БАСТЫ > 

 
 
АУЫЛҒА АУЫЗ СУ ТАРТЫЛДЫ 11.12.2017

                    

Ауданымызда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде.

1 желтоқсан Тұңғыш Президент күніне орай ауданымыздың төрт елді мекенінде жаңа су ұңғымасы пайдалануға берілді. Соның бірі КазЦИК ауылы жаңа құрылыс аумағында ашылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары С. Ерекешев пен КазЦИК округінің әкімі А. Жасымбеков қатысты.

Салтанатты ашылу барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары С.Ерекешев «Құрметті КазЦИК ауылының тұрғындары, сіздерді 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын! «Өңірлерді дамыту –  2020» бағдарламасы аясында әлі де болса округ көлемінде жұмыстар әрі қарай жалғасын табады. Ауылдарыңызға береке келді деген осы. Талай жыл дау тұрғызған ауыз су мәселесі дәл бүгін өзінің шешімін тапты», – деді.

Осыдан кейін сөз алған Қабанбай батыр көшесі комитетінің төрағасы, Е.Қабдікәрімов ағамыз «Мен жаңа өзім сол ұңғымадан шыққан судан ішіп көрдім. Шынымды айтсам, балалық шағым есіме түсіп кетті. Кезінде біздің құдықтан алып ішкен суымызды еске салды. Су – тіршілік көзі ғой, сәл тұщылау, бірақ біз оның сапасын жақсарту үшін тазарту жұмыстарына күш салатын боламыз», – деп  ағынан жарылды.

Округ әкімдігінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда округ тұрғындарының ауыз суға деген сұранысы 6-7 мың текше метр болса, нақты беріліп отырған ауыз судың көлемі 6,5 мың текше метр. Жаңа су ұңғымасы округ халқының 100 пайызын таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Округ әкімі құдық арқылы берілетін судың сапасы алматылықтар тұтынып отырған ауыз судың сапасынан кем екенін атап өтті.

Дәл осындай ұңғыма Чапай ауылдық округінде де ашылып, ел игілігіне берілді. Су ұңғымасының ашылуына аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Исаев пен аудан әкімінің орынбасары Н.Құматаев арнайы барып су жаңа құдықтың лентасын қиып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Енді жаңа су ұңғымасы 1500 тұрғынды оның ішінде 8 көпқабатты үй, 200 жекеменшік үйлерді ауыз сумен қамтитын болады. Таза ауыз суға қол жеткізген ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Бұған дейін көшедегі құдықтан шелектеп таситын олар енді «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарлама аясында су құбырлары әр үйге дейін жеткізілгенін айтады. Ауылдағы ең негізгі мәселе шешілді деген тұрғындар мемлекеттің ауыл халқына деген қолдауына ризашылықтарын білдіріп жатты.