Алдыңғы аптада аудандық мәслихат депутаттарынан құрылған арнайы комиссия, ережеге сәйкес 22 тамыз күні өтетін «Тамыз кеңесі» жиыны қарсаңында аудан көлеміндегі барлық мектептердің жаңа оқу жылына деген дайындығын тексеріп шықты. Онда олар көбіне әлеуметтік жағдайына аса көңіл бөлді. Мектеп ауласынан бастап, спорт зал, асхана, медициналық кабинет, интерактивті тақталар санын, жылу жүйелері мен кәріз құбырларының жұмыстарын, балалар саны мен оларға берілетін ыстық тамақтардың тізімімен танысты.
Арнайы комиссия құрамын аудандық мәслихат төрайымы Роза Абилованың өзі басқарды. Олар Байсерке және Жетіген ауылдық округтерінде орналасқан 12 мектептің жай-күйін білді.
«Сіздерге өтірік, маған шын» дегендей алдын ала ескертілсе де мектеп басшыларын орнынан таба алмасақ, екінші кезекте кейбір мектептер жаңа оқу жылына мүлдем дайын болмай шықты. Соның бірі Байсерке ауылдық округіндегі Қоянқұс ауылындағы №1 орта мектептің ішкі жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Мектеп ұжымы ешқандай құрылыс жұмыстарын мүлдем жүргізбеген. Кейбір ішкі дуалдардың астыңғы бөлігі үгітіліп түсіп жатыр, қыркүйек айына үлгеру-үлгермеуі екіталай.
Барлық мектептерге ортақ айтылған сынның бірі - бұл оқу кабинеттерін жарықтандыру мен медициналық кабинеттердегі медициналық құралдардың жетіспеушілігіне байланысты болды. Өкінішке орай, комиссия мүшелері тексерген кезде барлық мектептерде жарық шамдары толық жарамды болған жоқ. Көптеген кабинеттерде немесе спорт залдарында кемінде 1-2 шам істен шыққан. Кейбірінде ауыз су тапшы. Соның бірі-Құйған ауылындағы мектепте ауыз су далада орналасқан. Ол ішкі құбырға әлі жалғанбаған. Егер мектептер комиссия келген күні тас-түйін дайын болуы тиіс екенін ескерсек, ондағы шаруашылық меңгерушілері осы күнге дейін не бітірген деп қаларсыз? Сол сияқты, мектепті әктеп, жуып-жинағанның өзінде де әлі кемшін тұстар бар. Алайда, мектеп ұжымдары 1 қыркүйекке дейін бұл олқылықтардың орнын толтырамыз деп бет бақтырмайды.
Бұл кейбіріне сабақ болар дегенмен айтамыз ғой. Жаңа оқу жылына 100 пайыз дайын мектептер де бар. Ол Жаңадәуір ауылындағы №5 орта мектеп. 1973 жылы пайдалануға берілген мектепте барлығы бар. Комиссия тарапынан алғыстан басқа ешқандай сын ескертпе берілмеді. Мектептің іші айнадай жалтырап тұр. Аудан көлеміндегі жаңадан салынған оқу орындарынан артық болмаса кем емес. Сыртқы келбеті көз қуантады. Тап-таза, түрлі гүлдермен абаттандырылған. Мектептің кең дәлізіне кіргенде бірден көзге ерекше болып түсетін стенд мектептің ата-аналарының қаржысымен жасалынған екен. Маңдайына жазылған қанатты сөздердің өзі көңіліңді жадыратып, білімге деген құштарлығыңды арттырады.
Әрине, жылда айтылатын сындардың ішінде №9 орта мектептің қоршауы жайында тағы бір сөз қозғалды. Олар жылдар бойы аталмыш орта мектепті қоршай алмай келеді Осының салдарынан кез-келген адам мектеп ауласында күні-түні емін-еркін жүре береді. Бұл мектеп үшін қауіпсіздікті сақтамау болып табылады. Дәл осындай олқылық №28 мектеп-гимназиясында да бар. Оның спорт залының едені ойылып, ортасына түскелі тұр. Бұл биылғы жауын-шашынның көп түскеніне байланысты жер асты суының көтерілуінен деп отыр мамандар.
Қалған №28 мектеп-гимназиясы, №25, №22, 34, 11, 3, 12, 9 орта мектептер жаңа оқу жылына дайын. №9 орта мектеп оқушыларға арналған мектеп формасымен таныстырды. Олар «Алтын адам» тігін фабрикасымен келісіп, сапалы отандық өнімді қолдау мақсатында арзандатылған мектеп формасын алып жатыр.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында барлық мектептерде оқулық ақысыз таратылатын болады.
|