Басты  - ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ - ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
 

 
 
 
ЕРЛІГІМЕН ҒАНА ЕМЕС, ЕҢБЕГІМЕН ДЕ ЖАДЫМЫЗДА ҚАЛҒАН БАТЫР 12.05.2016


    
    Ұлы Отан соғысына міне, биыл 71 жыл өтсе де тарих парақтары күні кеше ғана болғандай қиян-кескі ұрыстарды көз алдымызға жайып салып қарап тұратындай. Осы бір сұрапыл соғыста өзіндік бір ерлігін қалдырған Шолпанқұл Құлымбаев туралы әңгіме тербегіміз келіп тұр. Ол кісі Алматы облысы, Балқаш ауданы, Куйбышев колхозында дүниеге келген. Шолпанқұл атамыз алғашқы еңбекке араласа бастаған уақыты 1941 жыл соғыстың жаңа басталған жылдарымен дөп келеді. Бір жыл колхозда жұмыс жасағаннан кейін 1942 наурыз айының 3 жұлдызында Қызыл Армия құрамына алынады. Міне, Отан алдындағы борышын 2 Украин майданында Миргородской 373 атқыштар дивизиясының құрамындағы 420 жеке барлаушылар ротасында өтеді. Сұрапыл соғыста талай рет кеудесін оққа төсеп, жау арасына барып басшылар берген қиын тапсырмаларды жымын білдірмей орындайтын. Бұл туралы атамыз көзі тірісінде жыр ғып айтатын. Шолпанқұл атамыздың майдандағы ерлігін дәлелдейтін мына бір құжатты осы шаңырақты ұстап отырған аяулы жары Нәзік Ходжабекова апамыз берген еді. Онда былай жазылыпты:
«1945 жылдың 26 қаңтарынан 27-не ауысқан түнде гвардия сержанты Ш. Құлымбаев бастаған барлау тобына әскери тапсырма берілді. Оларға ешқандай у-шусыз Одердің ротасынан «Тіл» алып келу тапсырылды. Бірақ аяқ асты немістер жағы сезіп қойып қиян-кескі атыс басталды. Бөлім командирі Құлымбаев немістерді жақындатып барып, автоматтан оқ жаудырады. Осы ұрыста сержант Құлымбаев өзі бір станкілік пулемет ұяшығын гранатамен жарып жіберді. 14 немістің көзін құртып біреуін тұтқындап алып келді. Тұтқын бағалы ақпарат берді. Сержант Құлымбаевтың тобы шығынсыз оралды. Осы ерлігі үшін Құлымбаев Ұлы Отан соғысының ІІ-дәрежелі орденімен марапатталды.
343 атқыштар дивизиясы Барлау бөлімінің бастығы майор Г.Герасимов».
Міне нағыз жау жүрек батырдың бір күндік қана ерлігін көрсетіп отырмыз. Ол кісі жастық шағының 4 жылын сұрапыл соғыста өткізіп, нағыз орда бұзар кезін Отанын фашистерден құтқаруға арнады. Осы ерлікті ешқашан және ешкіміміз ұмытуға тиіс емеспіз. Соғыстағы ерлігі үшін Шолпанқұл Құлымбаев Ұлы Отан соғысының ІІ-дәрежелі ордені, «Жауынгерлік ерлігі» үшін медальдарымен марпатталған.
Шолпанқұл Құлымбаев атамыз Жеңіспен елге аман-есен оралғаннан кейін бел шеше еңбекке араласты. Ол туған жеріне деген сүйіспеншілігін адал еңбекпен дәлелдеді. Өзінің кіндік қаны тамған Балқаш ауданында атқару комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 1950 жылы Қазақ Абай атындағы мемлекеттік институтын сәтті аяқтағаннан кейін Бақанас ауылындағы орта мектепте ұстаз және оқу ісінің меңгерушісі болды. «Оқытудан жалықпас, үйретуден балаға», - деп дана Абай айтқандай отыз жылға жуық өмірін тек шәкірттердің дұрыс білім алуына жұмсады. Ол жалғыз Бақанас емес Алматы облысындағы Ұйғыр, Нарынқол, Қаскелең аудандарында халық ағарту саласында абыроймен қызмет атқарып, артына өлшеусіз еңбек жолын қалдырды. Өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп, талап пен еңбектің таудай белгісін қалдырды.
Іле ауданына да сіңірген еңбегі мол. Аудан жаңа құрылған уақытта дәл Шолпанқұл атамыздай білікті мамандар ауданның экономикалық-әлеуметтік салаларын тұрақты етіп, әрі қарай дами түсуіне телегей теңіздей үлестерін қосты. Халық депутаттары Іле аудандық Кеңесі төрағасы қызметінде жүріп, әділ басшы көреген ұстаздың қолына алған әрбір істі тыңғылықты атқаратынына ілелік атпал азаматтар талай рет куә болған.
Оның ұзақ жылғы партия, Кеңес қызметтерінде жауапты міндеттерді мінсіз атқарғаны еленбей қалған жоқ. Кеудесіне жарқыратып Еңбек Қызыл Ту орденін тақты. Бірнеше рет Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, халық ағарту ісінің үздігі төсбелгілері білім саласына сіңірген еңбегін дәлелдейді.
Шолпанқұл атамызды еске алып отырғанда белгілі ағылшын тарихшысы Александр Верттің «Ресей 1941-1945 жылдардағы соғыста» атты кітабында: «Қызыл Армияның табанды солдаттарының ішінде қазақтар болды, тұтас алғанда, қазақтар бүкіл соғыс бойында өздерін жақсы жағынан таныта білді. Тіпті, Сталинградтың өзінде ең өжет солдаттар қатарында қазақтар тұрды» деп жазғаны еріксіз еске түседі. Сол қазақтың және бірегейі осы Ұлы Отан соғысының ардагері, жер жәннаты Жетісудан шыққан батыр Шолпанқұл Құлымбаев екені сөзсіз.
Шолпанқұл Құлымбаев жайында сөз қозғағанда оның сүйікті жары Нәзік апай туралы айтпау мүмкін емес. Қандай жағдай болмасын Шолпанқұл атамыздың артында үйінің күзетшісі, жан жары Нәзік апамыз тұрды. Сонау 1948 жылы медицина колледжін тәмамдаған сұлу қызға Шолпанқұл атамыздың назары ауып, ақыры бас қосып отау құрған. Екеуі Бақыт, Мұхит атты ұлдар мен Гүлжан, Ұлдан, Наржан, Нілжан, Гүлмира, Маржан атты қыздарды тәрбиелеп қатарға қосты. Нәзік апа отағасынан айырылып қалса да отауының түтінін түзу шығарып, шаңырағын шаттыққа толтырып, осы балаларынан көрген немере-шөберелерінің қуанышын қызықтап отыр. Берекенің бастауы болып, бала-шағасының шаттық күлкісін алтын босағасынан айырған емес. Аналық мейірімінің нәтижесінде І, ІІ, ІІІ-дәрежелі «Ана даңқы» медалінің иегері атанды. Міне, нағыз әйелдің ұлы жолы осындай болуы керек.
Мақаламызды түйіндей айтқанда, қазақтың кең даласын сонау аласапыран заманында «Найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» қорғаған батырлар тұлғасы еліміздің болашақ ұрпағына үлгі-өнеге болары сөзсіз. «Ұлы бабаларымыз іс-әрекеттерінің алдында бас иген ұрпақтары сол қилы заман оқиғаларын толғап, ұрпаққа жеткізу. Біздің парызымыз - жергілікті батырларымыздың ерлігін өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа паш ету.