Бүгінгі таңда білім сапасының алдында жүйеленіп берген білімді, дағдыларды меңгеретін, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Оқушыны тұлға етіп қалыптастырудың алғашқы баспалдағы – мұғалім. ХХІ ғасыр техниканың дамыған заманында ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында І-деңгейлі, ІІ-деңгейлі, ІІІ-деңгейлі оқулар өткізіліп жатыр.
Бүгінгі қазақстандық мектептің алдында әлемдік білім беру кеңістігіндегі зерттеулер мен жаңалықтар ашудың ғасырына ену үшін білім беруге жаңа көзқарасты қалыптастыру, ойлау, оқыту, жұмыс істеу, шығармашылық және жалпы алғанда, өмір сүру әдіснамасын қайта қарау міндеті тұр. Сол себепті ХХІ ғасырда еліміздің болашағын алға қарай жетелеуші ұрпаққа білім беруді қамтамасыз ететін жалпы орта білім беру жүйесіне өзгеріс еңгізу маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Осы бағытта, М. Мақатаев атындағы №13 орта мектебінде оқу ісі жөніндегі орынбасарлар арасында семинар сабақ өтті. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара пікірталас, ой бөлісу түрінде болды. Ұйымдастырушы осы мектептің әлемдік көркем мәдениет пәні мұғалімі Баймұхаметова Сәбира Оразалы-қызы. Бағдарламаның мақсаты, міндеттерімен және осы тұрғыда іске асырылып жатқан шаралармен таныстырып өтті. 5 бағыт бойынша топтарға бөлінген қатысушылар берілген тапсырмаларды орындауға кірісті. 1-топ: Экономика салаларын, 2-топ: Цифрлы мемлекетке көшу, 3-топ: Цифрлық Жібек жолын іске асыру, 4-топ: Адами капиталды дамыту, 5-топ: Инновациялық экожүйе құру тақырыптарында тақтаға шығып, документ-камераның көмегімен постерлерін қорғады.
Бағдарламаның әр бағыты бойынша жаңа деректер: геномдық төлқұжат, жасанды интелект, мобильді қосымшалар, криптовалюта, биткоин, блокчейн, 3D-принтер, сандық білім беру ресурстарын қолдану қажетттігін тілге тиек етті. Жоғары санатты ұстаз Сәбира Баймұхаметованың айтуынша: «Әр деңгейде біліктілігін арттырған мұғалім интерактивті тақта, мобильді құрылғылар, Actiview программасымен жұмыс жасай алуы қажет. Мысалы: оқушыға сурет бояту арқылы есеп шығарту болмаса, әуенін тыңдатып әннің атын тапқызу, суретті көрсетіп авторын табу секілді түрлі-түрлі қызықты нәрселер арқылы сабақтың сапасын арттыруға болады» екен. Ал, осындай тәжерибесі бар мұғалімдер қазіргі күнде өз білгенін жұмыста пайдаланып жүр ме? Бұл сұрақтың жауабын табу қиынға соғуда.
ХХІ ғасырдың мектептері оқушыларды өмірде, жұмыста және азаматтық ұстанымында өзгелермен ынтымақтастықта өмір сүруге дайындай отырып, ұлттық және жаһандық пікір алуандығының шынайылығын ұғына отырып, өзіндік дербестігі мен ерекшелігін дамытуға көмектесуі керек. Сол үшін де оқушыларға сапалы білім беру басты мақсаттардың бірі. Енді осы жолда ерінбей еңбек ететін ұстаздар қауымын үлкен істер күтіп тұр.
|