БАСТЫ

 
 
 

АҚЫН ЖАЙЛЫ АЙТАДЫ ҚЫЗЫҚТЫ АҢЫЗ

16.02.2017

       

Халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Байсерке ауылындағы №12 орта мектепте «Менің Мұқағалиым» атты жыр мүшәйрасы өткізілді.

Мұзбалақ ақынның рухына тағзым ретінде «Мұқағали оқуларын» өткізуді дәстүрге айналдырып келген бұл шара жыр құмар жас ұстаздар мен оқушылар шығармашылығын дамыту, ақын шығармашылығымен етене жақын таныстыру, ақынның өмірі мен өлеңдерінің мәнін түсініп, насихаттау мақсатында ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, үміткерлер шеберлік деңгейінің биіктеуіне және жыр құмар қауым талғамының өсуіне игі ықпал жасауды, жастардың рухани өмірге белсене араласуына қолдау көрсетіп, мемлекеттік тіл аясының кеңеюіне, қазақ өлеңінің өркендеуіне үлес қосуды мұрат тұтқан мүшәйраға ауданымыздың түкпір-түкпірінен талапты, талантты ұл-қыздар өз шығармаларын бәйгеге қосты.

Қалың бұқара іздеп оқитын, шығармалары заманамен бірге жасасып келе жатқан ақын Мұқағали Мақатаевтың жыл сайын әдеби-шығармашылық кештерін өткізу талабы мен ауқымы кеңейіп келеді. Оқырманның жүрегінің түбіне терең бойлайтын, тыңдарманның құлақ құрышын қандырған ақын шығармаларына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Сол дарынды жастарға қолдау білдіру мақсатында өткізіліп отырған мүшәйра алғаш 2008 жылы ұйымдастырылған.

Кеш барысында сөз алған шараны ұйымдастырушы және идея авторы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С. Жарқынбеков:

- «Міне, 9 жыл бойы үзбей дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан «Менің Мұқағалиым» жыр кеші жыл өткен сайын өз соқпағын тауып, дамып келеді. Мүшәйра оқушыларымыздың парасат мектебіне айналды десе де болады. Уақыт талабына сай мүшәйраның өткізілу форматын өзгертіп тұрамыз. Әсіресе сахналық декорация жағына келгенде №12 орта мектеп басшысы Т.Ибраимова бастаған мектеп ұжымына мың алғыс», - деп мүшәйраға қатысқан үміткерлерге сәттілік тіледі.

Жыр кешіне келгендер төрт тур бойынша сайысқа түсіп, өз өнерлерін жиналған көпшілік назарына ұсынды. Әр айдарда ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, поэзия әлеміне жетеледі.

Мүшәйрада әділқазылар алқасының құрамында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, идея авторы С.Жарқынбеков, аудандық кітапхана директоры М.Жәбиева, республикалық қазақ тілін оқыту орталығының басшысы Б.Қаршалова, №30 орта мектептің оқу ісі меңгерушісі Б.Иса шығармаларды сараптаудан өткізіп, бағасын берді. Нәтижесінде №12 орта мектептің 10 сынып оқушысы Ұлан Бекзат бас жүлдені жеңіп алды. Ал І-орынды №10 орта мектептің оқушысы Айдана Мақсат пен №13 орта мектептің қазақ тілі пәнінің ұстазы Әсел Орынбетова, ІІІ-орынды Жәпек батыр ауылы үкілеп әкелген №20 орта мектептің қазақ тілі пәнінің ұстазы Мақсат Шыңғыс, №36 орта мектептің оқушысы Өмірхан Қазихан, қараойлық №18 орта мектептің оқушысы Алтынау Зейнелханова жеңіп алды. Мектеп директоры Т. Ибрагимова «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға алғыс хаттар табыс етілді.

Ұйымдастырушылар келесі жылы «Менің Мұқағалиым» атты аудандық мүшәйраны кең көлемде атап өтеміз деп отыр. Сондықтан қатысамын, бағымды сынаймыз деген жыр сүйер шәкірттеріміздің құлағына алтын сырға. Мұқаңның «Іргесіне ұлы қоғамның бір кірпіш болып қаландым» - деп өзі айтпақшы жырын жаттап, қазаны қайнап жатқан қоғамнан өзіңді іздеп табыңыз.