БАСТЫ

 
 
 

9 мамыр - ЖЕҢІС КҮНІ

12.05.2017

 

2017 жылғы 9 мамырда, округте орналасқан аудандық мәдениет үйiнің алаңында Жеңiс күнiне арналған мерекелiк шара салтанатты түрде ашылып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимні орындалып, барлық қатысушылар, 72 жылдық Жеңiс күнiне жетпеген және соғыстан оралмағандарды үнсiздiк минутымен құрметтедi. Өйткені жеңіс сыйлаған солдаттардың батырлығын есте сақтау біздің парызымыз.

Осынау  бір  тарихта  мәңгі  есте  қалатын  ерекше  мерекеге жиналған  жұртшылықты құттықтаған округ әкімі Бауыржан Жұмабаев:
-Тәуелсіз еліміз үшін бүгінгі Ұлы Жеңіс күні – ең маңызды да, ең қасиетті мереке. Бұл Жеңіс – жеңімпаз әкелер мен аға буынның ісін алға апаратын жас ұрпақтың мерекесі. Ұлы Жеңістің қаншалықты қымбат түскенін жақсы білеміз. Қазақстандықтардың 1941-1945 жылдардағы көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі Отанға адал қызмет етудің үлгісі болып табылады. Кеңес Одағының миллиондаған халқымен бірге, Қазақстан да бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске өзінің үлкен үлесін қосты. Кезінде 3 миллион 300 мың қазақтың әрбір төртіншісі соғысқа қатысқан. 1418 күнге созылған майдан даласында 30 миллионнан астам адам құрбан болды.

Мыңдаған жерлестеріміздің есімі бүгінде кітап беттерінде сақталуда. Намысын найза, арын – алдаспан еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Тарих бетінде алтын әріптермен жазылып қалды. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, ардақты ардагерлерімізге құрмет көрсету – біздің перзенттік міндетіміз-деді.

Сондай-ақ, Іле аудандық мәслихат депутаты М.Кошалко, жергілікті қауымдастық төрағасы О.Атамбаев, ардагерлер кеңесінің төрайымы Ж.Өгізбаева, тыл еңбеккерлерін Жеңіс күні мерекелерімен құттықтады.

Сонымен қатар мәдениет үйінің алаңында орналасқан «1941-1945 Ауылдас жауынгерлерге алғыспен ұрпақтары» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне, округ әкімінен бастап,  тыл еңбеккерлері, құрметті қонақтар, округтегі мекеме, ұйым басшылары, жергілікті қауымдастық, ардагерлер, ақсақалдар, әйелдер  кеңестері, ауыл тұрғындары түгелдей қатысты.

Мерекенің салтанатты бөлімі, округ көркемөнерпаздыры майдангерлерге арнап әскери патриоттық, «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Бейбітшілік», «Шығыстың қос жұлдызы», «Офицеры», «Қарапайым қазағым», «День Победы» әндерін шырқап, «Наз» бишілер тобы өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етсе, округ басшысы, ауылымыздың қазыналы тыл еңбеккерлеріне арнап мерекелік ақ дастархан ұйымдастырды. Айтулы мерекелік асқа 70-ен астам тыл еңбеккерлері келіп, рахметтерін айтып ризашылығын білдірді.