БАСТЫ

 
 
 

ЖАҢА ФОРМАТ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

12.04.2017

 

Апта басында ауданымыздың мемлекеттік қызметкерлері Алматы облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық әкімшілік залында өткен мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығы профессорларының семинарына қатысып, «Жаңа форматтағы мемлекеттік қызметшілердің құқықтық-басқару мәдениеті» тақырыбында сабақ алды. Семинарға аудандық аппарат басшысы М.Кәрібаев бастаған тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік қызметке енді келген жас мамандар қатысты. Семинардың мақсаты – мемлекеттік мекеме мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру және жаңа форматтағы мемлекеттік қызметкерлерді қалыптастыру. Үш күн бойы профессорлар Ә.Тоқтыбеков пен А.Полторацский мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық-басқару мәдениетін дамыту, заманауи мемлекеттік қызметшілерді қалыптастыру, бүгінгі таңдағы мемлекеттік қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл барысындағы әрекеттері туралы толық әрі жан-жақты баяндай отырып, слайд арқылы түсіндірді. Семинар барысында тыңдаушылармен пікір алмасу, сұрақ-жауап түріндегі өткізілген дәріс әр маман үшін маңызды болғанын байқадық. Семинардың үшінші күні барлық мамандарға арнайы сертификат табыс етілді.

Жалпы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы алғашқы 15 қадамның кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналғандығы, «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттаудан өткізу жұмыстары –  мемлекеттік қызметшілер Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатын жүзеге асыратын бірегей азаматтар екендігін, барлық реформалардың сәтті іске асырылуы олардың сапалы әрі тиімді жұмысына тікелей байланысты екендігін шегелеп береді.

Тесттен өткен мемлекеттік қызметкерлермен осы аптада жаппай сұхбаттасу болады. Сұхбаттасу кезінде тестілеудің нәтижесі де еске алынады. Сұхбаттасудың нәтижесінде аттестациялық комиссия 4 шешім қабылдайды. Бірінші шешім, мемлекеттік қызметкер өзінің лауазымына лайықты, екінші өзінің лауазымын жоғарылатуға жатады, үшінші лауазымынан төмендетуге жатады және жұмыстан босатуға жатады.

 Аттестация, мемлекеттік қызметкерлерді, шенеуніктерді жұмыстан кетіруді көздемейді. Тек құзыреті мен қабылет-қарымын анықтауды, әрі әрмен қарай қызметін дамытуға бастама болмақ. Олай болса ауданымыздағы мемлекеттік қызметкерлердің білікті де білімді болуы үшін осы тағылеттес семинарлар мен жаңа талаптарға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін, біліктілігін және тұлғалық қасиеттерін анықтау мақсатында жүргізіліп жатқан аттестаттаудың маңызы зор екені анық.