Басты  - ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ - ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
 

 
 
 
БЕЙБІТШІЛ ХАЛЫҚТЫҢ БЕРЕКЕЛІ МЕЙРАМЫ 13.05.2016


        Мамыр айы Жер-Анаға нәр беріп, төңірекке нұрлы шуағын шашып, жер дүние жайнап, сайын дала гүл дестемен көмкерілген уыз шақ. Бұл- береке мен бірліктің туы желбіреп, еңбек пен достықтың күйін шертетін ғажайып мерекені Өтеген батыр кентіндегі орталық стадионда ілеліктер кеңінен атап өтті. Президентіміз Н.Назарбаев атап өткендей, «Бүкіл біздің тәуелсіздігіміздің тарихы - бұл Республикамыздың аумағында тұрып жатқан барлық ұлттар мен ұлыстар достығының жылнамасы».
Сұлу табиғатпен бірге түлеген ұлттар түрлі-түсті киімдерімен шеру жасап, үлкен мерекенің мерейін асырды.
Өтеген батыр кентіннің орталық көшесінде мерекеге сай безендіріліп, түрлі ұлттың ақ шатырлары тігіліп, салт-дәстүрлерін баршаға таныстырды. Сазды әуен төңірекке құйылып тұрды. Шеруге кент мекемелері мен ұжымдары, мектеп оқушылары қолдарына жалаулар, шарлар және бейбітшілік плакаттарын ұстап, ретімен қатар сап түзеп орталық стадионда би билеп, ән салды. Нұрлы шуақ сыйлаған бірінші мамыр шын мәнінде шаттық-думан, еңселі еңбек мерекесіне айналды. Мерекені тамашалауға жиналған көпшілікке аудан әкімі Қ.Медеуов жүрек жарды тілегін тіледі. Ол өз сөзінде:
- Сіздерді ынтымақшыл халқымызға қуаныш пен шаттық әкелетін, татулығымыз бен мызғымас бірлігіміздің бастауы 1 Мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Президентіміз Н.Назарбаевтың «Тұрақтылық-біздің татулығымыз берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз. Бірлік - баға жетпес басты байлығымыз. Жаңғырту - келер күнге, кемел келешекке жетелейтін жарқын жолымыз» - деп ынтымаққа бастар жолымызды айқындап берген болатын. Екіншіден жарқын болашаққа жетелер Халықтар Бірлігі күні құтты болсын!» - деді. Одан кейін ауданымызда талай жыл санитарлық-эпидемиологиялық мекемесін басқарған Т.Молдахметовке ауданның «Құрметті азаматы» атағын беріп, шоқ гүлін табыс етті.
Одан кейін мектеп оқушылары және аудандық көркемөнерпаздар ұжымының ұйымдастыруымен әр халықтың әндері мен билерінен концерттік бағдарлама халық назарына ұсынылды.