БАСТЫ

 
 
 

ЕЛДАНА ТӘЛІПОВА 90 СЕКУНДТА «АЛТЫН ҚЫЗҒА» АЙНАЛДЫ

13.02.2017

       

Өткен аптада қазақстандықтардың назары Алматының төрінде болып жатқан Универсиадаға ауғанда сонау еуропаның қақ ортасындағы Швецияда Елдана Тәліпова шаршы алаңда ешкімді шақ келтірмей қарсыластарын есеңгіретіп жатқан еді. Ақпан айы бастала салысымен Швецияның Борос қаласында өткен халықаралық қыздар боксінің турниріне 22 мемлекеттен 254 былғары қолғап шеберлері қатысты.
Олардың ішінде 1999-2000 жылы туылған16 қазақстандық нәзік жандылар да бар. Он алты қыздың ең кішісі ауданымыздың төл тумасы КазЦИК-тік Елдана Тәліпова болды. Елдана шаршы алаңда өнер көрсетіп жүргеніне көп болмаса да бір-екі жылдың айналасында өзінің кім екенін дәлелдей алды. Ол Қазақстан аумағында өткен турнирлерде көзге түсіп, мамандардың шешімімен Қазақстан жасөспірім қыздар боксы құрамасына енген болатын. Тума талант дарынды қыздың бойында бокске деген құмарлық басым. Бойы - 175, салмағы - 75 келі болғанымен Бороста салмағын 80 келіге жуықтатты. Ол алғашқы кездесуінде-ақ көрермендердің көзайымына айналды. Әу баста француз қызын 1 раундта-ақ есеңгіретті. Екінші кездесуінде бокс әлемінде ойып тұрып орын алатын ирландықтар үкілеп әкелген Лорен Райанмен қолғап түйістірді. Ұлы Даланың еркін өскен лашыны жап-жас болса да соққанын тізерлетпей қоймайтын Елдана Тәліпова ирландық қызды 90 секундтың ішінде айқын басымдылықпен жеңді. Елдана қызымыз беделі асқақ халықаралық қыздар арасындағы бокс турнирінде «Golden Girl» алтын медаліне қол жеткізді. Осы турнирде біздің батыр қыздарымыз үш алтын, екі күміс, алты қола медальді қанжығаларына байлады.
Кездесудің куәгері болған Сидней олимпиадасының чемпионы, олимпиадаға дайындау орталығының жетекшісі Ермахан Ибраимов «Елдананың бойында аққан жұлдыздай жарық етіп бокс әлемін елең еткізген Бекзат Саттархановтың қасиеттері кездеседі. Оның интеллектуалды соққан соқысы нақты және нық тиеді. Жылдамдығына көз ілеспейді. Бокс әлемінде жаңа із салатын болашағы бар қыз» - деді. Ал жеке жаттықтырушысы болып табылатын Дархан Қабыланбаев «Елдананың қолы ауыр, қабілеті күшті, шаршы алаңдағы айқаста айтқаныңды бұлжытпай орындайтын мінезді қыз» - дегенді айтты. Айта кетейік, аудан бойынша Елдана Тәліпқызы өткен жылғы спорт саласының қорытындысы бойынша «Жылдың ең үздік» спортшысы атанған болатын.
«Алтын қызымыз» Елдананы Қазақстан чемпионаты мен Азия чемпионаты күтіп тұр. Біз оған тек жеңістің биік тұғырынан көріне бер дегіміз келеді.


 

Б.ЧОЙБАСОВ