Әлемді жасыл экономикаға тиімділігі жағынан өзіне қаратқан Астана қаласында өткелі отырған халықаралық «EXPO-2017» көрмесінің ашылуына орай, Боралдай кентінде тағы бір нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда заманауи үлгіде жұмыс істейтін «жасыл» мобильді пошта бөлімшесі іске қосылып отыр.
Тұтынушыларға қызмет көрсету принциптері жетілдірілген «Қазпошта» АҚ-ның жаңартылған Орталық операция учаскесінің ашылу рәсіміне аудан әкімі Қ.Медеуов, аудан әкімінің орынбасары Д.Жүнісов, «Қазпошта» АҚ басшысы С.Сәрсенов, «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының басшысы Р.Дәулетқызы қатысып, ұжым қызметкерлерін заманауи талаптарға сай жабдықталған пошта бөлімшесінің ашылуымен құттықтады.
Айта кетейік, дербес қуат көзімен жабдықталған пошта байланысының мобильді бөлімшесі еліміз бойынша жалғыз нұсқа. Бұл пилоттық жоба болғандықтан алдағы уақытта атқарылатын жұмысы маңыздылығы, тиімділігі жіті тексерілмек. Егер тиімді болса еліміздің барлық өңірлеріне салынады.
«Осындай мобильді пошта торабының Қазақстан бойынша біздің ауданда ашылуы үлкен мақтаныш. Мұның өзі округ тұрғындарына қолайлылық жасайды әрі пошта қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді. Осы үшін республикалық «Қазпошта» АҚ басшылығына аудан атынан үлкен алғыс айтамын», - деді өз сөзінде аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы Медеуов.
- «Қазпошта қашанда өз жұмысында ең соңғы технологияларды пайдалануға талпынады. Бұл дегеніңіз атқарылатын істі оңтайландырып қана қоймайды, қоршаған ортаны қорғайды. Энергияны үнемдеуіш технологиялармен жұмыс істейтін алғашқы мобильді бөлімшемізді ашып отырмыз. Біз мұны пилоттық режимде іске қостық. Бір жыл ішінде пайдалану нәтижесіне қарап, бұл тәжірибені басқа өңірлерге де тарату туралы шешім қабылдайтын боламыз», - деді мобильді тораб туралы «Қазпошта» АҚ-ның басшысы С.Сарсенов.
Соңғы кездері заманның сұранысына сай өркениетті елдердің үлгісіне өтіп, 200 жуық қызмет түрін көрсетуге көшу үлкен жетістік. Мұндай жаңашыл бағыттағы жұмысты ауданымыздағы «Қазпошта» филиалында еңбек ететін 149-ға жуық маман жүргізіп жатыр.
Жаңа бөлімше операторларды жұмыс орындарымен, шаруашылық бөлігімен, тұтынушыларды қабылдау және қызмет көрсету орын жайлармен толықтай жабдықталған. Бөлімше дербес болып табылады. Сондықтан электр желілеріне қосылуды керек етпейді. Бұл модульді ғимарат 3 контейнерден біріктірілген. Ешбір артық шығынсыз ұзақ уақыт пайдалануға болады. Арнайы жылу жүйесімен жабдықталған. Жазда желдеткіш жүйесі ретінде жұмыс жасайды. Күн су жылытқышы орнатылған. Ол жыл бойы қызметкерлерді ыстық сумен қамтамасыз етеді. Бұл формат компанияның өндірістік шығындарын қысқартуға айтарлықтай үлесін қосты, тұрғындарға да жайлы.
Өз қуанышын бөліскен Боралдай ауылдық округі әкімі М.Орынбаев «Боралдайда 80 мыңға жуық адам тұрады. Күн сайын 200-ге жуық адам келіп хат-хабар зейнетақы және басқа да қызмет түрлерін жасайды. Ал мына мобильді пошта біз үшін өте қажет еді. Енді міне біздің қуанышымызда шек жоқ. «Қазпошта» акционерлік қоғамына рахметімді айтамын» - деді.
Айта кетейік, пошталық және қаржылық қызметтер бойынша жеке тұлғалар үшін операциялық зал аптасына 6 күн қызмет етеді. Сондай-ақ боралдайлықтарға газет-жорнал, хат-хабарларының дер кезінде жетуіне және қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жаңа авто-транспортпен қатар бір скутер, үш велосипед пайдалануға берілді.

|