Өткен аптада Боралдай кентіндегі №39 гимназиясында облыстық, республикалық, халықаралық олимпиада, байқау, сайыс, жарыстарында жүлделерге ие болған білімді де, дарынды, өнерлі де, талантты оқушыларының шеруі өтті. Дарынды балаларды қолдау мақсатында ауданымызда жүйелі де, маңызды жұмыстар атқарылуда.
Ауданымыздың ең үздік шәкірттерінің шеруіне аудан әкімінің орынбасары Д.Жүнісов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Е.Тұрымбетов қатысты. Салтанатты шерудің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Д.Жүнісов сөз сөйлеп, дарынды шәкірттерді жеткен жетістіктерімен құттықтады. Ол өз сөзінде:
- «Бүгінгі күні ауданымызды облыс, республика, халықаралық деңгейде танытып, өз мектебінің намысын қорғаған шығармашыл да дарынды шәкірттеріміз баршылық. Бұл дарынды оқушылар қоғамымыздың алтын қоры, алға жылжытар күш-жігері», - деп атап өтті. Қазіргі кезде қоғамдық-әлеуметтік өмірдің барлық саласында түбірлі өзгерістердің болуына байланысты білім жүйесінде де, ойын мазмұны оқыту әдістемесінде де біршама жаңарулар болып жатыр.
Жалын атқан жас өрендеріміз бір жыл бойы республика мен облыс көлемінде ауданымыздың намысын қорғады. Бірі өз өнерін паш етсе, екіншілер ғылыми жоба қорғап, білім шыңын бағындыруға талпыныс жасады
Слетте аудан әкімінің орынбасары Д.Жүнісов білім, өнер бағыты бойынша және спорт саласындағы жетістіктері үшін бірқатар оқушыларды арнайы мақтау қағаздарымен, ал ата-аналарды, мұғалімдерді алғыс хаттармен марапаттады. Слет барысында оқушылар өздерінің ән, би өнерлерін көрсетіп, осы игі-шараны музыкамен көркемдеп отырды. Жеңіс дәмін татқан әр оқушының көкейінде алдағы уақытта талай асуларды алып, өз қабілетін әрі қарай дамытуға деген жігерлілік байқалды. Осындай талантты ұрпағы бар еліміздің болашағының жарқын болатынына кәміл сенеміз!
|