БАСТЫ

 
 
 

БРЕНД ҚАЛЫПТАСТЫРУ БІРЕГЕЙЛІК

13.04.2017

 

Биыл Елбасы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жазбаша ұсынды. Қазіргі жиырма бірінші ғасырда интернет ауылдық жерлерде де қолжетімді ғой. Жолдаумен сол интернеттегі нұсқасы арқылы танысып шықтым.

Әдеттегідей биылғы Жолдаудың да өзіне тән салмағы, яғни, бағыт-бағдары бар. Ауданымыздың ауылшаруашылық саласын жүргізіп отырған маман ретінде маған, әсіресе, Елбасының ауылшаруашылығына қатысты: - «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл экологиялық таза тағамдарға да қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс», - деп, маңыз бергені ұнады. Шынында да ауыл шаруашылығын дамытып, әсіресе, еттен түрлі өнімдер өндіріп, әлемдік саудада «Made in Kazakhstan» брендін қалыптастыруымыз қажет.

Біздің ауданымыз экологиялық таза тағам ет және одан жасалған өнімдерді экспортқа шығаруға белсене атсалысып, сыртқа шығаратын өнімдерді өндіру жолында үлкен қадамдар жасап келеді. Оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының атқарып жатқан жұмыстарын айтсақ болады. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 72,1 миллион теңге несие алып, бірнеше жеке шаруа қожалықтары іске кірісті. Мал басын арттырып, 370 бас ірі қара мен асыл тұқымды ірі қаралар алынды. Сонымен қатар аудан халқын етпен қамтамасыз ету үшін бұл бастама үлкен үдеріс әкеледі деп сенемін.

Бүгінгі таңда ауданымыздың ауылшаруашылық өнімдері облыс көлемінде тарайды. Дегенмен, аграрлық саланы дамытып, отандық өнімдерді әлемдік экспортқа шығара алсақ,  ел экономикасы қарыштап дамитын еді. Осы тұрғыдан алғанда ауылшаруашылығы құрылымдары үшін қойылған талап - үлкен. Сондай-ақ, қожалықтарды кооперативтерге біріктіру ауылшаруашылығына тың серпіліс әкелетін секілді. Биылдың өзінде ауданымыздың төріндегі Ақши ауылында 1 кооператив құрылды. Ағымдағы жылы 2 кооперативке жеткізу жоспарланып отыр.