Елімізге Алла нұрын жауып егеменді ел болғанымызға енді ғана шерек ғасырға жақын уақыт өткен болса да, еліміз тіршіліктің барлық салаларында ғасырларға арзыйтындай үлкен жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Ең бастысы Елбасымыздың сөзімен айтқанда: «Мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық, мәңгілік елдің іргетасын қаладық».
Ендігі кезекте Елбасымыз айтқанындай: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – мәңгілік ел біздің өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек».
Міне бұл Президентіміздің айтқан сөздері Қазақстан еліне арналған өнегелі тағлым әрі қасиетті бағдар. Ендеше ел тіршілігіндегі әрбір салада ауызбіршілік пен өзара ынтымақты сақтау әрбір қазақстандықтың, әсіресе өзін мұсылманмын деп білетін азаматтардың қасиетті міндеті болуға тиіс.
Енді елдің ауызбіршілі мен бейбіт тіршілігіне көлеңке салуы мүмкін болған кейбір жәйттер жайлы әңгіме етер болсақ, қазіргі таңда жалпы дүние жүзі жұртшылығын мазалап отырған мәселенің бірі, түрлі мемлекеттерде орын алғанындай, әртүрлі бүлікшіл топтардың экстремисттік әрекеттерге барып жатқандықтары болып отыр. Сондай бүлікшіл топтардың кейбірі біздің елімізге де сұғылып кіріп өз идеяларын ендірмек болып жүргені де бар.
Сонғы жылдары мұндай топтарды ауыздықтайтын бірқатар заңдар шығарылып, бір неше экстремистік деп табылған топтардың қызметіне тыйым салынды. Сөйтіп, бұдан бұрын Қазақстан аумағында бір неше экстремистік деп табылған топтар мен ұйымдардың қызметіне тыйым салынған болатын, яғни: І. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 15 қазандағы шешімі негізінде: 1. «Аль-Каида», 2. «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс», 3. «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», 4. «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»).
ІІ. Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес: 1. «Асбат аль-Ансар», 2. «Мұсылман-ағайындар» («Братья-мусульмане»), 3. «Талибан» қозғалысы, 4. «Боз гурд», 5. «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер», 6. «Лашкар-е-Тайба», 7. «Әлеуметтік реформалар Қоғамы».
ІІІ. Астана қалалық сотының 2005 жылдың 28 наурызындағы шешіміне сәйкес: Қазақстанда «Хизб-ут-Тахрир» шетелдік ұйымы экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған.
ІV. Астана қаласы сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешіміне сәйкес: 1. «АУМ Синрикё», 2. «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы».
V. Астана қаласы сотының 2008 жылғы 5 наурыздағы шешіміне сәйкес: 1. «Түркістан ислам қозғалысы». Және «Алля Аят» тағы да «Ата жолы» сияқты ұйымдардың қызметіне тыйым салынған еді.
2013 жылдың 28 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты халықаралық Таблиғи жамағат ұйымын экстремистік деп танып Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салды.
«Таблиғ жамағаты» туралы қысқаша айтар болсақ, бұл топ еліміздің барлық аумақтарына тарап, танымал болып қалған топтардың бірітұғын. Негізінде аталған топқа Үндістанның Кандахла штаты Сахарнуфур деген елді мекенінде (1885-1944) дүниеге келген Мұхаммед Иляс Әл-Кандахлауи тарапынан 1926 жылы негіз салынған. Бұл кісінің өмір баяны туралы деректер өте аз. Бізге мәлім болғаны, ол өзінің таблиғшылар жамағатына 1926 жылы негіз салып, содан өмірінің соңына дейін аталған жамағатқа басшылық жасаған.
Сөйтіп, Үндістанның Сахарнуфурінен бастау алған таблиғшылар жамағатының идеологиясы уақыт өте келе, көрші Пәкістан, Бангладеш елдеріне, сосын одан әрі етек жая барып Сирия, Иордания, Палестина, Ливан, Мысыр, Судан, Ирақ, араб елдеріне тарады. Одан кейін Еуропаға және ТМД елдеріне етек жайды. Міне осылайша біздің елге де сұғылып кіріп келді.
«Таблиғи жамағат» өкілдері жайлы қышқаша сипаттама берер болсақ, олар діни сауаты төмен, басым бөлігінің сауатын мүлде жоқ деуге де болады. Соған қарамай өздерін білгіштер сияқты көрсетіп «есіктен есікке» жүріп ел аралап, апталап-айлап кез келген жұртшылыққа үгіт-насихат істерін жүргізеді.
Олардың өздеріне тән ерекшеліктері: жұпыны киінуді, жұпыны төсек-орынды қанағат тұтады, тамақтану мәселесі де солай. Жолға шығарда «Ырзықты жолымызда Алланың өзі жеткізеді» деп, шамалы қаражатпен жолға шығады. Мұнда олар сапар кезінде жомарт адамдардың хадия (сыйлық) немесе садақа ретінде азды-көпті көмек беретіндерін де есепке алады.
Олар бір топ болып белгілі бір елді мекенге барып, олардың кейбірі өздері үшін тұрақтайтын мекен-жайларын дайындаумен айналысады, қалғандары үйден-үйге жүріп, базарларды аралап, кез келген адамдарға өздерінің дағуат жұмыстарын жүргізеді.
Міне осындай әрекеттеріне байланысты, бұл топтың өкілдері қай жерге барса да, дереу құқық қорғау орындарының назарына ілігеді. Сондай жағдай біздің елде де орын алып, оның ақыр-соңы бұл тоқтың қызметіне тыйым салынуымен аяқталды.
Бұдан бұрын, бұл топтың қызметіне Өзбекстан мен Тәжікстан және Ресей елдерінде де тыйым салынған болатын. Міне енді, бауырларымызды жат жолға жетектеп, Ислам дінінің тоза жолын бұрмалап жүрген бұл топтың қызметіне біздің елде де тыйым салынды.
Енді бұл топтың не себептен «Таблиғ жамағаты» деп аталғандығы туралы айтатын болсақ, олардың өздерінің түсіндірулері бойынша: «Таблиғ» сөзінің мағынасы «жеткізу, хабарландыру, ескерту» деген мағыналарды аңғартады. Таблиғ жамағаты өздерінің осылайша аталуының себебін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіндегі: «Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер»!- деген сөзімен байланыстырады. Олардың пікірінше Аллаға шақырушы әрбір адам «таблиғшы» – «жеткізуші» болып табылады, содан жамағаттарын «таблиғ жамағаты» деп аталады.
Үстірт қараған адамға таблиғшылардың бұл уәждары орынды сияқты көрінгенімен, зерделеп қарағанда бұл пікірдік орынсыз екендігі анық көрінеді. Біріншіден, олардың келтірген хадисі «ұмуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни бұл хадистегі «жеткізіңдер»- деген сөз жалпылама айтылып, «жеткізу» қажет екендігін аңғартқанымен, «жалғыз өзі жеткізуі керек пе, әлде жамағат болып па», «қандай тәсілмен жеткізу», «қашан жеткізу», «кімдерге жеткізу» қажет екендігі дәлдеп, таратып айтылмаған. Сондай-ақ, хадисте «аяттарды жеткізуші жамағаттың болуы қажет екендігі» туралы ешқандай нұсқау да, тіпті оған сілтеу болатын мағына да келмеген. Сондықтан, бұл хадис «Таблиғ жамағаты» сияқты жамағаттың болуына шарғи тұрғыдан дәлел бола алмайды. Ал шарғи дәлел болмаған жерде осындай жамағаттың болуы қажет деп тұжырымдау – шариғат тұрғысынан қателік болып табылады. Өйткені, Құранда топтарға бөлінбеу туралы анық нұсқаулар келген. Міне осыдан «Әхлүс сүннә уәл жамаға» жамағатынан басқа жамағаттың болуы Құран мен сүннәнің басты шарттарына қайшы. Өйткені, Құранда «бөлінбеңдер» деген мағынадағы аяттар келген болса, хадистерде Әхлүс сүннә жамағатынан бөлінуді қаралайтын үкімдер келген. Солардың бірінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім жамағаттан (оның ұстанған шариғатының шеңберінен небәрі) бір елі (тинақтай шетке) шықса (ауытқыса) – әлбетте, қайта оралмағанынша Исламның (алтын) алқасын мойынынан шешкен (Исламнан шыққан) болады. Сөйтіп, кімде-кім жамағат имамын (оның мазхабын) ұстанбай өмірден өтсе, әлбетте ол жахилият өлімімен өлген (дүниеден надан хәлінде өткен) болады».
Міне осы хадис имамның мазхабын ұстану қаншалықты қажет екендігін ашық-аййдын көрсетіп тұр. Осы хадистің үкіміне байланысты, әрқандай шеттен келген адам жергілікті жамағатқа қосылып, оның имамы ұстанған жолын ұстануы міндет. Сондай--ақ, шеттен келген адам жергілікті имамның ұстанған жолына қайшылық жасауы дұрыс емес. Егер қайшылық жасаса – бүлік шығарған болып табылады. Бұл қағида «Таблиғ жамағаты»ның өкілдеріне де қатысты. Егер кімде-кім бұл қағидаға бойұсынбаса, онда олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұсқауларына бойұсынбаған болып табылады. Шариғат үкімдеріне бойұсынудың және жергілікті жамағаттың ұстанған жолын ұстанудың міндет екендігін мына бір хадис те дәлелдейді, онда «Мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алла тағалаға бойұсынбаса, онда ақирет күні оның үшін ақталатын ешқандай құжаты болмайды және кімде-кім жамағатқа қарсылық жасап жүріп өмірден өтсе, әлбетте ол адам жахилият өлімімен дүниеден өтеді»- деген.
Міне, осы келтірілген хадистерде жергілікті жамағат - «Сәуадүл ағзам» жамағаты болып табылатындығын, сондықтан, оның имамының ұстанған жолын ұстану баршаға бірдей міндет екендігін, оған қайшылық жасау пендені азғындыққа ұшырататындығын айқындайтын анық нұсқаулар бар екендігінің куәсі боламыз. Өкінішке орай, осындай айдай анық нұсқаулар бола тұра, оларды елемей, өздерін білгіш санайтын кейбіреулер жергілікті жамағаттың немесе жамағат имамының кейбір істеген амалдарын ұнатпай (сүннәға сай емес деп), өз бетімен жол ұстанғылары, сөйтіп адамдардың арасына бүлік салып өз ұстанымдарын басқаларға да тықпыштағылары келеді. Сол мақсатта олар мешіт имамдарымен пікірталасқа түседі немесе өздеріне жұрттың назарын аудару үшін, көрсете тұрып қасақана жергілікті жамағаттың амалдарына қайшы келетін амалдар жасайды. «Таблиғ жамағаты» да осындай топтардың қатарына жатады. Олар имамдардың қарсылық жасағандарына қарамай өздері дағуатқа барған елді мекендердегі мешіттерге адамдар жинайды, сөйтіп мешіттердің имамдарын елемей, өздерінің уағыздарын жүргізеді. Сөйтіп, мешіт жамағатымен немесе олардың имамдарымен пікірталасқа түсіп, кейде текетіреске салынып жатады. Барған елді мекендерінде аралап жүріп үгіт-уағыздар жасайды, олар мұндай уағыздарын «баян» немесе «хұтба» деп атайды. «Баян» кезінде адамдарды уағыз тыңдауға жинап, оларды бірнеше топқа бөліп, олардың әрбіріне жетекші тағайындалады. Сөйтіп, оларға Фатиха сүресі мен бірнеше қысқа сүрелер үйретіледі. Осылайша, бірнеше күн өткеннен кейін, сол адамдарды өздерімен бірге «дағуатқа» (уағызға) шығуға міндеттейді. Бұған олар: «Сапарға шығып дағуат жасау, дағуатшының санасын тәрбиелейді. Сендер енді дағуатшысыңдар, адамдарға ненің халал, ненің харам екендігін түсіндіріп берушісіңдер, адамдардың Исламға келуіне жауаптысыңдар»- деп үгіт жүргізеді. Содан әрбір адам өзінің шамасына қарай олармен бірге 1 күн, яки 3 күн, жылына қырық күн, өмірінде үш ай дағуатқа шығуы қажет болады. Таблиғшылар мұндай дағуатқа шығуды «харуж» дейді. Олар өздерінің ойдан шығарған бұл бидғат істерін құптау үшін «Әлі Имран» сүресінің 110- аятындағы: «Сендер адамдар үшін шығарылған үмбеттің ең жақсысы болдыңдар. Сендер Аллаға иман келтіріп, игілікке әмір етесіңдер және жаман істерден тыясыңдар» деген үкімді алға тартып: Міне аятта адамдарды тура жолға шақыру және жаман істерден қайтару туралы айтылған. Сондықтан, біздер дағуатқа шығып адамдарды тура жолға шақырамыз және оларды жаман істерден қайтарамыз,- деп уәж айтпақ болады. Бірақ бұл аят олардың сөздеріне дәлел болмайды. Өйткені, аятта дәл таблиғшылар сияқты бөлек жамағат құру туралы да, немесе 1 күн, яки 3 күн, жылына қырық күн, өмірінде үш ай дағуатқа шығу қажеттілігі жайлы да ешқандай нұсқау берілмеген. Сондай-ақ, дінге дағуат ету, оны елге өз деңгейінде түсіндіре білу кезкелген адамның қолынан келе беретін шаруа емес, оған қажетті деңгейде діни сауат керек. Бұл туралы аяттарда да, хадистерде де нақты нұсқаулар келген. Бұған қоса, олар барған мешіттерін жатақхана ретінде пайдаланып, ішінде ішіп-жеп, бірнеше күн жатып алатындары да бар. Әрине, мешіттерде бірнеше күн жатып алғаннан соң, онда өздерінің кір-қоңын жуып, сосын оларды кептіру үшін жайып қойып мешіттердің сыйқын кетіреді, сөйтіп Ислам дінін салақ, кір-қожалақ адамдардың діні сияқты етіп көрсетеді.
Ал негізінде Ислам діні тазалықтың, көркем әдептіліктің діні. Сондықтан, «Таблиғ жамағаты» сияқты шектен шығып, асыра сілтеушілікке салынған топтарға жол беруге болмайды.
|