Адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратын жандар – дәрігерлер. Кез-келген науқастың көңіл-күйіне, ем алуына аса ұқыптылықпен қарауда ақ халатты абзал жандарға тән қасиет. Өзі қарайтын науқастың денсаулығын бәрінен де маңызды санап, бірде дереу ота жасап, бар өнерін салып, адам жанына араша түсіп жатады. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, өзімізше емделуге тырысамыз. Бірақ, кейін бәрібір ем іздеп дәрігерге барамыз. Жанымыз қиналып, еш нәтиже шықпаған соң, амалсыздан басымызды ұстап алдарына барамыз.
Аурухананың күнделікті күйкі тірлігі, үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға жасайтын ем-шаралар жүктеген ауыртпалықтарға қарамастан, олардың жымиып жүретініне қайран қаласың. Сірә, «Гиппократ» антын қабылдап, оны жұмысына серік еткен сабырлы да салмақты ұстанымдары болар. Үстіне киген ақ халаттарынан жүректері таза, пейілдері ашық, көңілдері кіршіксіз екеніне көзіңді жеткізгендей.Сондай ақ халатты абзал жанның бірі арамызда жүр. Өтеген батыр кентінде тұратын келінім Гүлзат Кадирова осыдан біраз уақыт бұрын қатерлі дертке дауа іздеп, аудандық орталық аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі, терапевт-дәрігер - Байгутанова Меруерт Талғатқызына кездесіп қаралады. Қысылғанда көмек көрсетіп, қолынан келгенше ауру-сырқаудан айығуға себепкер болған жанның бірі - Меруерт Талғатқызына шын жүректен ризалығымды білдіремін.
«Тыным таппай, науқас жанының шипагері болатын медбикелердің істері ерлік емей немене?! Жалпы, адам өмірінің арашашысы, халық денсаулығының қамқоршысы болған ақ халатты абзал жандардың қай-қайсының да еңбегі адал, қызметі қадірлі» - дейді еміне шипа алып, құлан таза айыққан Гүлзат Қадирова.Сондықтан Байгутанова Меруерт Талғатқызы жетекшілік етіп отырған Өтеген батыр кентіндегі орталық аурухананың терапевт бөліміне алғысым шексіз.
|