Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиіс. Ата Заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», - деп тайға таңба басқандай айқын жазылып, көрсетілген.
Тіл – сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы болумен қатар, өткендегі олжаларды бүгінгі күнге, ал бүгінгі пайымдарымызды келешекке жеткізу үрдісінде де өте маңызды дәнекерлік міндет атқарып келеді. Қабырғалы ел ата-бабадан мұра болып қалған және қазіргі уақытта жаңа синтезге, жаңа бейнеге, жаңа кейіптерге айналып үлгерген біртұтас зерделі, аңсар-мұратты, ғылыми жетістіктер мен байлықтарды игере алатын құдіретті тіл арқылы ғана мәңгілік тұрақтылығын сақтай алады. Себебі, халық қай деңгейде тілдің бай қоры мен көркемділігін сақтап сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі ойлайды. Қай деңгейде ойласа, сол аяда сөйлейді.
Әрбір жүрегі елім деп соққан адамның өзінің халқына, тіліне деген ерекше сезімі болатыны сөзсіз. Ұлттық санасы ояу ғана адамның өз елінің шын жанашыры екені белгілі. Халқымыздың халықтығының басты белгісі – тілі болса, оның көркеюі үшін әлі де талай жұмыстар жасалуы қажет. Осығын орай Әділет басқармасында мемлекеттік тіл қазақ тіліміздің дамуына, өркендеуіне ерекше назар аударылған. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында қызметкерлер арасында семинар- кеңестер, дөңгелек үстелдер өткізіліп тұру керек. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына әрбір азамат атсалысуға міндетті.
Қ.ТОЛЫБАЕВ,
Әділет басқармасының инспекторы.
Жақында тіл жанашырларының ұйымдастырып отырған «Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясы туралы сүйінші хабарды оқып, өте қатты қуанып қалдық. Өйткені, туған тіліміздің қадір-қасиетін анықтайтын уақыт жетті. Тіл туралы Заңымыздың қабылданғанына ондаған жылдар өтсе де, кейде ана тіліміздің есіктерден сығалап, күй кешетін кездері жоқ емес. Сондықтан да осы игі-шараны ұйымдастырып отырған жұртшылыққа ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Төрт құбыламызды түгендеп отырған шақта тіліміздің өзіне лайықты орнын тапқаны абзал. Алайда баяғы жартас, бір жартастың кебін киіп жүргендер де қаншама...
Қылыштан да өткір тілімізді сауатсыз жарнамалар арқылы тесе қылып жүрген замандастарымыз да жетерлік. Соңғы кездері ауыз екі сөйлеу тілінде «атырмыз», «атырық» дегендей «жаңаша» сөздер қаптап кетті. Тіпті осы сөздерді пайдалану сәнге айналды деуге болады. Сондықтан қарапайым халық та, мінбедегі кейбір шенеуніктер де осылай сайрайтын болды. Кейінгі дүние есігін ашатын ұрпағымыз сөздік қорымызда осындай сөздің болғанын білмей де қалатын сияқты. Осындай мағынасы түсініксіз, орыс тілінен адасып кеткен кейбір сөздер тілімізді шұбарлап, қаймағын бұзып келеді. Онсыз да компьютердің жетегінде кетіп, тек тестің құрбанына айналып, тіл байлықтан жұрдай болған жастарымыздың болашағы бұлыңғыр ма деп ойлаймын. Қазақ тілін жетілдіріп оқытатын білім ошақтарынан басқа орталардың көпшілігіндегі жас жеткіншектерге бұл тіл мәселесінің қажеті жоқ сияқты. Осындай сауатсыз жастарымыз өскен соң «жарымжан» жарнамалар жасап жүрген жоқ па? Күнделікті теледидардан ұсқынсыз аударма мен жарнамалардан мезі болып жүрміз. Көп болып, осындай олқы мәселелерді шешкеніміз жөн.
Туған тілімізді әр қазақ азаматы қадір тұту арқылы ғана өзге достарымызға үйретпейміз бе? «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңіледі» деген нақыл сөздің төркіні тереңде жатыр. Ойланайық, ағайын!
Б. САДЫҚОВА. Қоянқұс ауылы
|