Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік. Облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдығына орай Іле аудандық кітапханасында 03.05.2018 жылы оқырмандармен кездесу өтті. Кездесуге № 13, № 7 орта мектебі және № 38 мектеп гимназиясының ұстаздары, аудандық «Іле таңы» газеті, аудандық кітапхана қызметкерлері және «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Базарұлы, облыстық «Жетісу» газеті редакциясының меңгерушісі Қуаныш Тұңғатар, облыстық «Огни Алатау» газетінің меншікті тілшісі Рамазан Елешев қатысты.
Кездесу барысында алғашқы сөзді «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Базарұлы алып, басылымның тарихынан сыр шертті. Облыстық «Жетісу» газеті редакциясының меңгерушісі Қуаныш Тұңғатар «Жетісу» газетінің тарихына толықтай тоқталып, көзі қарақты жазылушыларымыз газет-журналдың қоғамдағы орнының маңыздылығын сөз етіп, Алаш арыстарының қолтаңбасының қалғандығын айтты.
Қазыналы қарттың жасына келген қос басылымды мерейтойымен құттықтап, газет ұжымына мерейтойларыңыз құтты болсын, оқырмандарды тұшымды мақалалармен қуанта беріңіздер деген тілекпен іс-шара қорытындыланды. Кездесу соңында «Өлке тынысы» ЖШС директоры Мейрам Базарұлы, облыстық «Жетісу» газеті редакциясының меңгерушісі Қуаныш Тұңғатар, оқырмандарын «Алғыс хатпен» марапаттап, бағалы сыйлықтармен қуантты.

|