БАСТЫ

 
 
 

ӨРКЕНДЕП ӨСЕТІН ЕЛДІҢ ҮЙРЕНЕРІ ӘЛІ КӨП

15.03.2017

 

Өткен аптада Ащыбұлақ ауылдық округінде, «Округ әкімі» күніне орай ауданымыздың «Құрметті азаматтары» Қасымбек Кеншін Шəкілұлы мен Есенқұлов Жүрген Бүркітбайұлының 80 жылдық мерейтойы тойланды. Мерейлі тойда қос қарияға ізгі тілектер мен ақ баталар толастамады. Көзкөргендер олардың еңбектегі өлшеусіз үлестерін айтса, кейінгі буын өкілдері қарияларға мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
     Жиында алғашқы сөзді алған округ әкімі С. Күзембаев ақсақалдарды құттықтай отырып, биыл ғана алғаш рет аталып өткелі отырған «Округ әкімі» күніне тоқталды. Ол: «Ащыбұлақтықтарға шынайы алғысымды білдіремін. Осы күнді мен ардақты қарттарымыздың 80 жылдық мерейтойымен қатар атап өткім келді. Өйткені, ауылдың және ауданның дамуына бұл кісілер өлшеусіз үлес қосты. Сонау Кеңестің қылышынан қан тамып тұрғанда да еліміздің өзінің қазақилығын жоғалтпауы екеуі қолдарынан келген мүмкіндіктерін аямады. Тәуелсіздік алып, төбеміз көкке жеткенде Кенекең мен Жүкең жүйелі сөз бастап, жұртты соңдарынан ерте білді. Олардың өлшеусіз еңбегі біздер үшін үлгі-өнеге», - дей келе даналық әңгімелерден дәлелдер келтірді.
     Жиынға арнай келіп қатысқан аудан әкімінің аппарат басшысы М.Кәрібаев та мінберге шығып, аудан әкімі Қ.Медеуовтың құттықтау сәлемдемесін оқыды. Сонымен қатар округ әкімі күнімен аудандык кітапхана директоры М.Жабиева өзінің «Аналар тілегі - ынтымақтастық» тақырыбымен құттықтау сөзін оқыды.
     Айта кетейік, С. Күзембаев 2016 жылы Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалғалы бері округ көлемінде алюминий профильдерін шығаратын «Aluminium of Kazakhstan», пластикалық заттар шығаратын «Дизайн пласт», дәрі-дәрмек өндіретін «Абди Ибрахим Глобал Фарм», құбыр шығаратын «Росс Прокат» сынды ірі өнеркәсіптер жұмыс істей бастады. Ал округ көлеміндегі М. Түймебаев, Жәпек батыр, Көкқайнар, Төле би ауылдарында жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халықтың саны артып қана қоймай әлеуметтік тұрғыдан өмір сүру жағдайы дами түсті. Білікті басшы басқаратын округте 25405 мың халық тұрады, округте 48 саяжай бар.
     Округтің дамуы әрине бір әкімнің қолынан келетін іс емес. Округ әкімшілігі аппараты ұжымынан бастап, ауыл ақсақалдар кеңесі, жергілікті қауымдастық қоғамы, әйелдер кеңесі, округ көлеміндегі кәсіпкерлер сынды көптеген ауыл жанашырларынан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұйымшылдықпен көптеген мәселелерді шешіп келеді.
     Ауданымыз бойынша өркендеп өсер елдің үйренері көп дегендей ауыз толтырып мақтанатын, ащыбұлақтықтарға «Округ әкімі» күнімен құттықтай отырып, тек биік белестерден көрінсін дегіміз келеді.