Главная -  ОТЧЕТ акима Илийского района

 
 
 
АУДАНДА «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖӘНЕ ЖАРНАМА» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ 11.02.2016

Алматы облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы (бұдан әрі - Басқарма) «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе отырып мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуда маңызды рөл атқаратын көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін заң талаптарына сәйкес біріздендіру, үйлестіру және қоғамдық бақылауды күшейту, осы шараға облыс, аудан, қала жұртшылығын кеңінен жұмылдыру мақсатында 2016 жылдың ақпан, маусым айларында «Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясын өткізеді. Акция жоғарыдағы аталған уақыт аралығында Іле ауданында да басталды.
Акция барысында аудан бойынша деректемелер мен көрнекі ақпараттарды, жарнамаларды Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 19, 21-баптарына және «Жарнама туралы» Заңның талаптарына сәйкестендіру, көрнекі ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдегі мәтіндердің грамматикалық және стилистикалық қателерін түзету, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз ету мақсатында рейдтік тексерулер жүргізу ұйымдастырылады. Акцияға кез- келген аудан тұрғыны көшелердегі жарнамалар мен маңдайша жазулар, көрнекіліктердің барлық түрінің қателіктерін фотоға түсіріп, тиісті мекен-жайға жолдап өз үлестерін қоса алады.
Акцияны өткізу тәртібі 2 кезеңнен тұрады:
І-кезең (ақпан, маусым) - округ әкімдіктерінің жанынан құрылған «Тіл сақшылары», «Тіл қорғандары» топтары зерделеу жүргізіп, тиісті заң талаптарының бұзылу фактілері анықталған жағдайда оны міндетті түрде суретке түсіреді және Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан әзірленген жадынаманы тарату негізінде олардың түзетілуіне ықпал ету шараларын ұйымдастырады, әдістемелік көмек көрсетеді.
ІІ-кезең (маусым, қараша) - арнайы топтар өз аумақтарындағы анықталған кемшіліктердің түзетілуін бақылайды. Осы бағытта рейдтік тексерулер ұйымдастырып, анықталған кемшіліктердің нәтижесі бойынша жұмыс жүргізеді.
Атқарылған жұмыстарға талдау жүргізу үшін облыста, ауданда сараптау тобы құрылады және барлық материалдар [email protected] электрондық мекен-жайы бойынша суреттерімен қоса қабылданады.
Ауылдық округ әкімдігі ғимаратының 1-қабатына акцияға арналып жәшік қойылады. Оған халық арасынан көрнекі ақпараттар мен жарнамалардағы заң бұзушылықтарға бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар өздерінің түсірген суреттерін орналасқан мекен-жайын көрсетіп, аты-жөнін, байланыс телефонын көрсете отырып салуына болады.
Сондай-ақ анықталған кемшіліктерді мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жазбаша немесе 8 (72752) 2-21-38 телефон арқылы хабарлап айтуға болады.
Сараптау тобы аудан, қалалардағы топтардың жұмысын жан-жақты талдай отырып, жеңімпаздарды анықтайды және тіл мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын жиында марапаттау шараларын ұйымдастырады. Сонымен қатар, акция барысында белсенділік танытқан тұрғындар да арнайы марапатқа ие болады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, еліміздің ертеңі, тіліміздің мәртебесі үшін барлығымыз жұдырықтай жұмылып жұмыс атқарамыз деген үміттеміз. Жанымызды жаралаған жарнамалардан бірге арылайық!