КӨҢІЛДІ КӨГАЛДАНДЫРУ  

   

    Берекесі мен ынтымағы жарасқан Байсерке ауылы күн санап жайнап, жасарып келеді. Жергілікті тұрғындар №12 орта мектепті автобустар аялдамасы атауымен «Жаңа мектеп» деп те атайды. Осындай мектебіміздің биылғы жеткен жетістіктері мен оқу-тәрбие жұмысындағы үлкен жеңістері ауылымыздың атақ-абыройын көкке көтерді. Мектеп директоры тәжірибелі, білгір басшы Гүлсім Какенованың басқаруындағы педагогикалық ұжым мүшелерінің әрбірінің елеулі еңбегінің арқасында ҰБТ қорытындысы бойынша аудан көлемінде ерекше көзге түсіп, Байсерке округі I- орыннан көрінді. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген осы болса керек!
Ауыл, аудан әкімінің алғыстары мен марапаттарына ие болған мектебіміздің оқушылары табиғатты, туған ауылын сүюге бағыттайтын жазғы көгалдандыру науқанына да қызу кірісіп кеткен болатын. «Көгалдандыру-2014» жұмыс жоспары жетекшілері мен биолог мұғалімдердің апталық күнделіктері және тағы басқа қажетті құжаттар алдын ала бекітілген. Оқушылардың осы уақыттағы жарты сағаттық демалысына түрлі қызықты іс-шаралар да өткізіліп тұрады. Мектеп ауласы әрбір сыныптың жауапкершілігіне, бағып-қағуына сай бірнеше үлеске бөлінген. 28-шілдеден 2-тамызға дейінгі кезең «Өркен» 6 «б» сыныбының жетекшісі Сұлушаш Төребекқызы мен биолог мұғалім Айнұр Сағындыққызының басшылығында өтті. Айта кетуге тиіспіз. себебі бұл сынып оқушылары сабақ үлгерімі бойынша алтыншы сыныптар арасында ең үздігі. Сонымен қатар шетінен өнерлі, биші. Тіпті, Құндыздай талантты әншілері бар сынып.
Сонау ғасырлар үнін бүгінгі қоғаммен тығыз байланыстыратын бірден-бір дүние ол - табиғат. «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Қоршаған ортаның, мектеп ауламыздың «Табиғат-Ананың» таза болуы, көгалдануы - адамзаттың, бүгінгі жас ұрпақтар денсаулығының мықты болуының басты кепілі.
Біздер табиғатты сүйе білетін, оған қамқорлықпен, жанашырлықпен, мейірімділікпен қарайтын айналамызды көгалдандырып, абаттандыра түсуге еңбек ете алатын келешек ұрпақтарды тәрбиелеп жүргенімізді мақтан етеміз.

А.МАЯМЕРОВА,
№12 орта мектептің биолог мұғалімі.Байсерке ауылы