Егемен ел атанған алғаш жылдардың өзінде-ақ, республика бойынша біраз мектептер ашылды. Солардың бірі - Өтеген батыр кентінде орналасқан «Ай-Нұр» лингвистикалық гимназиясы. 1999 жылы ірге көтерген бұл білім мекемесі ұрпақ тәрбиесінде елеулі еңбек сіңірген.
1999 жыл. Киелі қасиетті тоғыз сандар да тізіліп осы гимназияның ашылуына ақ жол тілеп тұрғандай болып еді. Тікелей басшылық етіп, көмек көрсетіп, осы киелі білім ордасының есігін ашқан Қасымова Айман Үсенбайқызы болатын. Жаңа өмірдің басталуына мөлдір сезім болса, бұл мектептің ашылуына, білімге деген құштарлық, үлкен махаббат себеп болды деп айтсақ қателеспейміз. «Ұстаз болам, ұрпаққа білім берем» - деген жас арудың ой-арманы көп жылдардан кейін осы гимназияның шаңырақ көтеруімен орындалған екен. Сол қиын жылдары Айман апайдың бастаған ізгі ісін осы күнге дейін өмірлік серігі - Нұрмұхамбет ата екеуі жалғастырып, гимназияның дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Мектеп - білімнің бұлағын ашып, өмірдің шырағын жағатын киелі орын. Ұстаздардың тәлімі мен тәрбиесі ұштасқан бұл жерден талай түлек түлеп ұшты. Тарыдай болған бүлдіршіннен таудай тұлға қалыптасты. Бүгінде мектеп Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойымен қатар 17 жылдығын тойлап отыр. Осы жылдар ішінде қаншама түлектің қанаты қатайып, азаматтық өмірге жолдама алды. Он жеті жыл ішінде ұстаздар қатары толығып, өз тарихында еңбектің, ынтымақтың, бірліктің ұлы куәсіндей толағай табыстарға қол жеткізді.
Қазіргі таңда гимназияда 48 маман қызмет атқарады. Оның ішінде 27-сі ұлағатты ұстаздар. Сонымен қатар 160 оқушы білім алуда, 13 сынып бар. Гимназия жанынан ашылған балабақшада 40 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Оқу мен тәрбиені қатар алып жүрген білім ордасының ұжымы, тәлім алушыларға жоғары деңгейде білім берумен қатар, оларды қоғамдық жұмыстарға да қатыстыруды ұмытпайды.
«Ай-Нұр» лингвистикалық гимназиясы ауданымыздағы іргелі білім ордасының біріне айналды. Қазір де шәкірттердің шат күлкісіне шомылған шаңырақ саналады. Мұнда шәкірттерге барлық жағдай жасалған. Оқушылар бос уақытын тиімді өткізу үшін түрлі үйірмелерге қатысады. Олар спорт пен өнерден де құр алақан емес. Жеке тұлғаға бағытталған өзекті мәселені іске асыру барысында гимназия мұғалімдері оқушының сабақ кезінде жаңа білім қосып қана қоймай соны өзі игеріп, жобалап, зерттеп, пікір таластыру деңгейіне жетіп, даму үстінде болуын талап етеді. Білім берудің ізгілікті жолына көшкен гимназияда педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген білікті, жан-жақты білімді ұстаздар баршылық. Ұстаздық жол қызық та, бейнеті көп, ауыр да, жауапкершілігі мол мамандық болғанына қарамастан, өмірін осы киелі жұмыспен байланыстырған, өз уақытын аямаған, елдің баласын аялаған ұстаздар еңбек етіп келеді. Олар сапалы білім берумен қатар саналы ұрпақ тәрбиелеу үрдісін жалғастыруда.
«Ұстаз болу - жүректің батылдығы», - деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Ұстаздық қызметінің қыры мен сырын толық меңгерген, шәкіртінің жүрегіне жол таба білген, білікті де, білімді, облыстық семинарларда әріптестерінің алдында өздерінің шеберлігін көрсете білген жоғары санатты О.Гарина, Н.Шевкунова, Л.Криворотова, К.Калкузова, З.Туленова, Е.Квинт, К.Базлуов сынды ұстаздар қызмет атқарады. Ұлағатты ұстаздан тағылым алған оқушылары да халықаралық интеллектуалдық конкурстарға, аудандық олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарға иеленіп, мектеп мәртебесін асқақтатуда.
Дүние жүзіне әйгілі Оксфорд бағдарламасы бойынша ағылшын тілі сабағы жүргізіледі. Мектептегі тәрбие сағаттар, салтанатты мерекелер, КВН, конкурстар үш тілде бірдей өткізіледі. Лингвистикалық гимназия статусына лайық қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне қосымша сағаттар балабақшадан бастап бөлінген. Ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері Халықаралық Қазақстан - Израиль конференциясына, қазақ тілі, география пәндерінің мұғалімдері «Орта мектептегі білім негізін жаңарту» тақырыбында өткен курсына қатысып, білімдерін толықтырса, бастауыш сынып мұғалімі К.Базлуова, тәрбиеші А.Сауырбаева «Тіл - елдің қазынасы» республикалық конкурсына қатысып, Алматы қаласы әкімінің грамотасымен және Республикалық дипломымен марапатталды. Осы 17 жыл ішінде гимназияны бітірген түлектер республикамыздың және шет мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алуда. Атап айтсақ, Арман Баймамыров Канаданың Ванкувер қаласында дизайнер-стилист болып еңбек етіп, оқуын да жалғастыруда. Сондай-ақ Илья Городецкий - Чикагода, Кристина Габдуллина - Канадада, Чехияда - Н.Маслов, Никита Гавриленко мен Анастасия, Диана Жукова, Германияда - В.Зауэр А.Кондакова, Л.Пензада - Батова, Я.Дарницына - Москвада білімдерін жалғастыруда. Осы түлектерімізді мақтан етеміз. Шәкірттерімізге сәт сапар тілейміз!
ХХІ ғасыр - ғылым мен білім дамыған заман. Заманның үдесінен шығу үшін қойылар талап та жоғары. Оқушыға білім беруде біліктілік пен ұйымдастыра білу қабілеті маңызды. Ұстаздар қауымы мұны іс жүзінде дәлелдеп жүр. Мәселен, 2011 жылы 17 оқушымыз «Кенгуру-лингвист» ойынында жүлделі орындарға ие болып, мектебіміздің лингвистикалық бағытын дәлелдеп, берген сияқты. 2015 жылы «Зерде» конкурсында 6 «б» сынып оқушысы Э.Витковская облыста І-орынды иеленіп, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтығы орталығына жолдама алып, жобасын сәтті қорғады. Биылғы оқу жылында қатысқан 28 оқушымыздың 17-сі І, ІІ орындарға ие болды. ҚР Тұңғыш Президентінің күніне арналған Республикалық «IТ ғаламшар» компьютерлік шығармашылық конкурсында 7 «б» сынып оқушысы Е.Тихомиров бас жүлдені қанжығасына байлап, дипломмен марапатталды. Салауатты өмір салтын сақтау бағытында еңбек етіп жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жексенов Ақылжан Рашатовичтың түлектері республикалық, облыстық греко-римдік күрес жарысында І, ІІ-жүлделі орындардың иегерлері атанды. Шәкірттердің жемісті жетістіктері - ұстаздар еңбегінің жемісі. Саналы тәрбие, сапалы білім беруді оң жолға қоя білген білім мекемесі өте мықты ұжым, өңкей үздік шәкірттерінің арқасында республика, қала, облыс, аудан көлемінде бір емес, бірнеше марапатқа ие болды. Бұл - жетістіктердің барлығы мектеп ұжымының еселі еңбегінің жемісі. Мұнда гимназияның материалдық қорына да көп көңіл бөлінеді. Гимназияның би-әуен залы эстетикалық талғамға сай безендірілген және бірнеше кабинет интерактивті тақтамен, проектормен жабдықталған. Жаңадан салынған спорткомплекс ғимараты да осы заманғы жаттығу құралдарымен толық қамтамасыз етілген.
Жаңа форматтағы білім беру - заман талабы. Мұғалімдер тек өз пәнінің терең білгірі болуды ғана емес, сауаттылық, инновациялық тәсілдерді толық меңгеру мақсаты мен кәсіби деңгейін де көтеріп отырады. Гимназия жұмысының алға басуы бірінші басшыға тікелей байланысты. Білім ордасын 17 жылдан астам уақыт бойы басқарып келе жатқан «Ай-Нұр» лингвистикалық гимназиясының директоры Әмірбаева Зәмзәгүл Нұрмұхамбетқызының сіңірген еңбегі орасан зор. Іскер маман әріптестерінің арасында өте беделді. «Еңбегіне қарай өнбегені», - демекші ізденуден бір сәт жалықпай еңбек етіп келе жатқан Зәмзәгүл Нұрмұхамбетқызы ҚР жекеменшік білім ұйымдар Ассоцияциясының Құрмет грамотасымен, Ыбырай Алтынсарин атындағы және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған төс белгімен, білім саласындағы елеулі табыстары үшін облыс әкімінің грамоталарымен марапатталған. Астана қаласында 2016 жылы ON-LINE режимінде өткен Республикалық «Білімді ел – мәңгілік ел» тамыз кеңесінің делегаты.
Міне, ұлағатты ұстаз, білікті басшы Әмірбаева Зәмзәгүл Нұрмұхамбетқызы басшылық ететін «Ай-Нұр» лингвистикалық гимназиясының ұжымы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына осындай толымды табыстармен келіп отыр. ХХІ ғасыр білімдінің, ақыл мен ғылымның заманы. «Тәлім-тәрбие - ата-анадан, оқу-білім - ұстаздан дариды» демекші, гимназияның 17 жылдық тарихында талай ұрпақтың жұлдызы жанып, мәртебесі биіктеген сәттер де аз емес. Бұл гимназиядан түлеп ұшқан жастардың болашағы жарқын екені айдан анық.
Егеменді еліміздің ертеңіне үлесін қосып, тәуелсіз мемлекеттің саналы, білімді, бәсекеге қабілетті ұрпағы саналатын жеке тұлға тәрбиелеу біздің бүгінгі күніміздің басты мақсатымыз. Әлі де асар асуымыз, атқарар істеріміз аз емес.



|