Жеңіс күні қарсаңында аудан әкімі Қ. Медеуов, аудандық мәслихат хатшысы Р.Абилова және Энергетический ауылдық округі әкімінің орынбасары Қ.Сарсенбаева Өтеген батыр кентіндегі тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйінде болды.
Құттықтаушы топ алдымен соғыс ардагері А.Калугинаның үйінде болып, әжемізге құттықтау хатпен бірге себет толы тәтті тағамдарды табыстады. Дәл осындай мақсатта Т. Толғанбаев, В. М. Заец, Н.Ф. Лецкевич ақсақалдардың үйлерінде болып, ардагерлерге ұзақ өмір тіледі, олардың әңгімелерін тыңдады. Жасы тоқсаннан асқан майдангер қарттар әлі тың көрінеді. Соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, реті келгенде астарлы әзілмен қонақтарын қағытып отырды. Өз кезектерінде ардагерлер де ризашылықтарын білдіріп, жылы қабақпен танытты.
Аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы «Сіздердің жасаған ерліктеріңіз естен ешқашан кетпейтін тарихтың ең үзік тұстары ғой. Сіздер қатарлас азаматтардың өмірде көрмеген қиындығы жоқ. Алдымен аштық, одан кейін репрессия мен Ұлы Отан соғысы сияқты сұрапыл жылдармен іркес-тіркес келді. Бұл тәуелсіздіктің таңы сіздердің ерліктеріңіз бен ерен еңбектеріңіздің арқасында келді. Менің де сіздер сияқты ақ жаулықты анам бар. Оған әлі күнге дейін еркелеймін. Сіздер тұрғанда біз ғұмыр бойы бала болып қаламыз ғой. Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Сіздердің отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін», - деді.
Сондай-ақ, олардың тұрмыстық жағдайымен танысып, дәрігерлердің оларға қандай қызмет көрсететінін сұрады. Коммуналдық төлемдердің ардагерлер үшін ақысыз екендігін айтып, басқа да мәселелер бойынша округ мамандарына нақты тапсырма берді.

|