Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының терең мақсаты – ұлт санасының өрісін кеңейтетін стратегиялық маңызы жоғары міндеттер арқылы елдіктің ертеңіне күмәнсіз жетелейтін дамудың дара жолына бағыт сілтейді деп бағамдауға болады.
Елдігіміз дербестеніп, жаңа өмірге жұмыла құлаш ұрған сәттен бастап-ақ Ұлт көшбасшысы Қазақстан халқының тәуелсіздік тарихи тағылымынан салиқалы да саналы ұстаным алып шығу үшін үнемі жаңашыл талап пен жігерлі жоспарлар құрып келеді. Қас-қағым 25 жыл ішінде бұғанасы әлсіз мемлекеттен әлем санасатын өзіндік салмақты абыройы мен беделі бар елге айналдық. Шежіре қойнауының қатпар-қатпар белесінен өтіп, қиындыққа төзіп, сынаққа сабыр еткен қазақ халқына тағдыр көші тұғырлы сый дайындады.
Бұл сый – тәуелсіздіктің ақ таңымен ұштасқан нұрлы болашаққа деген сенім еді.
Ұлттық саясаттың орнықты дамуы мен асқақ өрлеуіне тынбай ізденулер жасау керектігі белгілі. Ұлттық сана мен төл болмыс – рухани келбет пен жаңғырудың іргетасы іспеттес. «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңгегі ете отырып, әрбір қадамының нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» – деп мақаласында атап өткен Елбасының бұл сөзінен әрбір қазаққа елін сүюге, халық мәселесіне аса жауапкершілікпен қарау керектігі жүктелгендігін аңғару қиын емес.
Әлемнің дамыған 30 елі қатарына қосылу мақсатын көздеген қазақ елі үшін ұлттың білімді, білікті болуы жеткіліксіз. Елбасының «Тарих толқынында» атты кітабында да «Біз түптің түбінде қазақтың бәрін қазақ етудің қамын жасауымыз қажет. Ал, оның негізгі тірегі – ұлттық мәдениет. Жеке адам да, тұтас халық та тек тарихымен, мәдениетімен ғана мақтана алады. Кез келген неміспен сөйлесіп көріңізші, ол сізге алдымен «Мерседесін» емес, классикалық музыкасын айтады, кез келген французбен сөйлесіп көріңізші, ол сізге тамаша жолдарын немесе керемет парфюмериясын емес, ғажайып әдебиетін, Луврдағы жауһар туындыларды айтады» деп жазған.
Сондықтан ұлттық шежіремен ұштасқан замана көштің асар асуы мен бағындырар белесі заңғар бола бермек. Бұрынғы ескі жолдың сүрлеуі қалып, жаңа ұрпақтың басқа арнаға бет бұрғанын аңғара аламыз.
Қазіргінің уақыты біліммен мыңды жыққанның нағыз кезі келген заман. Бұған халықтың білім деңгейі мен сана-сезімінің биіктігі өлшем бола алады. Айтуға оңай болғанымен, бір ұлтты нағыз білімдар ету үшін көп еңбек сіңіріп, тоқтамай үгіт-насихат жасай беру керек. Білімнің салтанат құруына тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ ерекше басымдықтар танытып келеміз. Елбасының ұсынып отырған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылуы да елдің білім көкжиегін жаңа сатыға көтеріп, жаңа бәсекеге қабілетті сапаға қол жеткізуге зор серпін бермек.
Білімі терең, руханияты мықты ұлт қана әлемдік жаһандану үрдісінен қалыс қалмайды. Ал, ол үшін ана тіліміздегі оқулықтардың санымен қоса сапасына да ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бастауыш сыныптардағы оқулықтардың сапасына, оның ішкі мазмұнына ұлтжанды көзқараспен қарап, кез келген оқулықты құрастырған кезде мемлекетшілдік таным танытқанда ғана бүгінде дауға айналған оқулықтар мәселесі болмас еді.
Ал, Мемлекет басшысы көтеріп отырған кезекті жобаның тиянақты іске асырылуына білім беру жүйесінің әр құрылымы мықтап кірісуі керек. «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық.
Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек» – деп Ұлт көшбасшысы мемлекеттің тағы бір жауапты міндетін атап өтті. Қалай десек те, бірлігі мен татулығы жарасқан, ауызбіршілік пен сыйластықты ту еткен халқымыз үшін алдағы асуларды еңсеру қиынға соқпайды. Рухани ізденіс пен жаңғыруға бет алған қазақ халқының келешегі кемел, болашағы нұрлы болады деп сенемін.
Сонда ғана құрған жоспарымыз бен міндетіміз сөз жүзінде емес, ақиқатқа айшықталған жеңістің тәтті жемісі болары сөзсіз.
Л. КАТКЕЕВА,
аудандық білім бөлімінің басшысы.
|