Жетіген ауылдық округіне қарасты Құйған ауылында жаңа мешіт үйі бой көтерді. Ірге тасы сонау 2007 жылдары қаланған еді. Ауыл тұрғындары болып бұл қуанышқа ортақтасқан болатын. Ауыл азаматы елдің тумасы қазіргі күнде Қапшағай қаласында тұратын «Қапшағай қаласының құрметті азаматы» қалалық «Игілік» қайырымдылық қорының президенті Қапшағай мешітінің найб имамы Тұрысбек Доспанбетов ағамыздың ұйымдастыруымен қолға алынған болатын. Ірге тасы көтеріліп жұмыс жүрген еді. Алайда осы кезде демеушілік көрсетіп құрылыс материалдарынан қол ұшын берген Қапшағай қаласындағы «Knauf» неміс фирмасының нарықтық қиыншылықтарға байланысты құрылыс материалдарын бере алмай қалған еді. -«Сол күндері бұл компаниялар жақсы көмек көрсеткен болатын, алайда нарықтық қиыншылықтарға кездесіп, кейінгі кезде көмек бере алмағаны рас. «Ештен кеш жақсы» демей ме халқымыз. Міне үстіміздегі жылдың сәуір айынан бері жеке кәсіпкерлер-Қуаныш Жаупаров пен Амангелді Романов бауырларымыз келіп бұл істі бастап кетті. Алла жазса таяу күндері қолданысқа береміз. Бұл іс халықпен бітетін нәрсе. Көп болып көтеріп, көмек қолдарын беріп жатыр. Елге жұртқа «Рахмет!», - дейді ағамыз Тұрысбек.
Сонымен қатар №3 орта мектептің басшысы аудандық мәслихатының депутаты Нұрғисаева Светлана Өрікбайқызының ұйымдастыруымен мешіттің айналасын тазартуға ер мұғалімдер сенбілікке шықты. Бұған барлық мектептер №3, №11, №34, №32 орта мектеп басшылары болып белсене атсалысты. Сонымен қатар тазалық жұмыстарына арнайы техникамен көмек берген «РСУ-1» жол жөндеу мекемесінің бастығы Ғазизхан Қоңырбаев ағамызға және ГКП «Іле су құбыры» мекемесінің басшысы аудандық мәслихат депутаты Закиржанов Сабыр Тұрсынұлына зор алғысымыз шексіз. Алладан мол рахым болсын дейміз.
|