Жастар - еліміздің жарқын болашағы. Оларға жіті көңіл бөлу, дұрыс тәрбиелеу - дін жетекшілері мен елбасшылары алдындағы негізгі мәселелердің бірі. Олардың болашағы осыған байланысты. Жастарымыз да сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерімізді ұдайы жадында сақтап, оны құрмет тұтып қадірлеуді, өз туған-туыстары мен отандастарына құрмет көрсетуді азаматтық міндетім деп білуі тиіс. Қазақстанда халықаралық, дінаралық келісім, өзара татулық пен сыйластық ежелден қалыптасқан үрдіс. Аллаға сансыз шүкір, бұл Алла Тағаланың Қазақстан халқына нәсіп еткен ұлы сыйы, нығметі, әрі біздің ата-бабамыздан қалған құнды мұра. Осындай үлкен қазынаның қадіріне жетіп, оны сақтап, молайту - перзенттік борышымыз.
Бүгінгі жастар бұрынғылармен салыстырғанда өзгешелеу. Олардың ой-өрісі, талпынысы, өмірге деген көзқарасы, сауық-сайран құруы, былай айтқанда, адами құндылықтары бөлектеу. Бірақ жастарымыз жалпы адамзаттық мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтардың да бар екенін естен шығармаулары қажет. Онсыз тұлға толыққанды қалыптаса алмайды. Жеке адамның, оның санасы мен тұлғасының қалыптасуына әсер ететін жағдаяттар мол. Айталық, оның ата-анасы, өмір сүріп отырған ортасы, алып жатқан тәрбиесі, бірге араласатын жора-жолдастары тағы басқа. Адам баласы күн сайын бір нәрсеге көңіл бөліп, ой түйеді, өмір бойы оқиды. Алайда адам баласының тұлғалық сипаты жас кезінен бастап қалыптасады. Жас сәби табиғатынан таза, пәк. Бұл - адамның өмірден әлі ештеңе көрмеген, көңілге түймеген шағы. Әлемді енді-енді тани бастайды. Міне, дәл осы кезеңде ата-ананың, содан кейін білім беру мекемелеріндегі мұғалімдердің балабақшадан бастап, олардың бойына бірте-бірте рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратуға үйрету - маңызды іс. Осы орайда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың: «Ата-ана баласы үшін жауапты» деген даналық сөзін еске түсіре кеткен орынды болар. Егер ата-ана өз міндеттерін орындамаса, онда бала көше тәрбиесімен кетеді. Ондағы (көшедегі) тәрбие, өмірге деген құштарлық, мақсат-мүдделердің басқа екенін баршамыз жақсы білеміз. Мұндай жағдайда теледидар, ғаламтор, компьютерлік ойындар баланың бас тәрбиешісіне айналады. Осыдан кейін жас баланың бойында кез келген нәрсені жасауға болады деген мінез қалыптасады. Әрине, жас ұрпақты мұндай қатерден құтқарып қалу - толықтай мүмкін де емес. Десе де, қатерлі жағдайдан шығудың бірден-бір жолы - оларға алдағы өмірінде кездесуі мүмкін кедеңсіздіктер мен қауіп-қатерлерді және неден сақтанып жүру қажеттігін түсіндіру. Олар мұның сана мен саулыққа кері әсер ететінін саналы түрде ұғынулары тиіс. Болашақта біреу темекі ұсынса, әлде ішкілікті ішуге итермелесе, міне, сонда олар не істеу қажеттігін таразылай алады. Жамандық атаулыдан саналы түрде бас тартқан бала оларға: «Жоқ» деп жауап бере алады, сондай-ақ жамандықтан жиренетін болады.
«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен». Бұл - ата-бабаларымыздың өскелең ұрпаққа қалдырған өсиеті. Жастар бойындағы жаман қылықтарға қарсы күресетін иммунитет - ол діни, рухани-адамгершілік және моральдық ұғымдар. Осындай құндылықтар ғана әлемді жамандық атаулыдан құтқарады. Сонымен қатар жастардың көкейіне заң арқылы үрей салу, қоғамдық пікірден аяқ тартқызу - жас ұрпақты қандай да бір қылмыс жасаудан тоқтатуы мүмкін. Дегенмен ол, толық тосқауыл бола алмайды. Адам жазықты бола тұрып, жазаланбай қалса, онда ол заң талаптарын тағы да белден басуы ғажап емес. Ал ешкім мені көрмеді, бұл әрекетімді байқамады деген түсінік оны тағы да қылмыс жасауға жетелеуі мүмкін. Ал діни, рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбие көрген адам қай жерде жүрсе де, қандай жағдайға тап болса да, өзін Жаратушы Ие көріп тұрғанын біледі. Сондай-ақ, ол бұл дүниенің сотынан оңай құтылғанымен, арғы өмірдің тезінен қашып кету мүмкін еместігін жақсы сезінеді.
Діни тәрбие адам бойында ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік, тағы басқа сезімдерін оятады. Дін адамды төзімділікке, алып-қашпа, бөтен ойларға кеңдікпен қарауға үйретеді. Бұл, әсіресе бірнеше дінді, көп ұлт өкілдері қоныстанған біздің елде өте маңызды. Осындай тәрбие болмаған жағдайда қылмыс, экстремизм, төзімсіздік, дінаралық, ұлтаралық алауыздық пен теке тірес секілді құбылыстар көрініс табуы ықтимал. Осындай құбылыстардың болуын қалайтын, елдегі ахуалдың тұрақсыздануы үшін қолынан келгенін аямайтын күштердің де бар екені жасырын емес. Арнайы діни білімнің болмауы, шала сауаттылық та экстремизмге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Қылмыскерлер мен экстремистердің қатарына қосылып кеткендердің бәрі де дұрыс діни тәрбиеден нәр алмағандар. Сондықтан олар қылмыс әлеміне оп-оңай жем болады. Олармен күресте тек күш қолдану тәсілі тиімді нәтиже бере бермейді. Сондықтан бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргізе білу де маңызды. Мұндай жағдайда ағартушылық жолмен күресу қажет. Жастарға шынайы діни білім беріп, олардың білім көкжиегін кеңейту керек. Адамгершілік тәрбиеде діни құндылықтарды пайдалану, сондай-ақ дін мен мектептерді шебер байланыстыру нүктелерін дұрыс таба білу - бүгінгі заманда оң нәтиже берері сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам мен дін қызметкерлері жастарды дұрыс тәрбиелеуде күш біріктіргені абзал.
Сөз соңында бас мұфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің: «Айналадағы адамдардың жағдайымен, халықтың әдет-ғұрпы, таным-түсінігімен санасқан дұрыс. Ислам шариғаты негіздерінде де «әдет-ғұрыптан үкім алынады» деген қағиданы ескерген абзал. Дініміз даналық жолын, орталықты ұстануға үндейді. Еліміздің бірлігі мен тыныштығы үшін кейбір мәселелерде қоғамның түсінігіне қарау қажет. Олай болмаған жағдайда, мұсылман жастарының арасында бөлінушілік, алауыздық орнайды. Ел бірлігі бұзылып, дініміз дүдәмал күй кешеді. Бұл - өте қауіпті», - деген сөзін бүгінгі жастар түсіне білсе екен.
Жардыбай Ережеп, «Айтақын ата» мешітінің бас имамы
|