Әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс. Ежелгі қазақ жерінде тәуелсіздік таңының елең-алаңында, яғни 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған-ды. 1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай айқын жазылып, конституциялық шешім жасалды. Осыдан екі жыл кейін қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тілі» деп тағы да атап көрсетіліп, оны барша азаматтардың еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар жасалатындығы айтылған болатын. Үкімет осы Заңның жүзеге асуы жөнінде көптеген қаулы-қарарлар алды. Тілдердің қолданыс аясын кеңейту бағытында арнайы мемлекеттік бағдарламалар жасалды.
Тіл – сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы болумен қатар, өткендегі олжаларды бүгінгі күнге, ал бүгінгі пайымдарымызды келешекке жеткізу үрдісінде де өте маңызды дәнекерлік міндет атқарып келеді. Қабырғалы ел ата-бабадан мұра болып қалған және қазіргі уақытта жаңа синтезге, жаңа бейнеге, жаңа кейіптерге айналып үлгерген біртұтас зерделі, аңсар-мұратты, ғылыми жетістіктер мен байлықтарды игере алатын құдіретті тіл арқылы ғана мәңгілік тұрақтылығын сақтай алады. Себебі, халық қай деңгейде тілдің бай қоры мен көркемділігін сақтап сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі ойлайды; қай деңгейде ойласа, сол аяда сөйлейді.
Әрбір жүрегі елім деп соққан адамның өзінің халқына, тіліне деген ерекше сезімі болатыны сөзсіз. Ұлттық санасы ояу ғана адамның өз елінің шын жанашыры екені белгілі. Халқымыздың халықтығының басты белгісі – тілі болса, оның көркеюі үшін әлі де талай жұмыстар жасалуы қажет. Осығын орай Әділет басқармасында да мемлекеттік тіл қазақ тіліміздің дамуына өркендеуіне ерекше назар аударылған. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында қызметкерлер арасында семинар кеңестер, дөңгелек үстелдер өткізіліп отырады. Біздің ана–тіліміздің тұғырының мықты болуы әрбір қазақстандықтардың міндеті.
|