БАСТЫ

 
 
 

ҰРПАҒЫҢ ҰРАНДАТЫП, ДАҢҚЫҢДЫ ӨШІРМЕС

11.05.2017

 

       9 мамыр - Жеңіс күніне орай Өтеген батыр кенті орталық саябағындағы «Үш буын» ескерткішінің алдында мерекелік шара өтті. Жиынға соғыс ардагерлері және мемлекеттік органдар мен әскери бөлімдердің, құқық қорғау органдарының өкілдері және кент тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Қ.Медеуов ардагерлерді мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде: - Жеңіс күні туған елдің тәуелсіздігі мен бейбітшілік үшін жанын қиған боздақтарымызды еске алатын күн. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс қаншама жанның жүрегіне жазылмастай жара салды. Бүгінгі бірқалыпты тыныш өміріміз майданда қанын төккен аталарымыздың арқасында қалыптасты. Ұлы Жеңіске жетуге соғыста жаужүрек жауынгерлер бабаларымызбен, тылдағы отандастарымыздың еңбегі ерлікке тең Олар - Отан үшін от кешті, қасық қаны қалғанша шайқасты, ұрпақ болашағы үшін күресті. Ардагерлеріміздің ерлігі мәңгі ұмытылмайды, - деді.
      Бұдан соң жиналғандар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. «Үш буын» ескерткіші алдында мемлекеттік мекемелер, аудандық мәслихат, білім және мәдениет саласының қызметкерлері, аудандық ақсақалдар Кеңесі, қоғамдық ұйымдардың өкілдері салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды. Жұртшылық ардагерлермен бірге суретке түсті.
      Фашистік басқыншыларға тойтарыс беруге көтерілген Кеңес Одағы қарулы күштерінің құрамында соғыс жылдары барлығы 35 миллион адам болса, бұлардың 1 миллион 366 мыңы қазақстандық болатын. Жетісу өңірінен қаншама жауынгер қатысқаны белгісіз. Дәл бүгінгі уақытта Алматы облысы бойынша көзі тірі сұрапыл соғыстың мұрасындай 190 ардагер болса, соның 23-і біздің ауданда тұрады. Жеңіс күнін ұлықтап жатқан Өтеген батыр кенті бойынша төртеу. Атап айтсақ, Т.Толғанбаев, В.Заец, А.Крутских, Н.Лецкевич. ілелік әке-ағаларымыздың қайсарлығы мен қаһармандығы, Отанға деген сүйіспеншілігі аса қатыгез соғыста жеңіске жол ашты. Біз әрқашанда Жеңіс күнін аға буынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі екені сөзсіз. Отанымыздың тарихында алтын әріптермен жазылған бүгінгі қастерлі күні біз соғыста еліміз үшін қыршын өмірлерін қиып, елге оралмаған боздақтарды еске алып, олардың өшпес рухтарына тағзым ету әр азаматтың борышына айналды.
Салтанатты шараға қатысып, арнайы сөз алған соғыс ардагері Т.Толғанбаев:
- Құрметті жерлестер! Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жаратушымыз елімізге тыныштық, ел басқарып жүрген азаматтарымызға күш-қуат берсін. Енді біз көрген соғысты біздің ұрпаққа бермесін. Елімізде әрдайым тыныштық, молшылық болсын. Мына мереке сайын ел басқарып отырған азаматтар ескерусіз қалдырмайды. Оларға алғысым шексіз, - деді.
       Жеңіс күнін тойлау орталық алаңда жалғасты. Онда аудан көркемөнерпаздары дайындаған соғыстағы жауынгерлер мен ержүрек қаһармандардың ерлігін сипаттайтын патриоттық әндер шырқалды, би биленді. Мерекелік думан аяқталысымен ардагерлерге аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен мерекелік дастархан жайылып, ерекше сый-құрмет көрсетілді. Мерекелік дастархан басында балалық шағы сұрапыл соғыспен сабақтасып, сол жылдардың қиын кезеңдерінен әңгіме өрбіткен ардагерлер өткен күннен сыр шертті.