«Ел іші - өнер кеніші дегендей» аудан әкімінің орынбасары Кушенов Ахметжан Рахымбайұлының бастауымен ауданымыздағы 10 округте «Іленің сырлы кештері» атты поэзиялық кештер өтті. Екі айдың жүзінде жергілікті ақындардың шығармашылығын тыңдап, құлақ құрышын қандырдық. Поэзиядан шөлдеген рухани жан сарайымызды тазартып, рахаттанып қалдық. Ақындарға да шабыт беріп, сиясы кеппеген қара өлеңдердің өрелі жырларын көкірегімізге түйдік. Округтердің бірі ақын-жазушыларымен мақтанса, екіншілері спорт саласында мерейі асқақ азаматтарымен мерейленді. Акцияның негізгі мақсаты да осы жергілікті белсенді жұрттың жасап жатқан жұмыстарын баршаға таныстыру.
Ащыбұлақ: Түймебаев ауылындағы орталық стадионда өткен кештің тақырыбы «Сағыныш тамшылары» деп аталады. Ащыбұлақтықтар өз сағыныштарын Алатаудай асқаралы алдыңғы буын ағалары арқылы білдіргендей. Әдеби кеш тұтасымен округтің өсіп-өркендеуіне, нығаюына, дамып, қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан өз заманының алып азаматтары, еңбегін тек Іле ауданы ғана емес, бүкіл Кеңес Одағы мойындаған «Соцалистік Еңбек Ері» Мұхаметжан Түймебаев пен Ұлы Отан соғысының ардагері «Ленин» орденінің иегері Құлжабай Алтаевқа арналды. Кеште аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исаев Әмзе Әлдибекұлы сөз сөйлеп, еңбек атасы Мұхаметжан Түймебаев пен батыр Құлжабай Алтаевтардың ел басқарып тұрған кездегі Ащыбұлақ округіне жасаған жақсылықтары мен сүбелі еңбектерін нақты фактілерімен атап өтті. Одан кейін сол ауылдың байырғы тұрғындарының бірі, талай жыл қой фермасында зоотехник болып еңбек еткен ауданның «Құрметті азаматы» Қасымбеков Кеншін Шәкілұлы шығып, аты аталған қос алып азаматтармен бірге ел дамуына қосарлана үлес қосқандарын мақтана жеткізді.
Бұдан кейін «Іле толқындары» ансамблінің белді мүшесі күйші композитор Қуат Әбдіхалықов, «Денсаулық» журналы редакторының орынбасары Абатбай Кірқабатов, ақын, сазгер «Іле толқындар» ансамблінің негізін қалаушы Керімбеков Нұрлан Нұртайұлы, жас ақын «Жырым – тұма жүрегімнен төгілген» атты жыр жинақтың авторы Нұрбек Жаңғабаев, №19 орта мектептің директоры Қызайбек Исабек өз өлеңдерін арқалана оқыды.
Байсерке: «Іленің сырлы кештері» акциясы батыр бабамыз Байсерке ауылында өтті. Аталмыш ауыл ұйымдастырушылары Іле жұртына етене таныс ән «Байсерке бір өзіңе болдым ғашық» атты тақырыпты тандаған. Ауыл орталығында әсемденіп жасалған кең киелі сахна орын тепкен, оның жанында «Ауылым - алтын бесігім» атты этномәдени орталықтарының көрмесі орналасқан. Кештің қызығын көруге келген байсеркелік жұрттың санында есеп жоқ болды.
Байсерке де өзінің жергілікті ақындарын ортаға шығарды. Солардың бірі алып денелі ақын, қоғамдық кеңестің мүшесі Қайсар Валиев, жас ақын Айназар Махембетали, аудан көлеміндегі поэзиялық әлемде өзіндік бояу ажарлы жырлары бар Шәрипа Малкеева, сазгер Жанкелді Орынтаев сынды от ауызды ақындар шығармашылықтарындағы ең үздік өлеңдерін оқыды. Кештің соңы ауыл жастарына арналған би кешімен жалғасып арқа-жарқа болып тарасты.
Междуреченск: Қарға тамырлы қазақпыз ғой. Междуреченск ауылындағы «Іленің сырлы кештері» акциясы ешқандай округке ұқсамады. «Болар елдің баласы, бірін-бірі батырым дер» - дегендей көбіне эстрадалық жанрдағы ән-күй немесе алтыбақан аясындағы көріністерімен таңдай қақтырды. Одан қала берді шетелдерде және республика көлемінде аты шығып, жүрген балуан білекті спортшы жігіттерімен мақтанды. Солардың бірі және бірегейі Азиз Амуев. Әкесі кішкентай Азиздің спортқа әуес болған шағында әр түрлі үйірмелерге қатыстырып, қолпаштап жүретін. Спортқа қадамын Азиз каратэ үйірмесінен бастаған. Әкесі бала Азизді әр түрлі спорттық шараларға қатыстырудан шаршаған емес. Междуреченск ауылындағы №16 орта мектепте оқыды. 1995 жылы еркін күреспен шұғылданып, 1998 жылы самбомен айналысты. Азиз отбасында бес ағайындылардан тұрады. Азиз отбасындағы үлкен ұл болған соң отбасын асырауға міндетті еді. 2011 жылдан бастап ережесіз төбелес саласы бойынша қазақ жастары арасында аты мәлім «Алаш прайд» спорт клубында аталмыш спорт түрі бойынша өнер көрсетеді.
Міне біздің киелі Іле жері тек ақындар емес, ақ білектің күшімен елдің атын шығарып жүрген сайдың тасындай спортшы жігіттерімен де абыройын асқақтата алады.
«Іленің сырлы кештері» поэзиялық акцияның соңына да жетіп қалдық. Екі ай ішінде көптеген жаңа есімдерді таныдық. Ауылдық жерлердегі мәдени іс-шараларды ауқымды түрде өткізілді. Барлық округтердегі ауыл әкімдері іс-шараның кеңейтілген түрде аталып өтілуіне бір адамдай атсалысты. Тағы бір айта кететін жәйт, әрбір округтегі сәнденіп жасалған сахнадан кейін аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Библиотүн» атты түнгі кітапхана ұйымдастырылды. Онда жергілікті ақындардың шығармашылықтарын жарыққа шығарып, елге таныстыру мақсатында ақындардың кітаптарымен көрмелер құрылды.
|