ДІНИТАНЫМ – ҚОҒАМНЫҢ АКТУАЛДЫ ТАҚЫРЫБЫ  


    Чапай ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде аудан тұрғындары арасында еліміздің діни бірлестіктер туралы Заңын насихаттау және діни экстремизм және терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша «Діннің қоғамға әсері» тақырыбындағы кездесу өтті.
Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жарқынбеков Сұлтан Данашұлы, Алматы облысының дін істер басқармасының «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Лаура Уатханқызы, бас имам Алдажар Сейітұлы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, облыстық дін істері басқарма қызметкері, ауылдық, кенттік округ әкімдері, ішкі саясат мамандары, бөлім басшылары, мектеп директорлары тәрбие ісінің меңгерушілері, дінтану пәнінің мұғалімдері, мешіт имамдары, қоғамдық ұйым төрағалары, аудандық депутаттары және ауыл ақсақалдары мен жастары қатысты.
Семинарда деректі бейнефильм көрсетілді. «Діннің қоғамға әсері» атты семинар-кездесуді ауданымыздың ішкі саясат бөлімінің басшысы Жарқынбеков Сұлтан Данашұлы ашылуын бағдарлама мен жүргізу тәртібін таныстырып, қарастырылып жатқан мәселе өте маңызды екендігін айтып өтті.
Сөз кезегін алған Алматы облысының дін істер басқармасының «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Лаура Уатханқызы «Діни экстремизм және терроризм ел тыныштығын күзетпейді» атты баяндамасын оқып, өз ойын ортаға салды.
Жарыссөзде сөз алған ауданымыздың бас имамы Алдажар Сейітұлы «Имандылыққа тәрбиелеу арқылы мемлекет бірлігін сақтау» атты баяндамасында соңғы кезде дін сұрақтары бойынша негативті тенденциялар белең алып, халық арасында дінді бұрмалап алғандығы жайлы айтты. Діни экстремизм және діни радикализмнің кеңінен тарауы, дәстүрлі емес діни ағымдардың іс-әрекетінің күшеюі жайлы, дәстүрлі дінді насихаттау маңыздылығын да атап өтті. «Адам және қоғам» ұйымының өкілі тарих ғылымдарының магистрі Даңғылбаева Салтанат Мухамедрахимовна «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселеріндегі қоғамдық ұйымдардың рөлі» атты баяндамасын оқыса, №10 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Әділбекова Алтын Тортайқызы «Тәрбие бастауы – дін» атты баяндамасын оқып, қазіргі уақытта діни экстремизмнің және діни терроризмнің алдын алу шараларында мектептегі беретін тәрбиенің маңыздылығына тоқталды.
Аудандық ардагерлер қоғамдық ұйымының төрағасы Исаев Әмзе Әлдибекұлы сөз алып, жиналған қауымды дәстүрлі дінімізді тек мемлекет тарапынан ғана емес, қоғам болып, насихат жұмыстарын жүргізіп қолдауға шақырды.
Артынша жиналысқа қатысушылармен сұрақ-жауап жүргізіліп, ауқымды ұсыныстар түсті. Атап айтсақ, Алматы облысы Дін істер басқармасының «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірлесе отырып, халықтар арасында сауалнамалар жүргізіп, теолог мамандардың қатысуымен кездесулер өткізудің жаңа формаларын қарастыру. Сонымен қатар діни экстремизм мен діни терроризмнің алдын алу мақсатында діни бірлестіктердің ғимараттары алдында сатылатын кітаптардың сапасы мен арнайы сараптамадан өткендігін бақылап отыру қажет.
Бұл ұсыныстарды ауданымыздың идеология саласының мамандары белсенді түрде іске асыратын болады.
Жарыссөз талқыланып, ұсыныстар қабылданды.