Aқпараттық жүйелерді аттестациядан өткізу жоспарланды
 
   Орталық коммуникациялар қызметінде Үкімет отырысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова мен Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Әлиақпар Матишев қатысып, отырыста талқыланған мәселелер жөнінде әңгімелеп, журналистердің сұрағына жауап берді.
Сонымен, Үкімет отырысында алдымен зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері талқыланып, екінші кезекте әлеуметтік саладағы нысандарда халық денсаулығы мен өміріне санитарлық-эпидемиологиялық қауіп-қатерлерді азайту бойынша шаралар қаралыпты. Әділет министрі орынбасарының айтуына қарағанда, сандық ортадағы қарақшылықты азайту мақсатында Байланыс және ақпарат агенттігі үстіміздегі жылдың шілдесінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау бойынша екі жылдық іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітіпті. Жоспар авторлық құқықтарды бұзатын интернет-ресурстарды бақылау, құқықты түсіндіру жұмыстарына бағытталған 15 іс-шарадан тұрады екен.
Сондай-ақ, лицензиялық емес бағдарламалық өнімдерді пайдалануға, бұқаралық ақпарат құралдарына да жарнамалық модульдер мен әлеуметтік жарнаманы тәжірибеге енгізуге, 2015 жылы бағдарламалық өнімдерді өндіретін компаниялармен өзара іс-әрекет туралы меморандумға қол қоюға қатысты мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерді аттестациядан өткізу жоспарланыпты.
Үкімет отырысында басқа да құзырлы мемлекеттік органдардың зияткерлік меншік құқықтарына байланысты қабылдаған шаралары туралы да айтылған. Толықтай алғанда, отырыс барысында зияткерлік меншікті қорғау мәселелері тек Әділет министрлігіне ғана байланысты еместігі аталып өтілген. Әсіресе, салалық министрліктер және құқық иелері өздерінің құқықтарын қорғауға белсенді түрде атсалысуы барынша маңызды екендігі назарға алынған.