ҚР тілдер мерекесіне орай ауданда 22 тамыз-22 қыркүйек аралығында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілі-қазақ тілі» атты тілдер айлығы жарияланды. Бұл шараға мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, қоғамдық ұйымдар, мәдениет үйлері мен кітапханалар барынша ат салысқанын атап өту керек. Айлық барысында дөңгелек столдар, кездесулер, байқаулар мен пікірсайыс, тілдік шаралар өткізілуде.
Осы айлық барысында №13 орта мектептің акт залында «Мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметте» атты аудандағы мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік қызметкерлердің байқауы өткізілді.
Байқаудың шартына сәйкес әр мекемеден бір топ қатысып, оның құрамында 5 қызметкер болуы керек. Сайысқа қатысушылар 4 кезең бойынша сынға түсті. Әр қатысушы топқа 15 минут уақыт берілді. Мұнда қатысушы топтың белсенділігі, ой ұшқырлығы өнер көрсету шеберлігі, тапқырлығы, ойды жеткізуі, тіл байлығы мен мәдениеті көрініс тапты. «Сәлемдесу» бойынша қатысушы топтың атауы, ұраны, мақсаты мен міндеті, өз қызметіне сәйкес мемлекеттік мекемедегі мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге байланысты атқарылған жұмыстары туралы бейнероликтер мен слайдтар көрсетілді. «Іс жүзіндегі сөз қолдану және пікірсайыс» шарты бойынша Мемлекеттік тілде басқару жұмысы мен іс жүргізуге қатысты құжаттардың (қаулы, шешім, өкім, бұйрық, хаттама және т.б.) жүргізілуі туралы жұмыс барысындағы талдау, сараптау, есеп беру баяндама жасау, ресми сөз сөйлеу, оған пікірлер мен ұсыныстар айту тақырыбында 5 минут уақыт берілді. «Терминдер әлемі» шарты бойынша берілген ауызша тапсырма, қатысушы топқа орыс тіліндегі терминдер тізімі ұсынылды. Топ мүшелері көрсетілген терминдердің қазақ және ағылшын тілдеріндегі аударма нұсқасын тауып тапқырлық танытса , «Сөз шеберлігі» шарты бойынша командалар тіл туралы даналық сөздерді, әйгілі, ғалымдар мен саяси қайраткерлердің сөздердің сөздерін насихаттап, мемлекеттік тілге қызмет бабындағы ұсыныс, ой пікірін ортаға салып, ресми құжаттардан дәйексөз келтіре отырып, Елбасы сөздерін заңдар мен жарлықтарды, бағдарламаны қолданып ой қорытты. Ауылдық кенттік округ әкімі аппаратының қызметкерлер санына байланысты командалар біріктірілді.
Қараой, Чапай, Первомай, КазЦик ауылдық округі әкімі аппараттарының қызметкерлерінен құралған «Достық» тобы, Междуреченск, Күрті, Ащыбұлақ, Боралдай ауылдық округі әкімі аппараты қызметкерлерінің «Төрт ана» тобы, Санитарлық эпидомилогиялық қадағалау басқармасының «Тіл айна» тобы, Білім бөлімінің «Білім кілті» топтары қатысып өзара сынға түсті. Мемлекеттік қызметкерлер аталған байқауда мемлекеттік тілде қызмет барысындағы атқаратын жұмыстары мен қызметтік сәттерден көріністер көрсетті. Байқауға қатысқан қызметкерлер мен мен мекеме басшыларының тіл жанашырлары екендігі көрініп-ақ тұрды.
«Ел бірлігі – асыл қасиет» деген Елбасымыздың дуалы сөзі бекерден-бекер айтылмағаны даусыз. Біз бұл жолғы тіл байқауында осы бір тамаша нақылдың тереңіне бойлағандай болдық. Байқаудың әр бөлімі барысында сайыса отырып, салиқалы ой тастап, сөз саптаған мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік тілде әдемі ой өрілтіп, қандай да болсын қолпаштауға лайық болды. Байқауға ынтасымен қатысып қана қоймай, қызметте де тіл жанашыры бола білген ауылдық кенттік округ әкімі аппаратының мамандары Бекмырза Иманбеков, Айдарбек, Жасымбеков, Гүлжан Сакипова, Гулмира Абдулдаева, аудандық білім бөлімінің бас маманы Айнұр Нұрқанова, Махаббат Ишангалиева, Ақжан Ақмажанов, Санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары көрермен көзайымна айналып, ерекше көзге түсті.
Биылғы жылы екінші рет өткізіліп отырған байқауға қатысқан барлық мекемелерге мемлекеттік тілге деген жанашырлығы мен қолдауы үшін шынайлы алғысымыз шексіз.
Елбасымыз Н.Назарбаев «Мемлекеттік тілге деген қамқорлық ең бастысы мемлекеттік қызметкерлерден басталып, қоғамның барлық саласында қанат жаюы тиіс. Ол үшін мемлекеттік қызметкерлер бастамашы топқа айналуы керек» деп атап көрсетіп, мемлекеттік тілге қамқорлық мемлекеттік қызметкерден басталатынан нақтылап берді .
Алайда жыл сайын аталған байқауға қатыспай, жауапкершіліктен қашып, мемлекеттік тілге атүсті қарайтын Байсерке, Энергетик, Жетіген, ауылдық округі әкімі аппараты мен Жер бөлімі, Құрылыс бөлімі, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы, Жолаушылар көлігі және автомобил жолдары бөлімі, Жұмыспен қамту бөлімі, Қаржы бөлімі, Кәсіпкерлік бөлімі, Сәулет және қалақұрлысы бөлімі, Ауылшаруашылық бөлімі, мемлекеттік тілге немқұрайлылық танытып, ҚР «Тіл туралы» Заңына деген құрмет көрсетуді ысырып тастағандай болды.
Айтпағымыз Мемлекеттік тіл-тек қазақтың тілі емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттың ұлтаралық ортақ тілі. Ендеше: «Адамға екі нәрсе тіректегі, бірі-тіл, бірі-ділің жүректегі»-деп, Ж.Баласағұн айтқандай, қазақ тілінің көсегесін көгерту алдымен өзін қазақпын деп санайтындар ғана емес, Қазақстан топырағында тұратын таза ниетті әрбір азамат, мемлекеттік тіл - қазақ тілін өзіне тірек етіп, ол тілді жүрегімен сүюі тиіс екендігін ұғынса екен дейміз.
Білімділікті, тілді дамытушылық пен тәрбие берер өнегелілікті танытқан бұл байқау аздаған командалардың кібіртіктегені болмаса, әжептәуір ілгері әрі салмақты болғанын айтқымыз келеді. Өзгеге өрелі ой тастап, өзегі талғанша өз тілінің мәртебесін көтеруге құлшынған мемлекеттік қызметшілердің талабы таудай биік болсын !..
Мемлекеттік мекемелерде тек қана осындай байқау немесе тілдер айлығы кезінде ғана емес, қоғамның әр саласында қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлер дәл осылай мемлекеттік тілге деген көзқарасы жоғары болып, тілге деген адами қасиеті мен жауапкершілігі арта берсін демекпіз.
Санат Ерболатұлы
Аудандық мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің бас маманы.
(Орналасқан мерзімі: 13.09.2013)