен өзінің тиісті бағасын ала алмай жүр. Мұнда қаншама жас қыршыннан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың бір ғана міндеті - бала жастан санасына сіңірілген патриоттық тәрбие - «Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді. 1989 жылдың 23-26 ақпандағы «Тайфун» операциясы Кеңес әскерлерінің Ауған жеріндегі он жылға созылған соғыстағы ең ақырғы шайқасы.
Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 28 жыл толды. Осыған орай Іле ауданы, Жетіген ауылдық округі әкімінің аппараты, №20709, №78639, №65229 әскери бөлімдері, Жетіген ауылдық округі кітапханасы бірлесе отырып, жауынгер-интернационалист ардагерлермен «Ауғанның от-жалыны» атты кездесу кешін өткізді. Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені, бұл соғыста 18-19 жасар өрімдей жас жігіттер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды. Бұл кештің мақсаты - Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалар ерлігін үлгі ету және Ауған соғысында опат болған жауынгерлер рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге өскелең ұрпақты тәрбиелеу.
Кешке қазіргі уақытта жоғарыда аты аталған әскери бөлім қызметшісі болып еңбек етіп жүрген, Ауған соғысының интернационалист-жауынгері, запастағы майор Тлеубердинов Дүйселхан Мұхаметханович және Жетіген ауылдық округінен Р.Касымов, М.Камалов, Н.Юсупжанов, В.Лигай, Ф.Түлікбаев, А.Абдугаппаров, С.Төлебаев, А.Игнатенко, С.Шеримбетов, Е.Қалдарбаев, С.Дайрабаев, Ж.Қайырбеков, А.Дуюнов сынды интернационалист жауынгерлер қатысты. Кешке келгендерді әскери бөлімнің акт залында қатардағы сарбаздар «Алға Қазақстан» әнімен құрмет-қошеметпен қарсы алды. Кешті №34 орта мектеп ұстаздары - Айгүл Әлімқұлова мен Ерболат Сейілханов жүргізді. Кеш салтанатты түрде ашылып, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алып, видео көрініс көрсетілді. Кездесуде сөз алған №20709 әскери бөлімнің командирі полковник Олжабаев Мұрат Қуатбекұлы, Жетіген ауылдық округінің абыройын асқақтатуға атсалысып жүрген ардагер-жауынгерлерге алғысын білдіріп, сыйлықтарын табыс етті. Сонымен қатар №78639 әскери бөлімнің командирі полковник Есқалиев Серік Байзолданович және №65229 әскери бөлімнің командирі Лесбаев Ғалымжан Макулбекович сынды бейбіт өмірде еліміздің әскери бөлімдерін басқарып отырған азаматтар Ауған соғысы туралы естеліктер айтып, құттықтау лебіздерін жеткізді. Өз лебізін округ әкімі аппаратының бас маманы Ибраймова Айкерім Мәлікқызы да білдірді. Кеш концерттік бағдарламаға ұласып, «Элегия» ансамблінің жетекшісі Анастасия Михайлқызының орындауындағы Ауған соғыс ардагерлеріне арнаған «Ауғанстан» әнімен ашылды. «Наз» оркестрі күмбірлетіп күй шертіп, «Шашу» би тобы мың бұрала билеп, өз өнерлерін паш етті. Әскери бөлімнің сарбаздары да өз өнерлерін көрсетсе, Сатыбалдиев Райымбек «Про Афганистан» әнін, «Элегия» ансамблі «Давным-давно была война» және «Память» әндерін нақышына келтіріп орындады. Сонымен қатар №78638 әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Ерасыл Пушатов «Көк тудың желбірегені» әнін орындап, кешті қорытындылады.
Кеш соңында Қоғамдық кеңес төрайымы Нұранова Каниза Абдіразаққызына қорытынды сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Мұндай кездесулер сарбаздар мен жас жеткіншек оқушылар үшін үлкен тәрбиелік мәні зор мағыналы іс-шара деп есептейміз. Ардагерлеріміздің қатарлары азаймай елдің рухын көтеріп, жылдан-жылға аман-есен ортамызда жүре берсін. Тәуелсіз елімізде мәңгі тыныштық орнасын! Еліміздің көк туы биікке желбіресін!
Жетіген ауылдық округі әкімі аппараты,
№20709, №78639, №65229 әскери бөлімдері.
Жетіген ауылдық округі кітапханасы.
|