БАСТЫ

 
 
 

САНАМЫЗДЫҢ БОДАНДЫҒЫНАН АРЫЛСАҚ...

11.01.2017

 

Мәселе Қонаев ағамыздың алынуында ма?

Өткен жылдың соңғы айында Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы салтанатты жағдайда әрі кең көлемде аталып өтілді. Маңызы зор мағыналы осы мерекеміз өткен соң  «Біз осы Тәуелсіздіктің нақты мән-мағынасын терең түсінеміз бе?» - деген сұрақ жиі мазалап, түн ұйқымды бұзатындығы еш қоспасыз шындық. Жыл сайын «Тәуелсіздік күні» деп 16-17-желтоқсанға қарсы газеттерде бір-жар мақалалар жарық көріп, алаңдарда концерт беріліп, ән шырқалып, би биленеді. Әрі кетсе, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, екі-үш «желтоқсаншы» естеліктерін айтудан аспайды. Билік өкілдері: «Қонаев ағамыздың ел басшылығынан алынуы жастардың ашу-ызасын тудырды» деп, Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асанованың есімдерін «тәуелсіздік құрбаны» атаудан аса алмайды. «Тәуелсіздік күні» ең қасиетті, ұлы мерекеміз болуы тиіс!

Алайда, барлық мәселе Москва өкілдерінің Алматыға келіп, партия ОК-нің бар-жоғы он алты минуттық Пленумын ашып, Қонаев ағамыздан Республика басшылығы тізгінін тартып алуында ғана ма?

Ол - салдары ғана.

Жоқ, жоқ. Қатты қателесесіз! Жастарымызды ашындырып, ұлттық намыстарын қайрақша қайраған нәрсе - ағамыздың орнынан алынуы емес. Ол – тек салдары ғана. Салдарды тудырған себептер тереңде жатыр. Екі ғасыр бойы патшалық Ресейдің қазақтың сулы, нулы жерлеріне жыландай жылжып, мысықтабандап келіп жәйлана қоныстануынан, жер-жерлерде орыстың бекіністерін орнатып, станицаларын салып, орыс мұжықтарын шұрайлы жерлерге қоныстандырудан басталған. «Бейбіт түрде» жаулап алудан өрістеген қитұрқы саясат бірте-бірте зорлық-зомбылыққа, көрнеу тізе батыруға ұласты. Артында «ұлы патшасы» қорған болып, «бұратана халықты» жаулап алуда аяушылық болмасын» деген жасырын Жарлық шығарып қойса, «самогон» аталған атау-кересін ішіп есірген, сапсиған сақалдары махоркадан сарала-сарала болып сасыған орыс мұжықтары кімді аясын? Қазақтың ата-қонысын тартып алып қана қоймай, қыз-келіншектеріне қырғидай тиіп, зорлап, қарсы келгендерді мылтықтарымен аң атқандай атып тастаған қорлықты бастан өткерген жоқ па қазақ? Жер-жерде крестері қоқиған шіркеулер салып, күштеп шоқындырып, өз дінінен айырып, христиан дініне енгізген «орыстандыру» саясатын да қазақ басынан кешті. Мұндай зорлыққа шыдамай, азаматтар бас көтерген 1930-жылдардағы «Адай көтерілісі», Сырым Датов, Бекболат батыр бастаған бас көтеру, «орыстың окобын қазып, оққағары болғанша, өз жерімізді қорғап, шейіт болғанымыз артық» деп, 1916-жылдары қолға қару алған Амангелді Имановтың, Атырау алабындағы Исатай-Махамбет батырлар көтерілістерінің бәрі-бәрі орыстың озбырлығынан туындамап па еді?

Күштеп, еріктен тыс «кедейді баймен теңестіріп, «әділдік» орнатамыз» деп алдаусыратып, қазақты бірі-біріне жау етіп, мылтық кезендіру арқылы орнаған кешегі Совет Одағы не берді? Тілімізден, дінімізден, ділімізден айырып, «жеткізген еркіндік, теңдікке» көп алғыс айтамыз «ұлы орыс» халқына» деп бәрімізді бұлбұлша сайратты. Төрт миллионнан астам қазақты қынадай қырған Голощекин зұлымның «аштық геноцидін» Москваның қазақтың тұқымын тұздай құртуға бағытталған сайқал саясаты екендігін кейіннен білдік емес пе? Ахмет, Сәкен, Бейімбет, Міржақып сияқты ұлт қаймақтарының көзін жойды, қудалады. Қазақ мектептерін жауып, орыстандыру саясаты «орысша білмеген нан тауып жей алмайды» деген қағидаға жеткізді. Қазақтың Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов сияқты қаншама апайтөс балуан, гүрзі жұдырықты батырларымыз, Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов сынды желаяқтарымыз әлемдік додалардан шетқақпай қалып, қазақ болғаны үшін өз ұлтын әлемдік спорт аренасында көрсете алмай қорланды.

Осындай 70 жыл бойғы әділетсіздік пен кемсітушіліктің соңы 1986-жылғы Қазақстан Республикасын ұзақ жылдар біліктілікпен, білімділікпен басқарып, қарапайым халықтың сүйіктісіне, сүйіктісі ғана емес, көсеміне айналған Дінмұхамбет Қонаев ағамыздың ел басқару қызметінен еш себепсіз шеттетіліп, елді-жерді білмейтін, қазақ топырағын басып та көрмеген «қанғып келген шөрегей» - Геннадий Колбиннің қазақ елін басқаруға тағайындалуына ұласты. Бұл - әбден пісіп, жетіліп, аузы шығуға шақ тұрған шиқанның жарылуы сияқты, студент, жұмысшы, жастарымыздың ұлттық намысын қоздырып, Алматыдағы Республика алаңына шығарған еді. Онда да бұзақылықпен емес, салиқалы, бейбіт түрде: «Ел басшылығына елдің өз азаматы сайлансын!», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!» деген ұрандармен көшеге шықты. Міне, «Желтоқсан көтерілісінің» себеп-салдары осылар...

Фактілер не дейді?

«Желтоқсан көтерілісінен кейін, 1986 жылы 18 желтоқсанда Алматыға СОКП жанындағы партиялық бақылау комитетінің төрағасы М.Соломенцов келді. Оның Алматыға сапарының нәтижелері жөніндегі есебі СОКП ОК Саяси Бюросының мәжілісінде тыңдалды. Онда былай делінді: «Болып өткен жиналыстарда партия мүшелері Алматыда орын алған ұлтшылдық көріністерді өткір айыптауды және олардың арандатушыларын жазалуды талап етуде». («Казахстанская правда» газетінің 1986 жылғы 27 желтоқсанындағы саны).

Республикалық және орталық баспасөз беттерінде 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғаға байланысты көптеген материал жарық көрді. Мәселен, 1987 жылғы 8 қаңтарда «Казахстанская правда» газетінде Г.Дильдяев пен А.Петрушовтың «Тағы да ескі байланыстар туралы» атты мақаласы шықты. Онда Алматының көптеген жоғары оқу орындарында, әсіресе, ҚАЗМУ-де негізінен республиканың оңтүстік облыстарынан шыққандардың оқитыны айтылған.

«Обкомның бірінші хатшысы В.Локотунин облыстық партия комитетінің 1987 жылы 11 қарашада өткен Пленумында СОКП-ның барлық ұлттық саясатын облыстың басшы органдарындағы ұлтшылдықтың сандық қатынасына әкеліп тіреді. Оның баяндамасында «қазақтар ешқандай еңбегі сіңбестен-ақ басымдық алуда» деген ой өзек болып өріліп отырды. Ол Пленумда былай деп мәлімдеді: «Неғұрлым көкейкесті мәселелердің өзектісі - неміс тілін ана тіліндей оқып үйрену, оқыту сапасын жақсарту міндеті». Солай дей тұра, ол қазақ тілін оқыту мәселелері туралы жұмған аузын ашқан жоқ».

«Желтоқсан оқиғасынан кейін Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарында ұлты қазақ студенттерді қуғындау басталды. Университеттің бірінші проректорынан бастап, декандарға дейін орындарынан ауыстырылды.

Қарағанды КСРО ІІМ жоғары мектебінде 1985-1990 жылдар аралығында 33 оқытушы жұмыстан кетіп, кейбірі басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылса, солардың 79 пайызы жергілікті ұлт өкілдері еді. Олардың арасында 29-ның ғылыми дәрежесі болды. Солардың бірі - белгілі философ, доцент Нәби Елікбаев жазықсыз қуғындалып, жәбір көрді». («Заң газеті», №192, 16 желтоқсан 2009 жыл).

Желтоқсандағы саяси наразылықты билікке төнген қауіп деп ұғып, «тек менікі жөн» деп, шексіз билікке үйреніп қалған Москва Колбинге шерушілерді қарулы күшпен басуға бұйрық берді. «Құйын» операциясы жарияланып, алаңға 15 бронетранспортер, 11 өрт машиналары кіргізіліп, саперлік күректермен, темір арматура, келдекпен қаруланған жасақшылар, беттеріне қалқандарын жапқан әскерилер, мұздай қаруланған шекара, КГБ, МВД училищелерінің курсанттары бейбіт шерушілерді ұрып, соғып, алаңды қан сасытты.

Партия басшылары өздерінің заңсыз іс-әрекеттерін жаймашуақтау үшін шерушілерді «маскүнемдер», «нашақорлар» деп, тіпті «қазақ ұлтшылдары» деген ауыр айып тақты.

Осындай қорлық, мазаққа шыдамаған шерушілер де ыза, кекке булығып, қарулы күшке қарсылық көрсеткен еді. Нәтижесінде, екі жақтан да жарақат алушылар саны 768 адамға жетіп, 540 адам аурухана, госпитальдарға жатқызылды. КГБ, МВД мен ішкі әскери күштерінен мұздай қаруланған барлығы 3200 офицер, солдаттар мен курсанттар қарусыз жұмысшы, студент-жастардың жанын қойсын ба, саяси акцияға шыққандардың әрекеті айуандықпен басылып, жаншылды. Республика алаңы қызыл қанға боялып, жазалау операциялары Алматы ғана емес, наразылық шеруге шыққан өзіміздің Талдықорған, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Арқалық пен Павлодар, тағы басқа қалаларда аяусыздықпен жүргізілді. Артынша жаппай, қудалау, тінту, тұтқындау мен жазалау басталды. ІІМ-нің ақпараты бойынша ұсталғандардың саны 2336 болса, КГБ бойынша 2212, ал прокуратураның есебінде тұтқындалғандар саны 2401 адам екен. Нақты санын бір құдайым ғана білетін шығар. Жүрекпен емес, бұйрықпен ғана жұмыс жасап үйренген қатыгез «роботтар» ақ-қарасын айырмай, жазалау операцияларында «шаш ал десе, бас алды».

«18 желтоқсан 11 сағат 50 минут. Ауруханаға ауыр жарақатпен телевизиялық орталықтың қызметкері, қоршауға қатысқан С.Савицкий түсіп, 19 желтоқсанда көз жұмды.

«20 сағат 20 минут. Ауруханаға энергетикалық институттың студенті Ербол Сыпатаев бас сүйегінің ауыр жарақатымен түсті. 23 желтоқсанда о дүниеге аттанды». (Алматы қалалық аурухананың анықтамасынан).

Өмірлеріне төнген қауіп-қатерден сескенбей, Желтоқсан шындығын мұрағаттардан алып, жоғарыдағы фактілерді келтіре отырып, кітап етіп шығарып, елдің көзін ашып, шындықты шырылдата жазып отырған, күрескерлер, ұлт патриоттары, ақын, жазушы Мұхтар Шаханов ағамыз бен Талғат Айтбай бауырымызға мың сан алғыс!

Савицкийдің өліміне кінәсі «дәлелденген» студент Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесіліп, артынан ол үкім 20 жыл түрмеде отырумен алмастырылған. Соншалықты азап, қинауды көрсе де сағы сынбай, қайсарлық танытқан Қ.Рысқұлбековтың:

Қазақ деген затым бар,

Қайрат деген атым бар.

Еркек тоқты құрбандық,

Атам десең, атыңдар! - деп, ұлт намысы үшін өлімге бас тіккен ұлтжандылығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып, ғасырдан-ғасырға жетері хақ. Ату жазасы үкімін оқығанда да қыңқ демеген ер Қайраттың түрмеде «өзі асылып өлді» дегенге кім сене қойсын...

Өмірге талпынып, жаңа гүл ашып келе жатқан қызғалдақтарымыз: Алматы музыка училищесінің студенті 16 жасар Ләззат Асанова мен Өскемен педагогикалық училищесінің студенті, бала кезден: «Ұстаз болсам» деп армандап, сол арманына жете алмай, қыршын кеткен Сәбира Мұхамеджанованың ажалына тікелей себепші болған коммунистік партияны қалай ғана қазақ халқының қамқоршысы дей аламыз. Зорланып, қорланған соң, тыржалаңаш көк мұзға отырғызылып, өмірбақи ана атану бақытынан айрылған қыздарымыз, тепкіленіп, басынан алған соққылардан күні бүгінге шейін аурухана босағасын бермей жүрген боздақтар - жігіттеріміз қаншама!

Санамыз әлі бодандық қамытында...

Заң жүзінде тәуелсіздік алғанымызбен, сансыраған Советтің қитұрқы саясатымен сарсылып, санамыздың әлі күнге шейін бодандық қамытында екендігін несіне жауып, жасырамыз? Тәуелсіздіктің ең бірінше белгісі - тірегі - мемлекеттік тіл емес пе?! Жаулап алушы - орыстың тілін көкке көтеріп, өз ана тілін таптап, әке баласымен, әжесі немересімен орыс тілінде шүлдірлесетін жағдайларды, әсіресе, қала тұрғындары арасынан көріп жүрміз. Тіл мәселесі көтеріле қалса, «бұл орыс тілділерге қысым» деп шырылдап шыға келетін орыстарды көріп жүрміз. Тіпті, орыстан бұрын ұлардай шулайтын «шалақазақ» деген тобырдың бар екендігі шындық. Бұл жерде орысқа, оның тіліне деген менің еш жаулығым жоқ. Тек орыс, кәріс, неміс болсын өздері өніп-өсіп, нанын жеп, суын ішіп отырған елдің, жердің иесі - қазақты, оның мемлекеттік тілін сыйласа, үйренсе деймін ғой. Әйтпесе, өмірбақи Қазақстанда тұрып жатқан этнос өкілдерінің қазақша «сәлеметсіз бе» деген сөзді аузына алмауы «қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлыйды» деген мәтелді еріксіз ойға салады. Сол сананың улануы, рухымыздың төмендеуі емес пе, ұрпақтарымыздың «Иегово», «Кришна», «Бхай» - тықай сияқты дінсымақ ағымдарға кіріп, ислам дінінің өзін қырық жікке бөліп, іштей іріп, бөлшектенуге айналғанымыз. «Үлкендерім сөз айтса - бас изеймін шыбындап, кішілерім сөз айтса - шала ұғамын қырындап» деп Ұлы Абай атамыз айтқандай, өз пікір-ойымызды ашық айтудан қорқатын жалтақ, әлдекімдерге жалпақтап тұратын құлдық психологиямыздан арылатын күн туар ма екен? Патшалық Ресей мен Кеңес заманы қитұрқылықпен жүргізген жүзге, руға бөлінген алауыздықтан арылар күн бар ма, сірә?!

«Тәуелсіздік» атты киелі, қасиетті де, ұлы ұғымды тәрк етпей, санамызға берік орнығып қалған бодандықтан құтылайық! Тәуелсіздігіме бас ие отырып, мақаламды «Рухым сенсің, Желтоқсан» атты өлеңімнен үзінді үш шумақпен аяқтамақпын:

Ұмытқан жоқ кәрі тарих Желтоқсанды,

Сол таңда әділдікті ел  тосқан-ды.

Компартия - дүлей күш дауылынан,

Қайратым, Ләззат - гүлім жер жастанды.

Желтоқсанның көк мұзында болған алау,

Ерболым мен Сәбирам маздап тұр-ау.

Тәуелсіздік Туы боп  желбірейді,

Қазағымды паш етіп әлемге мынау.

Сол туды нық ұстаңдар, ей жастарым,

Сенемін: бұдан жарқын атар таңым.

Рухына бас иейік ерлерімнің,

Тәуелсіздік таңы үшін қиған жанын!