БАСТЫ > 

 
 
 
ЖАҢА ПОЛИЦИЯ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ 14.09.2016


        Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты Жәпек батыр ауылында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды.
Қызыл Кеңестің тұсында колхоздың кеңсесі болған ғимарат тәуелсіздік алғаннан кейін ауылдық амбулаторияға айналған болатын. 2013 жылы «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасымен Жәпек батыр ауылына жаңа амбулатория салынғаннан кейін осы ғимарат босап тұрған еді. Округ әкімі ауылдағы Қоғамдық кеңес мүшелерімен ақылдаса келе полиция бекетіне айналдырды. Ащыбұлақ округіне қарайтын 10 полиция инспекторларын екіге бөліп, бесеуін осы Жәпек батыр ауылына бөлді.
Полиция бекетінің қызмет көрсететін аумағында 18 мыңға жуық адам тұрады, оның ішінде 3 орта мектеп, жеке балабақшалар, 2 зауыт, дүкендер желісі, дәріханалар, 1 ауылдық амбулатория, 1 АЗС, екі техникалық жөндеу орталығы, пошта бөлімшесі орналасқан.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Қ. Медеуов «Құрметті Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғындары, Сіздерді полиция бекетінің ашылуымен құттықтаймын. Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «100 нақты қадам: Ұлт жоспарының» 30 қадамында «Жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру» туралы тапсырған еді. Міне, бүгін сол тапсырманы орындаудың сәті түсті. Ауылдық жерлерде аймақтық полиция пунктінің ашылуы өте маңызды. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті күзетіп, қылмыс санын азайтуға бар күштерін салады деп ойлаймын. Құқық бұзушылықтардың да саны азаймақ. Сіздерге осы полиция инспекторларымен қоян-қолтық жұмыс жасап, ел тыныштығын бірге қадағалайды деген сенім артамын», - деді. Одан кейін аудан әкімі өз қолымен екі мопедтің кілтін учаскелік инспекторларға табыс етіп, 20 ерікті ауыл азаматтарына учаскелік полиция көмекшілері билеті үлестірілді. Жаңа атауға ие болған ғимарат ауыл ақсақалы Б.Жұмабектің ақ батасымен лента қиылып, шашу шашылып ашылды.
Осы ғимаратта 5 учаскелік полиция инспекторлары қызмет ететін болады. Бекет басшысы болып аудандық ІІБ-ның полиция лейтенанты, аға учаскелік полиция инспекторы Нұрқасымов Нұрбол Сейтқалиұлы бектілді.
Жиында сөз сөйлеген Алматы облысы ішкі істер департаменті, жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі С. Айдар аудан әкіміне және ауылдағы Қоғамдық кеңес мүшелері Р.Бақтыбаев, Т. Мансуровқа осы ғимараттың ашылуына бірден-бір себепші аудандық мәслихаттың депутаттары Ә. Исаев пен С.Чатуевке алғысын білдірді.
Айта кетейік, аудан көлемінде учаскелік бөлімшелерді қажет етіп тұрған округтер әлі де бар. Әсіресе полиция бекеттері аудан орталығынан шалғайда жатқан шағын елді мекендерге керек.