Хан Шатыр – Қазақстанның астанасы Астана қаласындағы ірі ойын-сауық және сауда-саттық орталығы 2010 жылы 6-шілдеде Астана күніне орай ашылған. Әлемдегі шатыр түрді құрылыстардың ең орасан зоры және Қазақстандағы сауда орталықтарының ең үлкені, әрі бірегей сырт пішінімен айшықталады. Хан Шатыр СОСО – бір шатырдың астында әлем деңгейіндегі ойын-сауық және сауда-саттықты біріктірген, алғашқы лайфстайл-орталық болып саналады.
Қиялдан шыққан сәулет ғажайыбы – Хан Шатыр сауда және ойын-сауық орталығының ғимараты Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі архитектуралық жоба болып табылады. Хан Шатырдың ішкі көлемі 110 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Мұнда ең үлкен қалалық бақ, ірі сауда орталықтары, кинотеатр, концерт залдары болады. Сонымен бірге ғимараттың барлық қабаттарында дәмханалар мен мейрамханалар орналасқан. Орталықтың ішінде тропикалық бақтар, гүлзарлар, субұрқақтар бар. Балалардың тамаша демалысы үшін биіктігі 7 және 4 метрді құрайтын су сырғанақтары жабдықталған.
Бұл ғажап құрылыстың салынуына барлық қала тұрғындарымен қатар, әлемнің барлық жетекші сауда компанияларының өкілдері де тағатсыздықпен зор қызығушылық танытты. Қазақстанда тұңғыш рет әлемге әйгілі Debenhams сауда желісінің әмбебап дүкені ашылды. Бұл компания 120 жылдан бері жаһандық сауда айналымында өзінің нәтижелі бизнесін сәтті жүргізіп келеді. Бүкіл сауда алаңы 6 000 шаршы метрден асатын Хан Шатыр сауда орталығы Астанадағы ең үлкен гипермаркетке айналған.
Хан Шатыр орталығында бірнеше кинотеатрлар көрермендер үшін дүниежүзіне кеңінен танымал «Стар Синема» компаниясы әлемде шыққан соңғы жаңа фильмдерді ұсынып келеді. Бұл құрылыс ғимараты орналасқан алаңда ғажайып шатырмен қатар Астанада баламасы жоқ 38 метр биіктіктегі мұнара орналасқан. Сонымен бірге мұнда саяхат жасайтын монорельсті темір жол, 7 және 4 метр биіктіктегі кедергілері бар суда жүзу орталықтары бар.
|