Мектебімізде әр айдың басында 11 сынып оқушыларының ата-аналарымен жиналыс өткізіліп тұрады. Ата-аналар жиналысында оқушылардың ҰБТ-ге дайындығы және оқушыға қандай да бір көмек керек екендігі жайлы айтылды. Жиналысқа 11 сынып оқушылары, ұстаздар, ата-аналар, мектеп психологы қатысып, «ҰБТ-ге дайындаудың тиімді жолдары» тақырыбындағы өз ойларын ортаға салып бөлісті. Ата-аналар тобы: мектептегі ҰБТ-ге дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде, көңіліңіз тола ма? ҰБТ тапсыру қарсаңында талапкерлердің ата-аналары нені білуі тиіс? Алдағы ҰБТ-ге моральдық тұрғыдан қалай әзірлену керек? Ұстаздар тобы: Өзіңізді 11 сынып оқушыларымыз деп есептеңіз. Мұғалімнің тестке дайындық сабақтарын өткізу әдісі сізге ұнай ма? Нәтижелі болу үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз? Мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға қалай дұрыс дайындалуы керек? деген сұрақтарға жауап бере отырып, ата-ана, мұғалім болып ізденіп, көмек көрсетуге шақырды.
Ата-анаға ең біріншіден, әр балаға психологиялық дайындық керек екендігі айтылды. Тестке дайындық кезінде ата-ана алдына қойылатын басты тапсырма - бала үшін ыңғайлы жағдай тудыру, ынталандыру, мақтау, рухани және материалдық қолдау көрсету. Балаға күнделікті дайындық кестесін жасауға, қажетті оқулықтарын сатып алып беруге, арнайы мамандармен кеңесіп, ҰБТ-ге дайындалу әдістемесімен танысып, сол бойынша әрекет жасауға, үй шаруасындағы жұмыстардан шектеп, сабақ үшін уақыт бөлуін қадағалап, балаға көңіл бөлген жөн екендігі айтылды.
Оқушыларды ҰБТ-ге дайындау жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Биылғы оқу жылында 11 сынып оқушыларынан мектепішілік 23 тест, аудандық 10 тест, облыстық 3 тест алынды. «Алтын белгі төс белгісіне» 2 оқушыны А.Байгабатова мен Қ.Ганиевті, ал «Үздік аттестатқа» Д.Егинбаева мен В.Марченконы ұсынып отырмыз. 11 б» сынып оқушысы А.Байгабатова 7 мектепішілік тесттен, 3 аудандық тесттен, 1 облыстық тесттен өз білімін дәлелдеді. Ал Қ.Ганиев 3 мектепішілік тесттен, 1 аудандық тесттен, Д.Егинбаева 3 мектепішілік тесттен өз білімдерін дәлелдеді.
ҰБТ-ге ақыл-ой мен бойдың сергектігі, жинақылығы, тынымсыз да тиімді және жүйелі ой еңбегі қажет. Білім деген дүниедегі ең киелі зат. Білім тек терең ізденумен, «инемен құдық қазғандай» еңбекпен ғана келетінін ата-бабамыз бекер айтпаған. Білімге шын құрмет, жан тазалығы, рухани күш-қайрат қажет. Алдыңа кітап жайып, қолыңа қалам алған сәтте қиялың әр тұсқа қашпай, білімге ниетің адал, сенімің селкеусіз, талабың таудай болсын. Жігерің жүзі мұқалмас алмастай болсын. Сонда ғана ілім-білім бойыңа қонып, санаңа сәуле шашып, өміріңе тұтқа болады. Мына заман барлық мүмкіндікті жасап тұр, тек ұмтыл, ізден, еңбек ет. Алдыңда даңғыл жол. Сол жолда адал бол, әділ бол, білімді бол. Тек «өзім болам» демей, еліңе, болашаққа қызмет жасап, борышыңды өте. Білімге деген шын құштарлық пен құрмет, жігерлі сілкініс пен ізденіс керек. Қатаң тәртіпке бағыну, өзіңді-өзің үздіксіз қамшылау керек. Тоқ етері, терең ішкі мәдениет керек!
А.ЖАНБАБАЕВА,
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары,
№14 орта мектеп.
|