БАСТЫ > 

 
 
ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ ҰЛЫ БЕЛЕС 14.09.2017

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңадан жарық көрген еңбегі – ұлт тарихындағы жаңа бір ұлы белес, ерекше жаңалық. Бұл еңбекті оқып шыққанда қазақ халқының сан ғасырлық аңсаған арманы, неше түрлі қанды қырғындарды, аяусыз шайқастарды бастан кешіре жүріп, жетсем деген мақсат-үміті тізіліп көз алдымызға келгендей болады. Бүкіл қызметін қазақ халқының тәуелсіз ел, өркендеген ұлт болуына арнап, сол жолда құрбан болған Алаш қайраткерлерінің қайсар үні саңқылдап құлағымызға жеткен секілденеді.

Елбасымыз бүкіл қазақ халқы ежелден армандаған мақсатты, яғни ұлттық жаңғыруды қолға алып отыр. Президентіміз бұл рухани жаңғырудың жолын көрсетіп қана қоймай, оны жүзеге асырудың нақты бағыт-бағдарын да ұсынды. 

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудың» біз барынша мән беріп, берік байлам етіп алуға тиісті тұстары мыналар:

Біріншіден, «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды». Ілгеріде біз, Құдайшылығын айтайықшы, тап бүгін де, «ұлттық мәдениет» дегеннен гөрі «Көпұлтты Қазақстан халықтарының мәдениеті» деген терминді қолданғанды құп көріп келеміз. Алайда бұл термин елімізде өмір сүріп жатқан диаспора өкілдерінің дәстүрін, тілін, әлеуметтік тұрмысын толық қамтамасыз еткенімен, «Жаңа замандағы жаңа Қазақстанның» мәдениетіне соны соқпақ бола алған жоқ. «Көпұлтты Қазақстан халықтарының мәдениеті» қазақстандық саясаттың сахнасындағы декоративті материалға жарағанымен (әлі де жарауы мүмкін) доминантты мәдениет – бәрінің басын қосып, бір арнаға тоғыстыратын мәдениет, әр күн сайын өзінің қажеттілігін аңғартып тұрды.

Екіншіден, білім. Білім болғанда ұлттық рухани құндылыққа негізделген білім. Тоқсаныншы жылдардың басында-ақ Қазақстан жастарды топырлатып дамыған елдердің озық оқу орындарына мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөліп, білім алуға жіберіп жатты. Содан бері де ширек ғасырды шиырып тастаппыз. Әрине, бойында жігері бар қыз-жігіттер мемлекеттік органдарда, ірі бизнестік құрылымдарда қызмет жасап, табыс тауып жүр. Бірақ, олар біздің билік пен бизнестегі космополитизмді, тілдік нигилизмді түрлендіре түскені болмаса, басқалай игілікті қадам жасай қойған жоқ. Міне, осылайша, қазақты қашанда жерге қаратумен қарқынды жұмыс жасап келген күштерге Президент қатты соққы берді ме деген ойдамын.

Мемлекет басшысы 2012 жылы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген болатын. Сондықтан бұл мақаласында Үкіметке нақты тапсырма бере отырып, қай уақытта, қалай латын қарпіне өтетінімізді айтып отыр. Яғни, 2025 жылға қарай іс-қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі де латын әліпбиімен басылады деген сөз. Бұл қоғамдық ғылымдар үшін міндеттелетін үлкен шара болары анық. Әсіресе, архив саласына латын әліпбиін енгізудің маңызы өте зор.

Архив – латын тілінен аударғанда (лат. archіvum) – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекеттік арнаулы мекеме. Мекемелердің ескі құжаттарын сақтайтын бөлімі немесе жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы да архив делінген.

Архив қызметінің басты бағыттары: қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылым анықтамалар мен көрсеткіштер жасау; құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету. Архивтерде мәңгілік мерзімге сақталып, қорғалатын тарихи деректер – мемлекеттің ішкі-сыртқы жағдайы, экономика, саяси-идеология қатынастары туралы құжаттар Ұлттық байлықтың бір бөлігі болып табылады.

Біз өз саламызда, яғни архив құжаттарын екі тілде жүргіземіз, арыздарды орыс және қазақ тілінде қабылдаймыз. Ендігі Президентіміздің алға қойған мақсатын орындауға, бар күш-жігерімізді салып, болашақта ағылшын, латын тілдерін еркін меңгереміз деген үміттеміз.

Қазіргі таңда «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Іле филиалында мемлекеттік тілде – 28 қор , 6147 – сақтау бірлігі анықталған.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша өзіміздің Іле ауданында, елге танымал, еңбегі сінген азаматтары да бірталай. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, бұл ауыл қазір де ардақты азаматтарынан кенде емес. Сондай азаматтардың қатарында Іле ауданының атын елге, дүниежүзіне танытқан:

– Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев (1 сәуір, 1925, Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылы – 15 қазан, 1998, Алматы) – қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы. Қазақ КСР халық әртісі (1975), КСРО халық әртісі (1984), «Халық қаһарманы» (1998).

– Асқар Тоқпанов (Әлиасқар) (13 қазан, 1915 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылы – 22 қараша,1994 жылы Алматы) – Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, педагог-профессор. Қазақ КСРнің Халық артисі (1975).

– Торғын Жылқышықызы Тасыбекова (15 тамыз 1938 жыл, Алматы облысындағы Іле ауданында Ынтымақ ауылында) – актриса, Қазақ КСР-інің халық әртісі (1991).

– Ыдырыс Ноғайбаев, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. ҚР мемлекеттік степендиясының иегері. Қазіргі таңда Чапай ауылындағы мектептердің бірі  Ыдырыс Ноғайбаевтің есімімен аталған.

– Жәпек батыр - Алматы облысы Іле ауданындағы ауыл, Ащыбұлақ ауылдық округі құрамында. Абылай ханның тұтқында бірге болған белгілі досы Үйсін-Шапыраштыдан болған. Шоқан Уалиханов жазып, Бұхар жыраудың өзі өлеңінде атын атаған Жәпек батыр, Шапырашты Қарасайдың шөбересі! Бұхар жырау: «Бәйтелі, Қаумен, Дәулет, Жәпек Қарасайдың шөберелері – бәрі батыр» – деп айткан...

– Мұхаметжан Түймебайұлы Түймебаев – Социалистік Еңбек Ері (1948), совхоз құрылысын ұйымдастырушылардың бірі. Бұрынғы Ащыбұлақ ауылына, қазіргі М.Түймебаев есімі берілген.

– Өтеген Өтеғұлұлы, Мүйізді Өтеген – батыр, жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен батыр, қолбасшы. 1699 жылы Шу өзенінің бойындағы Изенді өңірінде дүниеге келіп, 1773 жылы Іле өзенінің бойындағы  Шолақтау, Шеңгелді өңірінде көз жұмған. Ұлы жүздің дулат тайпасынан шыққан. Іле ауданы орталығы бұрынғы «Энергетический», қазір  Өтеген батыр атымен аталады.

– Әлмерек Жаншықұлы – 1658 жылы Әулие ата маңайы (қазіргі Жамбыл облысы) туған. Батыр, шешен, көріпкел.

– Байсерке Құлышұлы (1841, Шу өзенінің бойы – 1906, сонда) – күйші, домбырашы, Жетісу күй мектебінің негізін салушылардың бірі.

Осындай азаматтардың жеке құжаттарын «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Іле филиалына қабылдау болашақта жоспарланып отыр.

ҚР Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бойынша архив саласында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес жаңғырулар орын алып отыр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске қосу арқылы мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстары халық үшін тиімді екенін көруге болады. Осы бағдарлама арқылы «Архивтік анықтама беру» мемлекеттік қызмет көрсету жұмысының өте ыңғайлы, әрі жылдам орындалатынына көз жеткіздік.

Жаңа ғасыр, жаңа заман осыған қарай тез қарқынмен зымырап, бет алып барады. Ендігі жерде кім жанталасып жақсы жұмыс істейді, кім өз мамандығын жетік меңгеріп, жаңалыққа қалай тез қол жеткізеді – соның жолы болады. Байлыққа, табысқа сол кенеледі. Сол халықтың жұлдызы оңынан туады дегім келеді.

Құдайға шүкір, дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Енді біздің алдымызда дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты тұр. Ол үшін бірлік, білім мен еңбек қажет. Елбасының бұл мақаласында ұлтын сүйген ұлдың жүрек лүпілі сезіледі. Оның тарихына, тіліне, дініне, мыңдаған жыл бойы қалыптасқан салт-дәстүріне деген шын махаббаты көрінеді. Ендігі кезекте осынау мақала – тек мақала емес, біз көптен күткен мәдени саладағы үлкен мемлекеттік бағдарламаны қалыптастырса деймін. Сол бағдарлама арқылы мәдени-идеологиялық, рухани жаңғыруымызды баянды етсек деп үміттенемін.

           

А. ЕЛУБАЕВА,

Іле филиалының директоры.