
Өткен аптада КазЦИК ауылындағы орталық саябақта аудан әкімдігі, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен «Іленің сырлы кештері» атты тақырыпта «Алтыбақан аясындағы драмалық сырласу» атты поэзиялық кеш өтті.
Кештің құрметті қонақтары ретінде аудан әкімінің орынбасары Кушенов Ахметжан Рахымбайұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исаев Әмзе Әлдибекұлы, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Төрткен Кененқызы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жарқынбеков Сұлтан Данашұлы, «Азаматтық-әлеуметтік Болашақ базисі» бірлестігінің төрайымы Абилова Роза Михайлқызы қатысты.
Басты мақсаты, аудандағы барлық округ орталықтарында салауатты өмір-салтын, тұрғындардың жазғы кешті көңілді өткізу мен жергілікті әдебиет және өнер саласында еңбегін сарп еткен адамдардың еңбегін насихаттау.
Осы кеште сөз алған аудан әкімінің орынбасары Кушенов Ахметжан Рахымбайұлы, «Біз Іле сияқты әдебиеті мен мәдениеті тоғысқан жерде тұрамыз. Біз тек төл әдебиетімізді ғана мадақтамай, әр ұлттың рухани байлығы ән, күй, жырларымен терең байланыстамыз. Бүгінгі басталып отырған «Іленің сырлы кештері» атты кештеріміз осы бір ештеңеге тең келмейтін мәдениетімізді барынша дәріптеу. Ұмыт қалып бара жатқан жергілікті ақындардың шығармаларымен жалпақ жұртты таныстыру, жастарымызға үлгі-өнеге ретінде ұсыну болып табылады. Сондықтан болашақта аудан ақындарының шығармаларын сақтап, жазып бір кітап қылып шығару ойымызда бар», - деді.
Кешті КазЦИК ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мэлс Жамилов атамыз ашып, «Бірлік пен ынтымақтың қайнаған қазанына қош келдіңіздер! КазЦИК округі саялы сырлы кеште сіздерге нағыз поэзиялық драмалық кештің озық үлгісін көрсетеді. Жергілікті ақындарымыздың жырларына сусындап, іштегі сұрақтарыңызға үлкен жауап алатындарыңызға нық сенімдімін», - деді. Осы шараны ұйымдастырушылар КазЦИК ауылдық округінің әкімі Серік Күзембаев, аудандық кітапхана директоры Мейрамгүл Жәбиева, КазЦИК ауылының мәдениет қызметкері Келгенбай Мамырбеков сынды азаматтар. Өнерімен талайды тамсандырған КазЦИК округінің жыр кешіне өте мұқият дайындалғандығы көрініп тұрды. Алаңның дәл ортасына қойылған алтыбақанда округ жастары ән айтып, «Қаражорға» биін биледі. Қызу қанды қыз-жігіттер бір-бірімен өлең құрастырып, өздерінің суырып салма шеберлігін білдіртіп, тілдің балын тамыза айтысты. Кештің арты ақсүйек ойынына жалғасты. Нағыз драмалық қойылымды көрермен жылы қабылдады. Ауыл ақсақалы қаламгер Кеңесбек Құрманғалиев көпшілікке ақ батасын берді.
Артынша ортаға ұйғыр этномәдени бірлестігі мүшелері төл өнерлерін көрсетіп, мың бұрала билесе, славян этномәдени бірлестігі ұлттық әндерін орындады. Ал, күрд, кәріс, татар этномәдени бірлестіктері көрме ұйымдастырып, қолөнер бұйымдарын баршаға таныстырды. Жергілікті ақындар Баян Топаркеліні, Сенбек Рысбекұлы, Нұрғалым Абдулрахим өлең оқып, кештің сәнін келтірді. КазЦИК ауылының «Ақ әжелер» ансамблі де халық әндерін орындаса, Кенжежамал Ботабаева «Ақбұлақ» әнін әуелете шырқады. Халықтың қазыналы ортасын дәріптеген жергілікті ақын, жыр кешін өткізуге атсалысып жүрген Келгенбай Мамырбековтың «Болашақ» балалар мен жасөспірімдер аулалық клубына арнап шығарған әнін Қалимаш Дүйсебаева жетекшілік етіп отырған «Еламан» аулалық клубы орындады.
Әр округте өтетін «Іленің сырлы кештері» сынды жаңа бастаманы әлі де болса өрбіту, дамыту жан-жақты тыңғылықты дайындалып, ауыл арасында жүрген өнер адамдарын ұсыну округ басшылары мен сол округтің мәдениет қызметкерлеріне тікелей байланысты.
Келесі кезек бары мен бақаны қатар тұрған Боралдай кентінде өтпек. Боралдайлықтарға тек шығармашылық шабыт тілейміз.
Бағдат ЧОЙБАСОВ
|